ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 25 МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН САЛЫНЫП ЖАТЫР

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын жүйелі түрде дамыту, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту және тұрғындарға көрсетілетін емдеу-диагностикалық көмектің сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұған Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысына арналған алқа отырысында айтылған нақты деректер мен оң көрсеткіштер айқын дәлел болады.
Маңызды басқосуға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев қатысып, өңірдегі денсаулық сақтау саласында атқарылған ауқымды жұмыстардың барысын саралады. Алқа отырысының күн тәртібінде ана мен бала денсаулығын сенімді қорғау, онкологиялық және кардиологиялық қызметтерді жаңғырту, жұқпалы ауруларға қарсы иммунопрофилактика жүргізу, медициналық ұйымдардың жұмыс тиімділігін арттыру, өңірлік инфрақұрылымды өркендету және өзге де өзекті мәселелер жан-жақты қаралды. Бүгінгі таңда киелі облыста перинаталдық көмек жүйесі үш деңгей бойынша талапқа сай ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта бірінші деңгейдегі 12, екінші деңгейдегі 7 және ең жоғары үшінші деңгейдегі 3 заманауи медициналық ұйым тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Өңірдегі босандыру ұйымдарының білікті кадрлармен қамтамасыз етілу деңгейі 95 пайызға жетсе, медициналық жабдықтармен жарақтандыру деңгейі 83 пайызды құрады. Атқарылған жүйелі шаралардың нәтижесінде соңғы жылдары аймақта ота арқылы босану көрсеткіші едәуір төмендеп, ерте неонаталдық және перинаталдық өлім көрсеткіштері тұрақты түрде азайып келеді. Ал ең бастысы, ана өлімінің көрсеткіші соңғы 12 жыл ішінде 59 пайызға бірден төмендеді. Сонымен қатар, отбасы бақыты мен ұрпақ сабақтастығына жол ашқан «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы аясында Түркістан облысына бөлінген квоталар толық көлемде игерілді. Осы игі бағдарламаның нәтижесінде өңірде 988 сәби дүниеге келіп, көптеген отбасылар ата-ана атану бақытына бөленді. Оның ішінде 87 егіз және 3 үшем бар. Әйелдерге көрсетілетін медициналық көмекті ары қарай жетілдіру мақсатында №1 және №3 облыстық перинаталдық орталықтарына «Беделді перзентхана» республикалық мәртебесі табысталды. Сондай-ақ аймақта «Ұрықты қорғау орталығы» мен «Салауатты ана» пансионаттары ашылып, аурулардың алдын алуға арналған «Stop Infection» арнайы бағдарламасы сәтті іске асырылуда. Ал №3 облыстық перинаталдық орталығында енгізілген Ситуациялық орталықтың жүйелі жұмысының нәтижесінде негізгі сапалық индикаторлар 14 пайызға жақсарды.
Өңірде медицина мамандарының біліктілігін үздіксіз арттыру жұмыстары да басты назарда. Осы уақытқа дейін 3 598 маман арнайы симуляциялық оқыту курстарынан өтіп, кәсіби шеберліктерін шыңдады. Осы мақсатқа 2025 жылы 342 миллион теңге, ал 2026 жылы 175 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Түркістан облысы дербес өңір ретінде құрылған сәттен бері нәресте өлімі 22,36 пайызға, ал балалар өлімі 6,49 пайызға төмендегені байқалады. Бұдан бөлек, облыстағы 19 алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымында балалардың дамуы мен ерте араласу орталықтары ашылып, 7 450 бала немесе тиісті контингенттің 49,6 пайызы консультациялық көмекпен қамтылды. Сондай-ақ Облыстық балалар ауруханасы мен Түркістан қалалық балалар ауруханасына «Беделді балалар ауруханасы» жоғары мәртебесі берілді. Аймақтағы медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі де жоғарылап, 84,85 пайызға жетті. Қазіргі таңда мемлекеттік медициналық ұйымдарда 19 компьютерлік томография аппараты, эксперттік санаттағы 8 ультрадыбыстық зерттеу аппараты және 7 магниттік-резонанстық томография аппараты тұрғындар игілігі үшін мүлтіксіз жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, босандыру және балаларға медициналық көмек көрсететін ұйымдардың қосымша жабдықтарға қажеттілігі толық анықталып, бұл мақсатқа 5,1 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлу жөнінде ұсыныс енгізілді. Өткен жылы құны 180 миллион теңгені құрайтын нәрестелерге арналған 2 заманауи реанимобиль көлігі сатып алынған болатын. Бүгінгі таңда Түркістан өңірінде 25 жаңа медициналық нысанның құрылысы белсенді жүргізілуде. Оның ішінде 8 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт және 5 дислокация нысаны бар. Бұл құрылыс жобалары аяқталғанда халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы мүлде жаңа деңгейге көтеріледі.


