ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРҒА СЕНЕ МЕ?

322
0

«Сенеді» десем, өтірікші боларым анық. «Сенбейді» десем арпа ішінде жүрген бір бидай болатынындай, қалаулылардың арасында да ел қамын күйттеп жүрген базбіреулерге ұнамай қалуым мүмкін. Әйтсе де олар көп емес, бірен-саран. Сондықтан өзім куә болған, көріп, сезіп жүрген бірнеше мәселелерге қалам тербеп, оқырмандармен ой бөліскенді жөн көрдім.Бүгінгі депутат кешегі депутат емес. Кешегі қалаулылардың арасында қойшы да, құрылысшы да жүруші еді. Бүгінгілер ығай мен сығайлардан құрылған. Көліктің төресін мінеген, бизнестің жілігін шаққандар. Осалы жоқ, осыларға қарап тұрып, ақшаң болса депутат болу оңай екендігіне көз жеткізгендей боласың. Әлгілердің сайлау алды бағдарламаларына қарап тұрып көңілің босайды, жылап жіберуге шақ қаласың. Халық та қызық, кәмпитке алданған баладай сеніп қалады. Өткен жолы енді сайланған облыстық мәслихаттың жап-жас бір депутатын әңгімеге тартып, елге берген уәдесінің қалай орындалып жатқанын, қандай қолбайлау болар мәселелер барын сұрап, мүмкін баспасөз арқылы есеп беру қажеттігін айттым. Себебі, соның алдында ғана өзі сайланған аймақтың тұрғындары бізге шағымданып жол, ағын су, экологиялық ахуал тұрғысында көтерген мәселелері жоғарыға жетпейтінін, жетсе де жанайқайларына құлақ түрілмейтінін жазып, жәрдем сұраған болатын. Ал ол болса шоршып түсіп, газетке сұхбат бергеннен гөрі, интернет арқылы мақала жазатынын жеткізді. Түйсігі сол болса, не істейміз?
Әлі отызға жетпеген тағы бір депутаттың жеңінен тартып тоқтатып, сайлаушылар алдындағы аманаттың қалай орындалып жатқандығы жөнінде білгіміз келетін айтқанда ол:
— Мен әлі ешнәрсе істеп үлгерген жоқпын, сұхбат беруге дайын емеспін,- дегенін естігенде, ішімізден «ештеңе тындырмаса, мұнда ол қайдан адасып жүр» дедік те қойдық. Есімі елге танымал тағы бір депутаттың ұялы телефонына хабарласып, өзінің әріптесі жөнінде бір-ақ ауыз пікір айтуын қанша өтінсек те үнемі жиналыста отырғанын немесе әкімнің қабылдау бөлмесінде екенін, әйтпесе жол үстінде жүргенін айтудан шаршамайды. «Жақсы», «жаман» деп айту үшін оған бар болғаны бірер минут қана керек. Демек, ол депутаттың бізді ғана емес, сайлаушыларын да сандалтып жіберуден тайынбайтыны анық. Сессияда болсын, өзге де келелі кеңестерде сол депутаттар билікке талап қоймақ түгілі, қолдарын көтеріп, бір өзіндік пікір айтып көрді ме? Өзіміз көрген жоқпыз. Өмірзақ Мелдеханов, Рәшкүл Оспанәлиевалардың қасында олар кім тәйірі. Бірақ депутат деген дардай атақтары бар, түк бітірмейтін мұндай қалаулылар әр сайлауда уәдені үйіп-төгіп, «сүйеніштеріне» сыйынып, жеңіске оңай жетеді. Мақсатына жеткен соң елдің жағдайы естен шығып, өзінің бизнесінің мүддесін көздеп кететін, біз айтпасақ та ел-жұрт көріп, сезіп жүр.
Биылдан бастап жергілікті әкімдер сайлауы өтеді. Егер біз әкімдерді де дәл мәслихат депутаттарындай сайласақ, лас тәсілді қолдансақ, ешқандай өзгеріс болмайтыны анық. Сайлауға облыс әкімі, «Нұр Отан» ХДП араласпауы тиіс. Араласты дегенше таз кепешті қайта киеміз. Мен өз басымнан өткен бір деректі айтайын. Өткен сайлауда аудандық орталық сайлау учаскесінің мүшесі болдым. Алдыңғы сайлауларға да қатысып жүргенмін. Бірде сайлау учаскесінің төрағасы менің мүшеліктен шығарылғаным жөнінде ескертті. Түк те өкінген жоқпын, бірақ желдің қай жақтан тұрғанын жұқалап сұрап көрсем, тапсырма «НұрОтан»ХДП аудандық филиалы төрағасының орынбасарынан түсіпті. Төңірегінен үнемі жау іздеп жүрген сол сорлының өзі жақында сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін қызметінен қуылып, бірталай заңсыз әрекеттері әшкере болды. «Көптің көзі көреген». Қалаулылар болсын, әкімдер болсын, әрбір әрекетіне есеп беріп, елмен етене болғандары жөн. Қашанда «қалаулы» деген ардақты атты биік ұстап, халықтың талап-тілектеріне, ұсыныс-пікірлеріне құлақ асқандары дұрыс деп ойлаймын.