ЕРІНБЕГЕНГЕ ЕҢБЕК КӨП

379
0

Елімізде 85 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыспен қамтылған. Олардың ішінде «Еңбек» бағдарламасының арқасында екі қолға бір күрек тапқандар бар. Мәселен, Шымкентте жыл басынан бері 250-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат «Еңбек» бағдарламасының белсенді іс-шараларына қатысып, ырыздық тауып отыр. Оның ішінде 171 адам уақытша жұмыспен қамтылса, мүгедектігі бар 73 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. «Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту курсына 2 адам жолданған. Енді олар сертификат алса, қайтарымсыз грантқа ие болып, кәсібін дөңгелететін болады.

Өмірдің қатал сынына мойымаған жандар арасында жеке кәсіптерін ашып, еңбектенуге деген құлшыныстарын да көрсете білгендер бар. Атап айтқанда, 3 адам шағын несие және 29 азамат мемлекеттік грант алған. Сондай-ақ, 100 адам «Бастау бизнес» оқу курсынан өткен. Жалпы, жыл соңына дейін 712 мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамту жоспарлануда.
Қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметінше, Шымкентте былтыр мүгедектігі бар 1071 адам «Еңбек» бағдарламасының шараларына қатысқан. Атап айтқанда, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарында 153 адам оқытылып, тұрақты жұмысқа 509 адам орналастырылған. Әлеуметтік жұмыс, жастар практикасы мен ақылы қоғамдық жұмыспен уақытша жұмыс орындарына 277 азамат жолданған.