Ауылды «қарық» қылмаған, ауданды қалай игермек?

474
0

Біз «Уақыттың» биылғы сегізінші санында «Мырзахметов өз кадры үшін жауап бере ала ма?» деген мақала беріп, онда облыс әкімінің кадр саясатына байланысты біраз мәселелерді жіпке тізгендей етіп бас-басына атап көрсетіп, салмақтың нардай жүгін ол кісінің өзіне қалдырған болатынбыз.

Асқар Мырзахметовтың біраз уақыттан бері іштей ойланып, толғанған жоспары болды ма, әлде мақаланың әсері болды ма, кім білсін Ордабасы ауданынның әкімі Шоқан Кенжеевті «жағаға ақыры лақтырып» тынды. Аптаның басында таңғы сағат тоғызда аудандық мәслихаттың қалаулыларымен бас қосқан облыс басшысы Ш.Кенжеевті өз өтініші бойынша атқарып жүрген лауазымдық қызметінен босатты. Мұның да өзіндік бір-екі «қызығы» болды. Асқар Исабекұлы депуттардың алдында Кенжеевтің берген өтінішін көрсетпеді. Қызметтен кететінін алдын ала білді ме, әлде «ақыры болары болды» деді ме, Шоқан мырза өзі қызметтен алынатын жиналыска қатысқан жоқ.
Біз аталмыш мақаламызда бүгінде экс-әкімге айналған кенжеевке қатысты Темірланды топан су алғаны жайында қатаңдау пікір білдіріп, облыс басшының мұндай шетін мәселеге атүсті қарап келе жатқандығын қатаң сынға алған болатынбыз. Сынға құрылған мақала сыныққа сылтау болуы да мүмкін екендігін теріске шығарғымыз келмейді. Дәл осы мақала шыққан газеттің бір данасы Президент аппараты басшысының алдында жатқандығы да мәселенің жедел шешілуіне ықпалын тигізген сыңайлы.
Кадр саясаты жөнінде біз Мырзахметов мырзаға ақыл айтып, ішкі саясатына қол сұғуға тиіс емеспіз, дегенмен елдің арасында айтылған пікірлерді де назардан тыс қалдыра алмасымыз белгілі. Кенжеевтің орнына әкім болып тағайындалған Данияр Тілеубергенов аудан көлемінде талай ірілі-ұсақты қызметтердің тізгінін ұстаған азамат. Аудан орталығындағы Қажымұқан ауыл округінің әкімі болып қызмет істеген Данияр Ізбасарұлың күні кеше талай отбасының үйлерінің тасқын судың астында қалғандығына ешқандай қатысы жоқ секілді. Ауылдың әкімі сол апаттың алдын алып, «Найман арықты» тазалаудың бастамашысы өзі болуы керек еді. Қаншама шығынға жол беріліп, елді әбіржіткен жағдайға ауыл әкімінің тікелей қатысы бар екендігі, одан жауапкершілікті алып тастауға мүлдем болмайтынын облыс басшысының ескермегендігі көптің аузындағы «қызық» әңгімелерге тұсау сала алмасы тағы белгілі. Бір ауылдың күрделі мәселелерін шешуден тысқары қалған әкімнің енді ауданды басқаруына мүмкіндік бергенде, Мырзахметовтың алғы күнге көздеген қандай үміті мен саясатының болғандығы жұмбақ күйде қалып тұр.
Кімді алып, кімді қою бірінші басшының өз шаруасы. Бірақ Темірландай ауылдың келелі мәселелерін жүзеге асыруда өз міндетінің парқы мен пайымын саралап, ауылды «қарық» қылмаған Тілеубергенов өзінің ұятымен іштей бір тоқайласып «Асеке, сеніміңізге рахмет, өткендегі ел әбіржіген тірлікте мен өзімді көрсете алмадым ғой» деуге Даниярдың «ақылы жетпеді» деу ақылсыздық болар. Қу қызмет пен дүрілдеген лауызым кімдерді қызықтырмаған? Мүмкін бұл азаматты да осындай мансапқұмарлығы ұятты сырып қойып, осы биік креслоға сүйреген шығар?! Оны аман болсақ уақыттың керуеніне ілескен кездерден көрерміз.

«УАҚЫТ».