ШЫМКЕНТТЕ КАРАНТИНДІК ОРТАЛЫҚТАР АШЫЛДЫ

243
0

Шымкентте коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін  қамтамасыз ету мақсатында қосымша карантиндік орталықтар ашылды.

Қосымша карантиндік орталықтар  Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне қарасты  №4, 5 жатақханасында дайындалды. №5 жатақхана «Нұрсәт» шағынауданында, ал  №4 жатақхана «Отырар» шағынауданында орналасқан.
Қала әкімі  Мұрат Әйтенов жатақханалардағы медициналық бекеттердің  жабдықталуы мен тұрмыстық жағдайларының мүмкіндігімен танысты.

Айта кетейік, №5 жатақхана  240 орынға  және №4 жатақханада 350 орынға лайықталған. Бұл екі жатақхана да мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында салынған. Онда тұрақтаушыларға арналып лайықты жағдай жасалған.
Карантиндік станционарға коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында басқа өңірлерден жұмыстан оралған қызметкерлер мен шетелден келген азаматтар жатқызылады.


Олар медициналық ұйымда дәрігерлердің қатаң бақылауында болып, орталық мамандары коронавирус инфекциясы бойынша жұмысшылардан  анализ сынамаларын  алады. Екі күндік медициналық бақылаудан кейін жұмысшылардың  анализ сынамалары теріс нәтиже көрсетсе, серіктестік жұмысшылары карантиндік стационардан үй карантиніне жіберіледі.

Он екі күн бойы үй карантинінде серіктестік жұмысшылары жергілікті емханадағы медицина мамандарының бақылауында болады.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова қазіргі таңда Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасынан басқа тағы 2 привизорлық орталық бар екенін айтты. Оның бірі 380 төсек орындыққа лайықталған  «Атамекен» оңалтау орталығы. Екіншісі, 170 төсек орынға  лайықталған «Мейірім» оңалту орталығы. 2-ші реабилитациялық орталықта 110 төсек орын бар
Енді бұған қос жатақхана базасында жасақталған 590 орын қосылды.
Қазіргі таңда қала бойынша 534 адам карантиндік және провизорлық орталыққа орналасқан. 670 адам үй карантинінде отыр. Барлығы қатаң дәрігерлердің бақылауына алынған.

Карантиндік орталықты көріп шыққан қала әкімі Мұрат Әйтенов індеттің таралуын алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, жоспарлы жұмыстарды барынша жүйелеуді тапсырды.