СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ФАКТІЛЕРІ ТУРАЛЫ ҚОҢЫРАУ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН КӨП ТҮСКЕН

192
0

Былтыр ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 Call-орталығына азаматтардан сыбайлас жемқорлық фактілері туралы 1 000-ға жуық қоңырау түскен. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтып берген.

Өз кезегінде ол агенттікте тәулік бойы сыбайлас жемқорлық туралы хабарламаларды қабылдайтын 1424 Call-орталығы жұмыс істейтінін, бұл жүйе Еуропа елдері мен АҚШ-тың озық тәжірибесіне негізделгенін атап өткен. Оның айтуынша былтыр агенттік сыбайлас жемқорлық фактілері туралы 1 000-ға жуық қоңырау тіркеген. Бүгінгі таңда расталған фактілер бойынша 66 қылмыстық іс қаралуда екен. Ал 18 іс сотқа жолданған.

Сұхбатта төраға агенттіке түскен қоңыраулар мен тергеліп жатқан істердің екі есе артқанын тілге тиек етеді. Және де мұны азаматтардың агенттік қызметіне сенімінің артқандығымен байланыстырған. Сонымен қатар, Алик Жатқамбайұлы агенттікке тіркелген қоңыраулардың 148-і Түркістан, 137-сі Алматы облыстарынан түскенін мәлімдеген. Ал Алматы қаласынан – 112, Шымкенттен – 84, Нұр-Сұлтаннан – 76 қоңырау түскен екен.

Call-орталығына түскен шағымдар негізінде соттарда қаралған қылмыстық істер бойынша 9 азаматқа 1,5 млн. теңге (126 250-ден 176 750 теңгеге дейін) мөлшерінде сыйақы берілген. Бұл туралы Алик Шпекбаев «Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласында және Түркістан облысында – 2, Шымкент қаласында, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 1 сыйақыдан төленді. Жалпы алғанда, 2019 жылы сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлаған 214 адамға 31 811 080 теңге көлемінде сыйақы берілді. Біз Call-орталығының жұмысын одан әрі жетілдіру мақсатында оны техникалық және бағдарламалық қайта жабдықтау, оның ішінде мобильді қосымша және орталыққа хабарламаларды әлеуметтік желілер арқылы жолдау, сондай-ақ операторларды бағалау жүйесін енгізу мүмкіндігін пысықтаудамыз»,- деген.

 «Уақыт» газеті.