МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУЫМЫЗ ҚАЖЕТ

378
0

Бұл туралы бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен білім саласы өкілдерімен болған кездесуде айтты. Білім саласына енгізіліп жатқан жаңалықтар мен өзгерістер, өзекті мәселелерді қарастырып, талқылау мақсатында ұйымдастырылған онлайн-селекторлық жиынға аудан, қала әкімдері мен аудандық, қалалық білім беру мекемелерінің қызметкерлері сынды 1800-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды ОҚО əкімінің баспасөз қызметі.
Мәжілісте мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және орта білім беру сапасына қатысты сөз бастаған облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков білім беру сапасын арттыру мақсатында шешімін табуды қажет ететін бірқатар мәселелерді атады.
«Алдағы төрт жылда облыста мемлекеттік бағдарлама аясында 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді 100 пайыз мектепке дейінгі ұйымдармен қамту көзделсе, осы мәселені ретке келтіру үшін 2017-2019 жылдар аралығында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 13 балабақша (2595 орындық) салу көзделіп отыр. Соның төртеуінің биыл құрылысын бастау жоспарда бар. Атап айтқанда, Шымкент қаласы (320) мен Бәйдібек (140), Отырар (240), Түлкібас (100) аудандарында конкурс жарияланып, кәсіпкерлер тарапынан нақтылы сұраныстар алынуда. Мұнан бөлек, облыстағы мектеп жасына дейінгі 3-7 жастағы мүмкіндігі шектеулі 8,5 мыңға жуық баланы инклюзивті біліммен қамтуды 25 пайызға дейін ұлғайту қажет», — деді Ұ.Сәдібеков.
Жиында саладағы өзекті мәселелер аясында Білім саласын бақылау комитетінің ОҚО бойынша бақылау департаментінің басшысы Г.Әміртаева, Қазығұрт аудандық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының директоры К.Құрбанбаева, білім саласының ардагері Н.Байғұтов және Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиева баяндама жасап, кейбір түйткілді проблемалардың шешу жолдарын ұсынды. Сондай-ақ, аталған мәселелерге қатысты пікір білдіріп, ұсыныстарын айту үшін селектор арқылы қосылып отырған аудан, қалалардың ішінен Кентау  қаласы, М.Әуезов атындағы №22 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Г.Сандыбаева өзін қызықтырған мәселе аясында сауал қойса, соңғы бес жыл бойы Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, «Алтын белгі» бойынша облысымызда бірінші орынды иеленіп келе жатқан Мақтаарал ауданындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының директоры Ө.Қозыбақ өз тәжірибесімен бөлісті.
Отырыста айтылған мәселелерді мұқият тыңдап, жиынды қорытындылаған аймақ басшысы, аудан, қалалардағы білім бөлімдерінің басшыларына жұмысты жандандырып, қолға алуды тапсырды. Бұдан былай аталған саладағы тәртіптің қатаң болатынын ескерткен аймақ басшысы облыс бойынша мектептердің рейтингісін жариялауды тапсырды. Сондай-ақ, Ж.Қансейітұлы облыстағы жоғары сапалы білім беретін 10 мектепті анықтап, сол мекемелерде селекторлық режимде тәжірибе алмасу семинарларын ұйымдастыруды тапсырды.
«Селекторлық семинардың бірін Мақтаарал ауданындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясымен өткізіңіздер. Білім ошағы соңғы жылдары үздік тәжірибесімен республикаға танымал мекемеге айналып отыр. Мұнан бөлек, облыста бүгінгі таңда мектептер мен колледждерде дәріс беретін 76 мың ұстаз бар екен. Сондықтан, біз ұстаз мәртебесін көтеріп, оның әлеуметтік жағдайына дейін көңіл бөліп, қолдау көрсетуіміз қажет. Яғни, оларды шетелдерде демалдыру үрдісін жалғастырып, лбаспанамен қамту жайын қолға алуымыз қажет. Мұғалімдерге құрмет болса, бәрі де дұрыс болады», — деді аймақ басшысы өз сөзінде.