ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫ МЕН ЗАҢСЫЗ ДӘРІ САТЫЛЫМЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Түркістан облысының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабының отырысы өтті. Жиында есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қою, синтетикалық есірткінің таралуына жол бермеу, нашақорлықтың алдын алу және дәрілік заттарды заңсыз, рецептісіз сатуға қарсы жұмыстар қаралды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты мемлекеттік органдарға есірткі қылмыстарымен күресті күшейтіп, профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу және дәріханалардағы заңсыз дәрі айналымына жол бермеу жөнінде тиісті тапсырмалар берді.
Түркістан облысында есірткінің заңсыз айналымына және нашақорлыққа қарсы профилактикалық жұмыстар 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес жүргізілуде. Есептік кезеңде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 294 дерек анықталған. Оның ішінде 103 қылмыс және 191 теріс қылық бар. Есірткі сату бойынша 18, аса ірі көлемде есірткі сақтау бойынша 9, есірткі контрабандасы бойынша 13 дерек анықталып, синтетикалық есірткі өндіретін бір зертхананың қызметі тоқтатылған. Арыс қаласында анықталған зертханадан 1,5 тонна прекурсор және шамамен 480 келі сұйық түрдегі «мефедрон» тәркіленген. Жалпы заңсыз айналымнан 953 келі 145,58 грамм түрлі есірткі заттары тәркіленді.
Синтетикалық есірткінің таралуына қарсы интернет кеңістігіне де мониторинг жүргізілуде. Жыл басынан бері «Киберқадағалау» жүйесіне синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 1042 сайт бұғатталған. Сонымен қатар есірткі сатумен айналысуы мүмкін тұлғалардың 2002 банк картасы анықталып, олардың айналымына шектеу қойылған.
Нашақорлықтың алдын алу мақсатында 1075 профилактикалық іс-шара өткізіліп, оған 104 мыңнан астам адам қамтылды. Қоғамдық орындардағы рейдтер барысында есірткі және психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта тұтынған 330 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көшелердегі есірткі жарнамасына қарсы 67 рейд жүргізіліп, 425 граффити жазбасы жойылды. «Қарасора-2026» іс-шарасы аясында үш айда есірткі өсімдіктерін заңсыз егуге қатысты 60 дерек анықталып, 17 974 түп, жалпы салмағы 802 келі 932 грамм есірткі өсімдігі жойылды.
Мәжілісте дәріханалардағы күшті әсер ететін дәрілік заттарды заңсыз және рецептісіз сату мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бүгінде облыста 836 дәріхана жұмыс істейді. 2026 жылдың 8 айында дәрілік заттарды босату талаптарын бұзғаны үшін 20 әкімшілік хаттама толтырылып, 4 млн 411 мың 500 теңге айыппұл өндірілген. Ал «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 28 материал тіркеліп, 26 әкімшілік хаттама толтырылған.
Жиында облыс әкімі жауапты органдарға есірткі қылмыстарының алдын алу, әсіресе жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, интернеттегі есірткі жарнамасына жедел тосқауыл қою және дәріханалардағы заңсыз дәрі сатылымын болдырмау бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.



