ШЫМКЕНТТЕГІ ШАТҚАЛДАРДЫҢ БІРІ ЮНУС ЭМРЕНІҢ АТЫМЕН АТАЛАДЫ

259
0

Наурыз мерекесі қарсаңында Шымкент қаласындағы әкімшілік іскерлік орталығы маңында «Шатқал» бағдарламасы аясында Юнус Эмре атындағы саябақтың іргетасы қаланды. Шараның ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, саябақтың алғашқы шыршасын отырғызды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі


Юнус Эмре саябағының жалпы аумағы 25 гектарды құрайды. Алдағы уақытта мұнда 4 мың түп ағаш көшеттері отырғызылып, 4 балалар алаңшасы салынбақ. Бұдан бөлек, шахмат және дойбы алаңы, қашықтығы 1 шақырым болатын веложол төселмек. Сондай-ақ 1 амфитеатр, 8 субұрқақ, 3 кафе мен жазғы демалыс орындары, спорттық жаттығу алаңдары бой көтеретін болады.


«Бүгін біз «Шатқал» бағдарламасы аясындағы үшінші саябақтың іргетасын қаладық. Бұл Наурыз мерекесі қарсаңында қала тұрғындарына тарту ретінде ұсынылып отыр. Алдағы уақытта дәл осындай 14 саябақтың іргетасы қаланатын болады. Енді ашылатын саябақтарға шығыстың Фараби, Фердауси, Физули сынды атақты ғұламаларының есімдерін беруді ойластырып отырмыз. Ондағы мақсат – саябақтарды халықтың тек демалыс орны емес, рухани ләззат алып, серпілетін мәдени мекенге айналдыру» , — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Саябақтарда атақты ақын, ғұламалардың еңбектері тасқа қашап жазылып, өскелең ұрпақты рухани тәрбиелеуге септігін тигізбек. Бүгін алғашқы тал-дарағы отырғызылған саябаққа түрік ақыны, философ, ағартушы Юнус Эмре есімінің берілуі де тегін емес. Биыл «Түркістан қаласы – түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін иеленіп, барша бауырлас ұлттардың ынтымағы ұйыған ордасына айналып отыр. Оның үстіне, Юнус Эмре Қожа Ахмет Иассауидің жолын қуған түрік ақыны. Ақын бар ғұмырын ислам қағидаларын Иассауи жолымен халыққа түсіндіру үшін арнаған.


Аталған демалыс орындарының өңір тұрғындарының таза ауада тынығып, демалуы үшін жасалып жатқанын айтқан әкім оның тазалығы мен дамуына бірлесе күш салу қажеттігін де атап өтті.
Айта кетейік, облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған тың жоба бойынша алдағы уақытта қалада 600 гектар шатқалды жер демалыс орындарына айналдыру жоспарланып отыр.

Фото: С.Мырзалиев