ҚАЛА ӘКІМІ БІРҚАТАР НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫН ТЕКСЕРДІ

107
0
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, әкімшілік-іскерлік орталығында 9 қабатты үйлердің құрылыс жұмыстары қарқын алған.
Бұған дейін No 9,10,11,12 тұрғын үйлердің құрылысы мерзімінде аяқталмағаны үшін әкімдік тарапынан жауапты мердігер мекемелерге ескертулер беріліп, айыппұл салынған болатын. Бүгінде олқылықтық орны толтырылып, жұмыстар аяқталуға жақын. Қала басшысы аталған орталықтағы бірнеше нысанда құрылыс барысын тексеріп, оның ішінде әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген 9 қабатты No 13,14,15,16 тұрғын үйлер құрылысы мен аталған аймақтың солтүстік беткейіндегі 21,5 га жерде бой тіктейтін жаңа көпқабатты үйлердің инженерлік жүйелерін тарту жұмыстарын қадағалап, тапсырманың тиісті мерзімде бітуін талап етті. «Шымкентте 49 мыңға жуық азамат баспана кезегінде тұрғанын ескеретін болсақ, тұрғын үй құрылысын дамытуға бар күш жігерімізді салуымыз қажет» -деді Мұрат Әйтенов.
Бұған дейін қала әкімі Мұрат Әйтенов Тұран шағын ауданындағы инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс барысын тексеріп, халықпен кездесті. Тұран шағын ауданын сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары былтырдан бері қарқынды жүргізілуде. Жалпы құрылыс барысы 2 кезеңге жобаланған. Бүгінге дейін 86% орындалып, қалған жұмыс қазан айында толық аяқталады. Одан соң абоненттеу жүргізіліп, 3058 тұтынушы сапалы электр қуатымен қамтылады. Бұған қоса жалпы ұзындығы 11,6 шақырымды құрайтын магистралдық кәріз коллекторының құрылысы бітті. Қазіргі таңда ішкі орамдық кәріз жүйесі салынуда, жыл соңына дейін аяқталатын болады. Бұдан соң әкім Тұрандағы газ құрылысын тексерді. Екінші кезек бойынша жұмыстың 90 пайызы орындалып, қазан айы басталғанша №14-29 кварталда орналасқан көпқабатты және 504 жеке тұрғын үй көгілдір отынмен қамтылады. Ал үшінші кезек бойынша, құрылыс жұмысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталған. Бүгінгі күнге 40 пайызға атқарылды. Жалпы Тұран шағын ауданындағы 2554 тұрғын үйге 2023 жылы газ құбыры толық тартылып бітеді. Жұмыстардың жоспарғай сай және сапалы орындалуын талап еткен қала басшысы жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді.