ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖОСПАРЛАРДЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ОРЫНДАЛДЫ

Түркістан облысында Мемлекет басшысының халықты жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалуы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауында.
16 тамыздағы жағдай бойынша өңірлік жұмыспен қамту картасының жылдық жоспары 87,2%-ға орындалды. Жылға жоспарланған 74 516 жұмыс орнының бүгінде 65 009-ы құрылды.
Жұмыспен қамтудың негізгі бағыттарында да нақты нәтиже бар.
Ұлттық жобалар аясында жылдық жоспарланған 2 465 жұмыс орнының 2 072-сі құрылып, жоспар 84,1%-ға орындалды.
Бос жұмыс орындары бойынша белгіленген 40 595 орынның 30 770-і қамтылып, көрсеткіш 75,8%-ға жетті.
Ал Мемлекет басшысының тапсырмаларының бірі – 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру бағыты бойынша жылдық жоспар толық орындалды. Жоспарланған 11 476 жаңа жұмыс орнының барлығы құрылып, көрсеткіш 100 пайызды құрады.
Субсидияланатын жұмыс орындарын құруда да жоспардан жоғары нәтиже көрсетілді. Жылдық жоспар 18 530 болса, 16 тамыздағы жағдай бойынша 19 964 жұмыс орны құрылып, жоспар 107,7%-ға орындалды.
Бұл көрсеткіштер өңірде халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған шаралардың нақты нәтижесін көрсетеді. Әсіресе жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыз азаматтарды еңбекке тарту және еңбек нарығындағы сұранысқа сай мүмкіндіктерді кеңейтуге басымдық беріліп отыр.
Жұмыспен қамту көрсеткіштерін арттырумен қатар, жұмыс орындарының сапасына да мән берілуде. Негізгі мақсат – тұрғындарды уақытша еңбекке ғана тарту емес, тұрақты табыс әкелетін, әлеуметтік тұрғыдан орнықты жұмысқа орналастыру.
Осы бағытта өңірдегі инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту және қолданыстағы кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыру арқылы жұмыс орындарын көбейтуге басымдық берілуде.
Жұмыспен қамту саласындағы жоспарлардың орындалу барысы облыс әкімінің жіті бақылауында. Жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктері алдында көрсеткіштерді уақытылы орындау ғана емес, құрылған жұмыс орындарының тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету міндеті тұр.
Жыл соңына дейін жұмыспен қамту картасының барлық көрсеткіштерін толық орындау және тұрғындарға тұрақты жұмыс орындарын ұсыну бағытындағы жұмыстар жалғасады.