«ЖҰЛДЫЗДА» ЖИҺАЗ ӨНЕРКӘСІБІ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛАДЫ

153
0

Шымкенттегі индустриялды аймақтарда бүгінге дейін 45 миллиардқа 65 жоба іске қосылып, 4,5 мыңнан аса жұмыс орны құрылған. Жергілікті билік бұл жетістікпен тоқтап қалмай 2021 жылға қарай құны 72 млрд теңгені құрайтын тағы 66 жобаны жүзеге асырып, 2,5 мыңдай жұмыс орнын ашуды жоспарлауда.

Бұл туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Үкіметтің кезекті отырысы кезінде мәлімдеді.

Жұмыс тиімділігі жағынан Шымкенттегі «Тассай» индустриялды аймағы республика бойынша 2 орыннан көрініп отыр. Жалпы аумағы 89 гектарды құрайтын ол жерде қазынаның 1 теңгесіне 38 теңге жеке инвестиция тартылған.

Үшінші мегаполисте «Тассайдан» бөлек, аумағы 337 гектарды алып жатқан «Оңтүстік» индустриялды аймағы бар екенін де айта кетейік. Онда бюджеттің 1 теңгесіне 10 теңге инвестиция тартылған. Жалпы Шымкенттегі индустриялды аймақтардың құрылысына қазынадан қаралған қаржы көлемі 8 млрд теңгені құраған. Бөлінген қаржы өзін әлдеқашан ақтап үлгерген. Яғни ондағы кәсіпорындар бүгінге дейін мемлекетке 11 млрд теңге салық құйған.

Қала басшысы Ғабидолла Рахметоллаұлы индустриялды аймақтар түрлі жобаларға толғанын, сол себепті алдағы уақытта аумағы 76 гектарды құрайтын «Жұлдыз» индустриялды аймағын құру жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді. Ол жаңадан салынатын «Жұлдызда» негізінен құрылыс, металлургия және жиһаз өнеркәсібін дамыту көзделіп отырғанын алға тартты.

Осыларды тілге тиек еткен қала әкімі индустриялық аймақтарда шағын және орта бизнес өкілдеріне қолайлы жағдай тудыру үшін төмендегідей ұсыныс білдірді.

– «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен инфрақұрылым жүйесіне 2 миллиардтан кем бюджеттік өтінімдер қабылданбайды. Бұл өз кезегінде индустриялды аймақтардың қарыштап дамуына үлкен қолбайлау болып жатыр. Осыған орай «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын қайта қарап, бюджеттік өтінімдерді 1 млрд теңгеге дейін төмендетуге ықпал етуді сұраймыз. Бұдан бөлек индустриялды аймақтарда энергия қолданушы кәсіпорындардың тарифтерін субсидиялау мүмкіндігіне де мән беруді айтқым келеді. Сонымен қатар, республикадағы фармацевтика өнімдерінің 44 пайызы Шымкентте өндірілетінін ескере отырып, экономикалық қызмет түріне фармацевтика өнеркәсібін енгізу жөнінде ұсыныс білдіремін, — деді.

«Уақыт».