ТҮЙМЕБАЕВҚА ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ НЕГЕ МҮМКІНДІК БЕРМЕЙМІЗ?
Қай дәуірде де, қай деңгейде де биліктің бірінші сатысына келген басшыға кедергі аз болмайды. Бұл бейне бір жазылмаған заңдылық секілді. Оған әр тұстан ықпалды топтар, жекелеген беделді азаматтар, ең ақыры елдің үлкен қариялары көлденең тосқауыл қояды.
Жансейіт Түймебаев Оңтүстіктің тумасы болғанымен, бұл өңірде бұрын-соңды қызмет атқармаған азамат. Көп нәрседен сырттай хабардар болғанымен, оның ішкі астарына терең бойлай алмайтындығы айтпаса да белгілі. Қызметке жақында ғана келген, үлкен облыстың тізгінін қолға алған Жансейіт Қансейітұлы үшін шындығында да көп нәрсе тосындау және жұмбақтау. Осындай ұрымтал тұстарды орынды пайдалануды терең ойластырған, ішкі бақай есебі мол кейбір пысықайлардың мұндай сәтті уыстан шығарып алмауға барын салатындығы бесенеден белгілі. Ілкі сәтте жұмысты қатаңдау бастаған облыс әкімінің шын жанашырлықпен қараған сырт көзге қарқынының одан әрі өршімей тұрғаны байқалады. Пысықайлар өздерінің ет жақындарын, ағайын-туыстарын түрлі қызметке тықпалап, оның алғашқы тиімді нәтижелері де жүзеге асқандығынан ел хабардар болып үлгерді. Бұл аса жақсы тенденция емес.
Кадр тағайындаудағы қателікке жол беру – басшының өзінің бүкіл жұмысына кедергі келтіруге тікелей көмектескенімен бірдей. Алғашқы кадрлар тағайындалды. Таяу арада таққа қонатындардың да мағлұматы мәлім болып отыр. Бірақ олардың өткеніне шолу жасап, терең талдап жатқан ешкім жоқ. Сұлу торыаттай, төрт құбыласын теңелтіп әкімнің алдына алып келеді. Оның артында ағайыннан басқа ірілі-уақты кландық топтар мен ру ақсақалдары тұрады. Оларды жолдан сырып тастаудың өзі кейде қиындық тудырып, басшының болашақ қызметіне де белгілі бір деңгейде ықпалы болатынын жасырып қалуға тағы болмайды. Қазір Оңтүстікте осы процесс кәдімгідей қарқынды жүріп жатыр.
«Уақыт» газеті өзі оқырманға жол тартқан 5 жылдан астам мерзім ішінде осы кадрлық саясатқа байланысты көптеген келелі мәселелерді көтерді. Ашық және батыл мақалалар жазылды. Оны кезінде бұрыс қабылдаған басшылар, кейінгі сәтте соның жанашырлықпен әрі дұрыс жазылғандығына көз жеткізді. Кей тұстарда оңды нәтижелер шығарды. Сыртқы ықпалдың әсерінен қателікке бой алдырып, сан соғып қалған кездері де аз кездескен жоқ. Осындай ыңғайсыз жағдайлар жөніндегі хабарлар Астанадағы Ақордаға дейін жетіп, оның арты әжептеуір жайсыз оқиғаларға астасып жатты.
Біз бұл мәселелердің барлығын қайта қоздатып, не үшін айтып отырмыз? Ол өткеннің ащы зардаптары қайтып қайталанбаса екен деген шынайы жанашырлықтан туындап отыр. Әкім Жансейіт Түймебаев алғашқы сәтте жұрт алдында үлкен компанияларды, кәсіпорындарды жеке-жеке аралап, олардың жұмысымен терең танысатындығын, соған орай нақтылы бір тиімді шешім қабылдайтындығын батыл және баса айтып еді. Қазір қарқын баяулап, ондай әңгіме көп айтылмауға айналды. Елбасының сара саясатын қолдайтындықтан, біз ол кісінің өңірдегі өкілі Жансейіт Қансейітұлының тосын шешімдер қабылдап, біреулердің айтқанының ықпалында кетіп алмағандығын, біздің достық рәуіштегі осы шағын ғана ой-пікірімізді облыс басшысының қаперіне алғандығын да қалар едік. Көптеген мәселелерді ашық айтуға болады. Бірақ біздің ақылымызға қарап қалған басшы жоқ деп ойлаймыз. Тек жанашыр ниетті ескеріп, одан дұрыс нәтиже шығару үшін қажет тұстарын ала білсе, одан ұтылмас еді деген ойдамыз.
Түймебаевтың қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік беруіміз қажет, әркім әр жақтан өзінің жеке мүддесін тықпалай беретін болса, әкім қалай жұмыс істемек? Осыны да терең ой сарабынан өткізгеніміз жөн секілді.
«Уақыт».
(«Уақыт» газеті №3 (222).
Фото авторы: Самат Мырзалиев