БӨГЕН АУЫЛ ӘКІМДІГІ

Бөген өзенінің төменгі сағасына орналасқан Сарқырама, Шалдар, Екпінді, Шаян өзенінің бойына қоныстанған Жиенқұм елді мекендері Бөген ауыл округіне қарайды.
Кеңестік дәуір басталғаннан кейін 1929 жылы Сарқырама, 1930 жылы Жиенқұм, 1933 жылы Екпінді жеке-жеке ұжым болып құрылған. Ауыл тұрғындары ұжымдастыруды да, аштықтың зардабын да, «халық жауы» атанған қуғын-сүргінді, соғыс жылдарындағы ауыртпалықтарды бастарынан кешті. Алғашқы ұжымдық шаруашылықтарды Әлмен Қолдасов, Төре Байғанаев, Зейне Мырзабекова, Мәреш Жәрменов, Сақыбек Байназаров, Пірмат Құлымбетов, Алдабек Бәйнеев, Өтебай Шынтасов, Қонысбек Ауқатов, Ә.Мәдірайымов, Тілеубек Тоғанасов, Ә.Бейімбетов және басқа да ел ағалары басқарды. Бәрі де өнегелі еңбектерімен кейінгілерге үлгі болып, есімдері ел есінде қалды.
Осы жылдары Жоғарғы Шыршық аудандық партия комитетінің бірінші секретары, Сырдария уездік атқару комитетінің төрағасы болған Нарбек Спатаев ашаршылық жылдары ауып келген жерлестерін Ташкент маңына топтастырып, оларға көп көмек көрсетті. Өңір тумалары Кәрім Шорабеков, Жаппар Қасымов аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары болған. Қожабек Данай округтік білім басқармасының инспекторы, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі, Қызылқұм аудандық партия комитеті хатшысының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған. Екпінділік Қалдыбай Бәйменов Гурьев (Атырау) облыстық атқару комитетінің төрағасы лауазымында қызмет еткен.
1935 жылы 28 қазандағы Өлкелік партия комитетінің шешімімен Жыланды кеңшарына Сталиннің (кейіннен ХХІІ партсьезд) есімі беріледі. Шалдар осы кеңшардың бір бөлімшесі болған (меңгерушісі Рысбай Айымбетов). 1944 жылдың 3 маусымы күні Шалдар бөлімшесі Сталин кеңшарынан енші алып, өз алдына Шалдар кеңшары деген атпен жеке шаруашылық болып құрылады. Бұл ауданымыздағы екінші кеңшар еді.
Соғыс басталған сәттен ауылдағы бас көтерер азаматтар шетінен майданға кетіп жатты. Осы соғысқа кеткен ерлердің орнын басқан аналардың ағаш соқамен жер жыртып, мақта шабықтау, оны теру, астық егу, жинау, шөп шабу, мал бағу сияқты ауыр жұмыстарды атқарды. Тылда тынымсыз еңбек еткен аналарымыз Күлхан Дүйсебайқызы, Әлихан Беркінбаева, Фатима Шынәсілова, Әтіркүл Тұяқбайқызы, Бибіхан Бедебаева, Ділмаш Қойгелдиева, Бибара Мырзақұлова, Қызбосын Досымбекова, Үрбибі Алданазарова, Үрзия Дәуренбекова, Алуа Жоланова, Зейне Мырзабекова, Зеркүл Шынәлікеліні, тағы басқалардың төгілген маңдай терлерінің өтеуі жоқ дер едік.
Соғыс зардабын балалар да ересектермен бірдей көтерісіп, мәжбүрліктен ойынды ұмытып, еңбекке ерте араласты. Әмір, Шәмек Ізтілеуовтер, Сәрсен Тұяқбаев, Мизам Байетов, Бабан Молдашев, Сапарғали Қуатбаев, Әлтай Алыбаев, Лесбай Нәлібаев, Лес Жәнібеков, Жұмабай Орынбаев, Сәдуақас Тілеубеков, Батыр Әзімбаев, Тасбау Түймебаев, Д.Орынбаев, Қошқар Бедебаев, Жаппар Айтуов, Мүсірепбек Керімов, Әмит Айдаров, Сақтаған Жақаев, М.Достаев, Т.Көпенов, Т.Достаев, Әуелбек Қонысбеков, Р.Бердібаев, Ш.Бәкіров, А.Әбдешов, Ш.Дүйсебаева, Ә.Әлменова, Ж.Жорабеков, Т.Әбдіназаров, Қ.Өтемісова, О.Үсейінов, Ж.Бегалиев, А.Ежебеков, Қ.Әбдешов, Ж.Байтіков, Қ.Иманәлиев, Т.Әбдешов, Ә.Дүйсебаев, С.Тойлыбаев, М.Рысбековалар тылдағы еңбектің жұмысшылары еді.
