СҰЙЫТЫЛҒАН МҰНАЙ ГАЗЫН ЭКСПОРТТАУҒА ТЫЙЫМ САЛУ МЕРЗІМІ ТАҒЫ ҰЗАРТЫЛДЫ

Экспортқа тыйым салу туралы бұйрыққа ҚР Энергетика министрі қол қойды және 2025 жылғы 14 мамырда күшіне енеді, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

— 2023 жылдың қарашасынан бастап сұйытылған мұнай газын Қазақстан Республикасының шекарасынан тыс жерлерге автомобиль және теміржол көлігімен әкетуге тыйым салынды. Экспортқа тыйым салу туралы бұйрықтың мерзімі 2025 жылдың 14 мамырында аяқталады, — делінген хабарламада.

Осыған байланысты ішкі нарықты сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының аумағынан сұйытылған мұнай газын (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 2711 12 970 0), пропанды (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 2711 12 940 0) және бутанды (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 2711 13 970 0) автомобиль және теміржол көлігімен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу мыналарды қоспағанда енгізіледі:

1) өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) не Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде өндіруді жүзеге асырған, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 722-бабының 1-тармағына сәйкес салық режимінің тұрақтылығына ие жер қойнауын пайдаланушылардың әкетуін;

2) қазақстандық шикізаттан жасалған (өңделген), Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қарашығанақ кен орнында өндірілген тауарларды әкетуді;

3) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде басталатын және аяқталатын өткізілетін транзиттік тасымалды.