ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢБЫРЛАТЫП СУАРУ ӘДІСІ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛАДЫ

178
0

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев халықаралық агроөнеркәсіп кешені саласында мамандандырылған америкалық «Valmont Industries» компаниясының басшысы Роберт Гиллен бастаған бір топ делегаттармен кездесті. Тараптар жаңбырлатып суару тәсілін  қолдануға қатысты екіжақты ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу жоспарларын талқылады.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Кездесуде механикаландырылған, жаңбырлатып суару жүйесін қолдану арқылы ауылшаруашылығы өнімдерін өсіріп баптайтын машина-трактор станциясын құру туралы айтылды. Сонымен бірге жобаға салынған инвестициялар шамамен 50 миллион долларды құрайды.

Өз кезегінде Өмірзақ Естайұлы ауылшаруашылық өндірісіне заманауи технологияларды енгізудің маңыздылығын айта келе,  «Түркістан өңірінде инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Біз әрқашан тығыз ынтымақтастыққа, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Өңіріміздің климаты ауылшаруашылық өнімдерін өсіру үшін өте қолайлы. Жаңбырлатып суару әдісін пайдалану ауылшаруашылық саласын дамытуға ықпал ететініне сенімдімін», — деді.  

Ал «Valmont Industries» компаниясының басшысы Роберт Гиллен американдық суару технологиялары өсімдік дақылдарын көбейтіп, су шығынын 50 пайызға төмендететінін атап өтті. Сонымен қатар инвестициялық жобамен таныстырған АҚШ делегациясы ауыл шаруашылығында ғана емес, энергетика, көлік, сауда-саттық, азық-түлік белдеуін қалыптастыруда бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша аймақ басшысы бірлескен жобаларды іске асыру үшін сала басшыларына жұмыс тобын құруды және жаңбырлатып суару өндірісінің құрал-саймандарын орнату үшін қажетті инфрақұрылымы бар лайықты жер телімін бөлуді тапсырды.

uakit.kz

(Сурет ашық ақпарат көздерінен алынды)