ТҮРКІСТАНДА БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

Жүрегінде мейірімі бар, өзгенің қуанышын өз қуанышындай көретін адамгершілік қасиеттер әрқашан қоғамның ең асыл қазынасы болып қала бермек. Жақында киелі Түркістан шаһарында ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндерге қолдау көрсету, олардың жүрегіне қуаныш ұялатып, арман-тілектерін орындау мақсатында «Қайырымды іс – жан азығы» атты өнегелі де тағылымды іс-шара өтті.

Адам баласы үшін өмірдегі ең пәк, ең таза әрі бейқам шақ – балалық шақ екені сөзсіз. Бұл кезеңде әрбір баланың арманы асқақ, қиялы ұшқыр келеді. Ал ерекше қамқорлықты, жылылықты қажет ететін өрендер үшін қоғамның назары мен жанашырлығы тіпті бөлек маңызға ие. Осы ретте қолға алынған жүрекке жылу сыйлайтын игі бастама ерекше бүлдіршіндердің арман-мақсаттарын жүзеге асыруға, олардың бойына өмірге деген құштарлық пен сенімді ұялатуға бағытталды. Киелі өңірде өткен бұл сауапты шараға облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов пен облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, балалар мен олардың ата-аналарына жылы лебіздерін білдірді. Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев балалық шақтың әрбір адамның өміріндегі ең маңызды, шешуші кезең екендігіне ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде балалардың құқықтарын қорғау, олардың амандығын қамтамасыз ету және өсіп-өнуіне, жан-жақты дамуына барлық қажетті жағдайларды жасау – бүгінгі қоғам мен мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен бірге, осындай игі де сауапты шараға белсене атсалысып, демеушілік көрсеткен, балаларға қуаныш сыйлауда азаматтық белсенділік танытқан жомарт жандар мен азаматтарға ризашылық білдіріліп, олар арнайы марапатталды.

Іс-шараның ең әсерлі әрі есте қаларлық сәті – ерекше бүлдіршіндердің көптен күткен асыл армандары мен тілектерінің орындалуы болды. Бағдарлама барысында 20-ға жуық баланың асыға күткен тілегі жүзеге асып, оларға арнайы дайындалған бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді. Шараның салтанатты сәтінде балалардың жүзіндегі қуаныш пен шаттық көздерінен анық байқалып турды. Атап айтқанда, балалардың біріне өзі көптен армандаған су жаңа велосипед сыйға тартылса, енді бір өрендерге үйлеріне қажетті жиһаз алуға және арнайы киім дүкенінен еркін сауда жасауға мүмкіндік беретін бағалы сертификаттар берілді. Бұл мейірімділік шарасы тек Түркістан қаласының аумағымен шектеліп қалған жоқ. Өңірдің әр түкпірінен келген бүлдіршіндерге бірдей көңіл бөлінді. Мерекелік жиынға Арыс, Кентау, Түркістан сияқты шаһарлар мен Сауран, Бәйдібек және Созақ сияқты шалғай аудандардан арнайы келген ерекше балалар қатысып, олардың да әрқайсысына лайықты сый-сияпаттар тапсырылды. Жомарт жандардың бұл қолдауы балалардың көңілін көтеріп, үлкен үміт пен қуаныш сыйлады. Ұйымдастырушылар тарапынан келген бүлдіршіндер үшін арнайы мерекелік бағдарлама дайындалды. Бағдарлама аясында 200-ге жуық бала Түркістан төріндегі «TURAN MALL» сауда-ойын-сауық орталығында орналасқан «Prime Cinema» заманауи кинотеатрында болып, қызықты да танымдық мультфильм тамашалады. Мұндай мәдени демалыс балалардың көңіл-күйін көтеріп, бір-бірімен жақынырақ танысуына, ұмытылмас әсер алуына мүмкіндік берді. Кино көрсетілімінен кейін балалар үшін арнайы мерекелік дастархан жайылып, олар дәмді тағамдардан ауыз тиді. Бүлдіршіндер бұл күнді есте мәңгі сақтау үшін бірге естелік суреттерге түсті. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар балалардың жас ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін мұқият ескере отырып, оларға арнайы бейімделген жеңіл, қызықты әрі толықтай қауіпсіз ойындар өткізді. Ойын барысында балалар белсенділік танытып, мәз-мейрам болысып, нағыз мерекелік атмосфераны сезінді. Қоғамдағы әрбір бала – біздің болашағымыз. Ал ерекше күтімге мұқтаж балаларға қолдау көрсетіп, олардың өмірге деген құштарлығын арттыру – әрбір азаматтың парасатты борышы. Түркістанда өткен «Қайырымды іс – жан азығы» атты бұл бастама – елдік пен жанашырлықтың, ізгілік пен бауырмалдықтың жарқын үлгісі болды. Осындай қайырлы да сауапты істердің қатары көбейіп, бүлдіршіндеріміздің жүзінен күлкі, көзінен қуаныш арылмасын.