«AZALA TEXTILE» – ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТОЛЫҚ ЦИКЛДЕГІ ЖАЛҒЫЗ ТОҚЫМА ФАБРИКАСЫ

371
0

Шымкенттегі «AZALA Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында өндірістік қуатын арттыра түсті.

Жылына 2800 тоннадан астам иірімжіп, дайын және қатты матаның 14 миллион метрін шығаруға қауқарлы тоқыма фабрикасында бояу-өңдеу және тігін цехтары іске қосылды. Қайта жаңартудан кейін «AZALA Textile» ЖШС комбинаты еліміздегі мақта талшығын қайта өңдеуді және дайын мақта-мата бұйымдарын шығаруды қамтитын толық өндіріс циклі бар алғашқы тоқыма өңдеу кәсіпорнына айналды.
Бүгінде «AZALA Textile» комбинаты өңделген маталар, түкті және вафельді сүлгілер, төсек-орын жиынтығы, барлық стандартты өлшемдегі төсек-орын жабдықтары, сүлгілер, ақжаймалар, жастық, көрпе тыстары, балалар тоқымасы, сондай-ақ қатты иірімжіп (100% мақта), қатты маталар (100% мақта, тегіс, түкті, вафельді) сынды өнімдердің кең ассортиментін шығарады.
2015 жылы «AZALA Textile» еліміздегі жеңіл өнеркәсіптегі негізгі кәсіпорындардың бірі болып танылды. «Кәсіпкерлік саласындағы үздіктер» анықталған облыстық конкурста жеңімпаз атанды. Ал 2018 жылы «Үздік индустриялық жоба – 2018» номинациясында «Алтын Сапа» Ұлттық сыйлығын алды.
«AZALA Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұзақ мерзімді стратегиясында алға қойылған негізгі мақсат – бәсекеге қабілетті өнімнің ассортиментін кеңейту және жоғары сапа. Комбинат ел ішіндегі және шетелдегі нарықты«Made in Kazakhstan» брендімен шығатын жоғары сапалы өніммен толтыра отырып, тоқыма нарығының жаңа сегменттерін дәйекті түрде игеруде. Қазіргі таңда кәсіпорынның өнімдері Литва, Латвия, Германия, Италия, Польша мен өзге де алыс-жақын шет елдерге экспортталатын халықаралық бренд болып табылады.
Зауыт атауының «AZALA Textile» болып айтылуы да тегін емес. Өндіріс иесі кәсіпорынның атауын өзінің Айсұлу, Зере, Аружан, Ләззат, Айшабибі есімді 5 қызының есімдерінің алғашқы әріптерінен құрған. Бұл кәсіпорын басшысының балаларына деген қамқорлығының белгісі іспеттес.
Айтпақшы, «AZALA» өнімдері Шымкент қаласындағы сауда орталықтары мен базарларда сатылады. «AZALA Textile» өнімдері туралы толық ақпаратты келесі сайт арқылы алуға болады: www.azalatextile.kz