ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

132
0

Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің кезекті жиыны өткен болатын. Отырыстың күн тәртібінде түрлі басқармалар тарапынан атқарылған жұмыстар есебі тыңдалды. Сонымен қатар кеңестің келесі тоқсанындағы төрағасы сайланды. Әуелі қалалық құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев орындалған және қолға алынып жатқан жұмыстар жайын баяндап өтті.

 

«Шымкентте қазіргі таңда басқарма тарапынан жалпы 90 нысанның құрылысы жүруде. Оның ішінде 51 үй, 11 білім беру нысаны, 15 инженерлік инфрақұрылым нысаны, мәдениет және денсаулық саласына қатысты 2 нысан, төтенше жағдай саласына қатысты 2 нысан және ауыл шаруашылығы, спорт секілді басқа да салаларға қатысты нысандар бар. 2021 жылы мегаполисте 1 млн шаршы метр тұрғын жай пайдалануға берілсе, биылғы меже – 1 млн 60 мың шаршы метр. Оның ішінде құрылыс басқармасы тарапынан жалпы ауданы 240 шаршы метр болатын пәтерлер беріледі деп күтілуде. Жоғарыда айтылған 51 үйдегі үш мыңға жуық пәтердің көлемі – осындай. Ал 6 білім беру нысаны – биыл, қалған бесеуі келесі жылы пайдалануға беріледі. Оның ішінде Нұрсәттегі 500 адамға шақталған Оқушылар сарайы да бар» деді басқарма басшысы.

 

 

Жиын әрі қарай ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Базарбаевтың баяндамасымен жалғасты. Баяндама барысында ол әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлеріне қойылатын шекті бағаның жаңа мөлшерлемесіне қатысты қаулыны қоғамдық кеңес мүшелерінің назарына ұсынды. Алқалы отырыс соңында қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы сайланды. Бұл процедураға Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов арнайы қатысып, көпшіліктің атынан осыған дейінгі үш ай бойы төрағалық еткен Шалатай Мырзахметұлына қоғамдық еңбегі үшін алғыс айтты, сый-сияпат табыстады. Бахадыр Мәдәліұлының бұрынғы төрағаға жаңа төрағаға үміткерді алдымен ұсыну құқығы беру туралы ұсынысын көпшілік қолдап, Шалатай Мырзахметұлы қоғамдың кеңестің төрағалығына Бауыржан Әлтеевті ұсынды. Ұсыныс бір ауыздан мақұлданды. Енді Бауыржан Әлтеев алдағы бір тоқсан бойы қоғамдық кеңес жұмысына төрағалық етеді