ТҮРКІСТАН: БИЫЛ ҰБТ ТАПСЫРАТЫН ТҮЛЕКТЕР САНЫ АРТҚАН

339
0

Биыл Түркістан облысы бойынша 11-сыныпты 24658 түлек бітіреді. Олардың 18634-і Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш берген. Бұл мектеп бітіруші түлектердің 75,5 пайызын құрайды. Осылайша биыл ҰБТ тапсыруға өтініш берген түлектер саны өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға артқан.

Бұл туралы облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев мәлімдеді.

Өз кезегінде ол өңір бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу 20- маусым мен 5- шілде аралығында өтетінін айта келе, «бақ пен бап қатар сынға түсетін тест ережесі бұрынғыдай. Дегенмен әр аудиторияда тестілеуге қатысатындар саны екі есеге азаяды. Бұл коронавирус індетінен сақтану шаралары үшін жасалып отыр. Осыған орай талапкер арасында екі метрге дейінгі алшақтық сақталады»,-деді.

Жалпы биыл Түркістан облысы бойынша Ұлттық бірыңғай тест тапсыру үшін 15 пункт әзірленген. Тест өткізу пункттері дене қызуын өлшейтін құралдармен, дезинфекциялау туннельдерімен, санитарлық тазартқыштармен, респираторлық маскалармен, қолғаптармен қамтамасыз етілген. Басқарма басшысы шалғай ауылдарда тұратын 11200 оқушыны ҰБТ өткізу орындарына тасымалдау үшін тиісті қаржы қаралғанын, ал көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін мемлекет тарапынан қосымша гранттар да қаралатынын, ол үшін әрбір түлек ең төменгі 50 баллдан жоғары ұпай жинауы тиістігін хабарлады.
Сонымен қатар ол, ағымдағы жылдың 3-4 маусым күндері түлектер үшін мектеппен қоштасу шарасы өткізіледі. Шара мектеп ауласында, ашық аспан астында өткізіледі. Жиынға  сынып жетекшісі, бірнеше ұстаздар қатысады.

Сала басшысы алдағы уақытта коронавирус бойынша қауіп сейілмесе  қыркүйек айында қашықтықтан оқыту жүйесі жалғасуы мүмкін екенін де жасырмады. Дегенмен де, ол 1-қыркүйекте  дәстүрлі оқу жүйесіне көшіп, жаңа оқу жылын мектептерде қарсы алуға үміттеніп отырғанын айтты.   

uakit.kz