Соғыс жүріп жатқанда кеңшарды басқару тізгінін Ә.Қабышев қолға алып, 1944-1951 жылдарда басқарды. 1951-1956 жылдарда Ы.Садырбаев басшылық жасап, үлгілі істер атқарды. Кеңшарға Ақшығанақ, Орталық, Үштал, Желтимес бөлімшелері қарады. 1957-1975 жылдарда Шалдар кеңшарында Әскербек Качиев директор болды. Сарқырама, Екпінді, Жиенқұм ұжымшарлары Шалдар кеңшарына қосылды. 1971 жылдан шаруашылық асыл тұқымды қой шаруашылығына айналдырылды. 1975-1985 жылдарда кеңшар директоры Алтынхан Оразқұлов, 1985-1993 жылдарда Жамбыл Қарабеков, 1994 жылдан Нұрлан Нұрлыбаев директор болды. Жекешелендіру кезінде кооперативтерге бөлінген шаруашылықтарды А.Ұлынбаев, С.Спандияров басқарды.
Кеңшар құрылғаннан партия комитетінің хатшылары болып А.Жансейітова, С.Тұрсынбетов, К.Нұрлыбаев, Әміреш Қасымбеков, А.Жамалов; кеңшар кәсіподақ ұйымында Б.Бақтияров, Қ.Тамабаев, Ө.Бейсенов, А.Жолдасбаев, Ш.Исаев, Т.Әріпбаев, К.Әкімов; ауылдық кеңес төрағалары болып Ө.Қожамқұлов, И.Байтөреев, Н.М.Ан, Д.Қошқарбаев, Б.Мергенбаева, С.Амангелдиев, З.Қапалбаев, Н.Сәрсенов, С.Күлішов қызмет етті.
Денсаулық саласында соғыс ардагері Анар Мұрзаева, Қазақ ССР-інің озат денсаулық қызметкері М. Жылқыбаев, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері С.Үсенова, бас дәрігерлер М.Ізтілеуов, Н.Қалыбекұлы, дәрігерлер Ү. Тайбағаров, М.Бейсеков, Б.Әбдірахманова, медбикелер В.И.Касьянова, Б.Қорғанбаева, Б.Қабылов, З.Әлімбекова, Қ.Қожабеков, Ұ.Досболова, М.Арыстанова, Ұ.Жайынбаева, Г.Аяпбергенова, Р.Толысбаева, К.Төлентаева халыққа мінсіз қызмет көрсетті.
Кезінде 12 мың гектарға дейін егін еккен кеңшар 1968, 1974, 1976, 1981 жылдарда гектарына 16-21 центнерден астық жинап, астық сатудағы жоғары көрсеткіштері үшін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің, Қазақ ССР министрлер кеңесінің және Қазақстан Кәсіподақтар кеңесінің Қызыл Туы шаруашылықта түпкілікті сақтауға берілді.
Мал шаруашылығы саласында да еңбекке деген құлшыныс жоғары болды. Өйткені табыс көзінің 60-70 пайызы осы шаруашылық саласынан алынатын. Мал шаруашылығын дамытуға үлкен үлес қосқан Керімбек Мамановтың әр ісекті етке 94 килодан тапсырғаны аңызға айналды. Ол кісі туралы атақты жазушымыз Мұхтар Әуезов «Шаяндағы шешен Керекең» деген тақырыпта очерк жазған еді. Сондай-ақ СОКП ХХІІІ съезінің делегаты, Ленин орденді Б.Мергенбаева, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне екі дүркін депутат болып сайланған Ж.Таңатаров, Еңбек Қызыл ту, Халықтар достығы ордендерінің иегері О.Бесбаев, Ленин, Октябрь революциясы ордендерінің иегері Ж.Әуелбеков, Еңбек Қызыл ту орденді Ү.Жүзбаев, Құрмет орденімен марапатталған С.Әбдірайымов, Ұ.Келдібеков, А.Сабытов кеңшарды көпшілікке танытқан болатын.
Түрлі тарихи оқиғалар салдарынан Шалдарға келіп қоныстанып еңбек еткен Қапар-Пур Құрбан, Әбілхайыр Мұхамеди, Асад Мұстафи, Мурад Наврузи, Мамед Ядар, Гамет-Пур Мұстафа, ағайынды Исмайловтар, Мырза Шири, Гамза Заде Али, Иса және Мұса Переевтер, ағайынды Роман, Айкин және Иосиф Фитерерлер, Роман Фердерер, Б.Дадаев және басқалар ауыл азаматтарына айналған еді. Ферма басшылары М.Бегманов, Н.Сәрсенов, Б.Тойшыбеков, А.Аманбеков Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысса, Екпінділік П.Құлымбетов сол кездегі кеңес елінің астанасы саналған Мәскеудегі Кремльдің съездер сарайындағы үлкен мәжіліске қатысты.
Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кездескен қиындықтарды жеңе отырып, Бөген ауыл округіне қарасты елді мекен тұрғындары өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда алға жылжуына негіз қалады. Ауыл әкімдері болып әр жылдарда Қосай Өтегенов, Тұрсынбек Оңғарбеков, Тұрдыбек Исаев, Бағдат Мұңашев, Шадияр Отыншиев, Мұқадас Нақыпбеков, Серік Ерғараев, Нұрлан Жәнібеков қызмет атқарды. 2016 жылдан ауыл әкімі — Алмас Нақыпбеков.
Нарық заңына икемделіп ауылға береке әкеліп отырған «Атамекен-Сарқырама», «Шоңай» ұжымда-ры асыл тұқымды мал шаруашылығын өркендетуде. «Назар», «Сәрсен», «Махамбет» шаруашылықтары-ның жетекшілері Д.Ахметов, Д.Әбіш, А.Біржан, М.Нұрмаханбетов, Н.Пернебеков, Е.Бекеев, Б.Ахметов,Ж.Тұяқбай, Ш.Қожабаев ауыл тұрғында-рына үнемі жәрдем көрсетуде. Шалғай ауылдарда бұрын-соңды болмаған ғимараттар салынып, тұрғын-дардың игіліктеріне берілді. Бұрын Бөген ауыл округі аумағында бір ғана типтік мектеп болса, қазір Екпінді, Жиенқұм, Сарқырама ауылдарына жаңа мектептер салынды. Округ орталығында аурухана, барлық елді мекендерде жаңа үлгідегі медициналық тірек пункттері бар.
Ауылдарға алғашқы білім нәрін әкелген Ә.Мәкімусаев, Ш.Рсымбетов, К.Үкібасов, А.Асанов, Н.Батырбеков, А.Бегалиев, П.Тілеуқабылов, Ж.Қоқанбаев, Р. Жолшыбековтер болса, одан кейін С.Бейсенов, Е.Шыңбергенов, Б.Елібаев, Т.Кенжебеков, Ә.Қонысбеков, А.Ежебеков, Т.Түймебаев, М.Тілеубердиев, А.Бейсенов, Қ.Айтбеков, Ж.Орынбаев, С.Жақаев, Ә.Айдаров, Ә.Тұрманов ұрпақ тәрбиесіне бүкіл еңбектерін арнады.
Ғылым жолын қуған шалдарлық азаматтар Қ.Бақтыбаев, А.Қарабеков, М.Бедебаев, И.Аманқұлов, Т.Сайрамбаев, Б.Тілеубердиев, Ж.Сиқымбаев, Б.Әуелбеков, Н.Дәуренбеков, Ж.Қонарбаев, А.Жәнібекова, Н.Балқияев, М.Бөртебаев, Е.Сәрсенов, Ш.Қожабаев, А.Қожамжарова, П.Қожахметов, Э.Қожамжарова Қазақстан ғылымының дамуына өз үлестерін қосуда.
Шалдар өңірі өнерлі таланттардан да кенде емес. Айтыскер ақын К.Әлімбетов, Ә.Қонысбекова, Р.Сұлтанәлиева, журналистер Р.Жәнібеков, А.Байталиев, Д.Әбіш, Ә.Айтбеков, өнердің түрлі саласының саңлақтары Ә.Мұратбеков, Ә.Жиенқұлов, Н.Қожамжарова, Ә.Нұрмаханбетов, Қ.Абдуллаева, Н.Ташев, М.Өсербаев, К.Өскенбекова, Б.Өскенбеков, А.Жүсіпбекова, А.Әсембеков, Г.Махатаевалардың есімдері көпке кеңінен танымал.
«Таза су» бағдарламасы бойынша Шалдар, Сарқырама ауылдарына ауыз су құбырлары тартылса, қалған елді мекендерге де осы жүйе жүргізілмек таяу жылдарда. Ал Сарқырама, Шалдар, Екпінді ауылдарына көгілдір отын-газ берілмек. Ауылдардың ішкі жолдарын асфальттау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бөген ауыл округі аумағындағы ел игілігіне берілетін істер жүйелі іске асырыла бермек.
Бағдат ҚАЛАУБАЙ.

77

ПІКІР ЖАЗУ