ҚОРДАЙДАҒЫ ЖАНЖАЛ БОЙЫНША БІРНЕШЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

144
0

Кеше кешке Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. Осыған орай бүгін еліміздің Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жанжалға қатысты ОКҚ-да баспасөз мәслихатын өткізді,- деп хабарлайды uakit.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Өз кезегінде Ерлан Тұрғымбаев Қордайда орын алған жанжал туралы төмендегідей мәлімдеме жасады.

–  7-ақпанда сағат 19.00-де Жамбыл облысының Полиция департаментінің кезекші бөліміне «Қордай ауданы Масанчи ауылында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр» деген хабарлама келіп түсті. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін оқиға орнына шұғыл түрде   полиция қызметкерлері жіберілді. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратқан. Осының салдарынан басқа ауылдардан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылып кеткен. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрып, қару қолданды. 8 адам көз жұмды. 40-тан астам адам жарақат алды.

Сонымен қатар ол,  жағдайды тұрақтандыру үшін оқиға орнына ішкі істер органдарының қосымша күштері жіберілгенін айтты. Ішкі істер министрінің орынбасары мен Бас прокурордың орынбасары сол жерге барғанын, жедел тергеу тобы құрылып, адам өлімі, бұзақылық фактілері бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын, қазіргі күні жағдай тұрақты екенін жеткізді.

Бүгін  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты мәлімдеме жасады. Онда ол қоғамдық тәртіпті бұзғандар қатаң жазаға тартылатынын айтады. Мемлекет басшысының бұл туралы айтқан мәлімдемесімен мына сілтемеге өту арқылы толық таныса аласыз. https://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/akorda_other_events/memleket-basshysy-kk-tokaevtyn-zhambyl-oblysyndagy-zhagdaiga-bailanysty-malimdemesi

uakit.kz