МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

151
0

Ағымдағы жылы «Қазақ анимациясы» шығармашылық бірлестігін құру жұмыстары жүруде. Бірлестік биылдың соңына дейін көрермен назарына 10 пилоттық жобаны ұсынуды да жоспарлап отыр. Осы орайда, шымкенттік аниматорлардың жұмысымен ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жақсы таныс болып шықты. Сондықтан министр жоғарыда аталған бірлестікті құруда жергілікті аниматорлармен бірлесе жұмыс істеуді ұсынды.

 

ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесуі өткен болатын. Аталған бастамалар жайы міне сол жиында сөз болды. Кездесу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы бойынша сұрақ-жауап форматында өтті. Онда үшінші мегаполистің мәдениет, спорт және туризм салаларына қатысты келелі мәселелер қозғалды. Жиынға белсенді қала тұрғындары мен жоғарыда аталған салалардың қызметкерлері қатысты. Жиынды Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов жүргізді.

 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасымен министрлер өңірлерге келіп, халықпен жүздесіп жатыр. Бұл — мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруда аса маңызды қадам. Бүгін біз министрліктің әр салаға қатысты атқарып отырған жұмысына тоқталамыз. Себебі, оның барлығы өңірлермен тығыз байланысты. Мәдениет саласы бойынша өткен жылы Шымкентте 9 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 10 мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2 ғимарат құрылысы басталмақ. Жұмыс ауқымына қарай 2025 жылға дейінгі аралықта атқарылады» деді министр. Ведомство басшысы әдебиетті қолдау бағытын да естен шығарған жоқ. Қаламгерлер мен баспагерлерге мемлекет тарапынан  қолдау мақсатында биылдан бастап министрлік алғаш рет «Айбоз» әдеби сыйлығын тағайындап отырғанын айтты.

 

Бұдан бөлек жиын барысында министр «Тарихи-мәдени нысандарға қатысты Шымкенттегі Сайрам өлкесін атап өткен жөн. Қожа Ахмет Ясауидің  әкесі Ибрагим ата мен анасы Қарашаш ана кесенелерінің аумағын қалпына келтіру бойынша эскиздік жоба әзірленіп, заманауи жолсілтегіштер, стендкарталар орнатылып жатыр. Биыл Шымкентке 3 айда 97 мың жуық турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 129 пайызға артқан» деді. Жалпы қазіргі уақытта қалаға саяхаттап келушілер үшін туристік қауымдастықпен келісе отырып, 27 тур-бағыт ұсынылған. Оның 17-сі Шымкентте болса, 10-ы Түркістан облысымен бірлескен бағыт. Олар тарихи-мәдени, экологиялық, экстремальді, өндірістік сынды бағыттарды қамтиды.

 

Жиында бұқаралық спортты дамыту бағыты да көтерілді. «2025 жылға дейін спортпен жүйелі түрде айналысатындар санын 50 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Былтыр еліміздің шалғай аудандарында 100 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында арнайы жоспар түзіліп, 2025 жылға дейін 113 спорт нысанын салу, 21 ғимаратты жаңғырту және 6 нысанды қайта жарықтандыру мәселесі қаралып отыр. Шымкентте ат спорты түрлеріне арналған  ипподром салынып жатыр» деді Дәурен Абаев.

 

Жиын екі сағатқа созылды. Министр өз құзыретіне кіретін мәселелердің жуық арада шешілетінін тілге тиек етті. Ал жергілікті атқарушы билікке қатысты мәселелер алдағы уақытта шаһар басшысы Мұрат Әйтеновпен болған кездесуде көтерілмек.