ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БОС ЖАТҚАН ЖЕРЛЕРГЕ АҒЫН СУ КЕЛЕ БАСТАДЫ

242
0

Түркістан облысы мен облыс орталығындағы ағын су тапшылығын жойып, суармалы жерлердің тиімділігін арттыру және ағын су көлемін үнемдеу бағытында ауқымды жобалар қолға алынған. «Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында облыс аумағындағы қуарған жерлерге қуат бітіп, бос жатқан жерлерге ағын су келе бастады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ағын су барған аумақтарды аралап, жергілікті шаруалармен кездесті.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Күйзелген, қуарған жер бедерін жаңарту үшін Түркістан аумағында республикалық 2 жоба іске қосылды. Сыйымдылығы 18 млн. текше метр болатын «Кеңсай Қосқорған-2 су қоймасын салу» жобасына 2 млрд. теңге қаралып, жұмыстар қарқынды түрде басталды. Жаңа жоба құны – 5,9 млрд. теңге. Сонымен қатар, «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасына 4 млрд. теңге көзделіп, бүгінгі күнге 9,6 км канал бетондалды.

Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей тапсырмасымен, жергілікті бюджет есебінен 134 тік дренажды ұңғымалардың жұмыс істеу қабілетін қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Жоба құны – 2,6 млрд.теңге. Әзірге Түркістан аумағында 40 тік дренажды ұңғыма қалпына келтірілді. Осылайша, агросаладағылардың алаңын көбейтіп, егіс алқаптарын суландыру мәселесі шешіліп келеді.

Осы тік дренаждар мен коллекторлық жүйелер толықтай қалпына келетін болса, жердің тұздану мәселесі шешіліп, топырақтың құнары бірнеше есе жоғарылайтын болады. Жылдар бойы тағаттана күткен сәт туып, ала жаздай атыз жағалаған диқанның төккен тері ақталатын болады. Аймақ басшысы жергілікті тұрғындармен жүзесіп, жауапты басшыларға тиісті нұсқаулар берді.

Өңірде «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында «Шошқакөл көлдер жүйесін дамыту» жобасы таяу күндері жүзеге аса бастайды. Одан бөлек, «Сырдария өзенінен машиналы әдіспен су беру жобасы» қолға алынып, техникалық экономикалық негіздемесі мен жобалық құжаттары әзірленуде. Нәтижесінде, аталған жобалармен Түркістан қаласы жалпы 196 млн. текше метр ағын сумен қосымша қамтылатын болады. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен 16 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 9,5 мың га алқаптың суару қабілеті жақсарады.

uakit.kz