ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНІ РЕСПУБЛИКАДА БІРІНШІ ОРЫНДА ТҰР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді ұлғайту, инвестиция тарту және экспорттық әлеуетті арттыру жөніндегі тапсырмалары Түркістан облысында кезең-кезеңімен, жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тікелей үйлестіруімен аграрлық салада ауқымды жұмыстар атқарылып, өнім өндіруден бастап оны қайта өңдеу мен сыртқа экспорттауға дейінгі барлық бағыттарда қомақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Киелі өңір диқандары мен шаруаларының қажырлы еңбегінің арқасында облыс ауыл шаруашылығы саласы бойынша еліміздің көшбасшы аймағына айналды.

Бұған нақты деректер мен цифрлар да толық дәлел бола алады. Есепті 2026 жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша Түркістан облысында 325,3 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өнімнің нақты көлем индексі 110,7 пайызды құрады. Осындай жоғары көрсеткіштің нәтижесінде Түркістан облысы Республика бойынша бірінші орынға шығып, көш бастап тұр. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенге тартылған инвестиция қарқыны да жоғары деңгейде сақталып келеді. Осы алты айда салаға 153,2 миллиард теңге инвестиция бағытталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге артық. Бұл – өңірде ауыл шаруашылығы өндірісін заман талабына сай жаңғырту, жаңа заманауи кәсіпорындарды іске қосу және қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық берудің айқын жемісі. Өңдеу саласы да серпінді даму үстінде. Жылдың алғашқы жартысында тамақ өнімдерінің өндіріс көлемі 96,6 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 126,2 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібінің барлық негізгі бағыттары бойынша өсім қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, ет өнімдерін өңдеу 172,1 пайызға, өсімдік майы мен май өнімдерін өндіру 136,7 пайызға, түрлі сусындар өндірісі 139,6 пайызға, ұн-жарма өнімдері мен балық өнімдерін шығару 121,4 пайызға, сондай-ақ жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу 108,5 пайызға артты.

Отандық өнімді сыртқы нарыққа шығару, экспорт әлеуетін нығайту бағытында да оң динамика қалыптасты. Жыл басынан бері облыстан 904,5 мың тонна ауыл шаруашылығы және қайта өңделген өнім шетелге экспортталды. Бұл бұрынғы көрсеткіштерден 2 есеге көп. Экспортталған өнімнің 642,4 мың тоннасы өсімдік шаруашылығына, 25,8 мың тоннасы мал шаруашылығына, ал 236,3 мың тоннасы қайта өңделген дайын дақылдар мен тауарларға тиесілі болып отыр. Ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру мақсатында биыл егіс алқаптарының көлемі де ұлғайтылды. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтырғымен салыстырғанда егістік көлемі 8 мың гектарға ұлғайып, жалпы 919 мың гектарды құрады. Оның ішінде дәнді дақылдар 326 мың гектарға, майлы дақылдар 87 мың гектарға, көкөніс 42 мың гектарға, бақша 62 мың гектарға, картоп 12 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 228 мың гектарға және мақта 162 мың гектарға егілді. Дала жұмыстарының нәтижесінде 21 шілдедегі жағдай бойынша 242 мың тонна масақты дақыл, 583 мың тонна көкөніс, 750 мың тонна бақша өнімдері, 207 мың тонна картоп және 3,2 миллион тонна мал азығы жиналып, ел игілігіне берілді. Оңтүстік өңірде су ресурстарын тиімді пайдалану – күн тәртібінен түспейтін ең басты мәселелердің бірі. Биыл облыста қосымша 50 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Бұл меже толық орындалғанда, заманауи су үнемдеу жүйелері қолданылатын жалпы алқап көлемі 164 мың гектарға жетіп, жыл сайын 280 миллион текше метр бағалы ағын суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда су үнемдеу технологиялары 37 мың гектарға енгізіліп, бекітілген жылдық жоспардың 74 пайызы орындалып қойды.

Түркістан облысы мал шаруашылығын өркендету тұрғысынан да республикадағы ең жетекші аймақ саналады. Бүгінде еліміздегі ірі қара малдың 13 пайызы, немесе 1 миллион 238,6 мың басы, қой-ешкінің 20 пайызы, немесе 5 миллион 211,6 мың басы, жылқының 10 пайызы, немесе 549 мың басы және түйенің 14 пайызы, немесе 46,1 мың басы осы киелі өңірдің еншісіне тиесілі. Есепті алты айдың қорытындысында облыс бойынша 116,3 мың тонна ет, 271,8 мың тонна сүт және 170,8 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Төрт түлік мал басының тұрақты өсуі мен өнімділіктің артуы экспорт көлемінің де еселеп ұлғаюына тікелей ықпал етуде. Қазіргі таңда тұтас Қазақстан бойынша шетелге экспортталатын ірі қара мал етінің 80 пайызы және қой етінің 75 пайызы тек Түркістан облысының үлесінен шығып отыр. Есепті кезеңде шетел нарықтарына 10,3 мың тонна сиыр еті мен 14,4 мың тонна қой еті жөнелтілді.