Жалақысы аз, үйі жоқ, журналист қайтіп күн көрер?

461
0

Жылдың 365 күнінде талай тақырыпты қаузаса да, биік мінберден өз бағасын алмай келе жатқандардың бірі – журналистер. Биліктің биік дәлізінде жүргендер кәсіби мереке қарсаңында журналистерді азын-аулақ сый-құрмет, алғыс хатпен алдарқатып қоятыны болмаса, заңдық тұрғыдан қорғалмақ түгілі, әлеуметтік мәселесі шешілген емес. Білетіндер бұл мәселенің сонау Шереғаңдар тұсында да қаузалғанын айтады. «Біздің қоғамда журналистер қауымы «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» қаранардың күйін кешіп келеді, әлеуметтік қолдау керек, пәтер керек!», –  деп жоғары жаққа талай мәрте үшбу хат жолдаған екен. Содан бері жоғары мінберде талай шенеунік орын ауыстырды. Бірақ қатқан тоң әлі жібіген жоқ.

Журналистер әлеуметтік қолдауға зәру, тіпті, құқықтық қорғауды қажетсінетіні айтудай-ақ айтылды, жазылды, тасқа да басылды. «Төртінші билік» деп құр желпіндіріп қойғаны болмаса, журналист қауымы кім? Не мемлекеттік қызметкерлерге, не бюджеттік қызметкерлерге жатпайды. Әлеуметтік мәртебесі жоқ. Бірде-бір мемлекеттік бағдарламаға ілікпейді. Құдды бір тоқалдан туған секілді.
Обалы нешік, қалам ұстаушы қауымның жайын айтатындар жоқ емес, бар. Журналистердің мәртебесі мемлекеттік қызметкерлермен теңестірілсе, «Бұқаралық ақпарат құралдарын мемлекеттік қолдау туралы» немесе «Журналистерді қорғау» туралы арнайы заң керек деген өтініш-тілек Үкіметке сан рет жолданды. Шешілген ештеңе жоқ. «Расымен де осы…» деп ойланып қалады. Артынша, «қарап жатырмыз» деген қызыл ала мөр басылған бір парақ жауап қағаздар келеді.
Кезінде Парламент төрінде «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң талқыланып жатқан тұста, сол кездегі Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан «Журналистика – қадір-қасиеті мол сала. Алайда сол журналистика адамның күн көруіне жағдай жасай алмай отыр. Қазақ журналистерінің қазіргі жүрген жүрістері, кейпі адам аярлықтай. Себебі журналистикамен өзін-өзі асырау өте қиын. Өмірдің талаптары өзгеріп, заманауи техникалар күн санап қырыштап барады. Ал біздің журналистеріміз қолында әлі күнге дейін дені дұрыс диктофон да жоқ. Жағдай жасалмаған. Біреулердің үйін сағалап, жалдап жүр. Жақсы басылымдардың өзіндегі журналистердің жағдайы белгілі. Баспасөздің бағасын арттыру үшін алдымен соған өмірін арнап жүрген журналистердің жағдайын жасау қажет. Олардың жалақысын өсіріп, жоғары деңгейдегі басылым тілшілерінің мәртебесін мемлекеттік қызметкерлермен теңестіру қажет. Олар кезекке тұрып үй ала алмайды.
Осыған Үкіметтің назарын аудару қажет. Үкімет әрбір журналистің әлеуметтік қамсыздандырылуын басылымдардың құрылтайшыларынан талап етуі керек деп ойлаймын. Басылымдарды ресми түрде тіркеген кезде сондай талаптар қойылуы тиіс секілді. Жағдайы келмей жүрген тілшіге «жақсы материал жаз» деп талап қою дұрыс емес», – деп ұсыныс айтқан болатын. Өкінішке қарай, талай дауға негіз болған «БАҚ туралы» құжатқа бұл ұсыныстардың ешқайсысы өткен жоқ.
Былай қарасаң, журналистен бай адам жоқ секілді. Қоғамның назарында жүрген соң, амал не, бәрі жылтырап көрінуге тырысады. Алайда жұрт сол журналистердің тұрғылықты жері болмаған соң, бала-шағасын қаңғыртып, ауылдағы ата-анасына жібергенін қайдан білсін?!.

Бүркіт НҰРАСЫЛ,
“Халық сөзі” газетінен.