ОҢТҮСТІКТЕ ҚАЗАҚСТАН-ТҮРКИЯ БИЗНЕС ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯ ФОРУМЫ ӨТЕДІ


Құрметті оңтүстікқазақстандықтар мен өңір кәсіпкерлері!
Сіздерді ертең, 1 ақпан күні Шымкенттегі «Риксос Хадиша» қонақ үйінде өтетін «Қазақ-Түрік» инвестициялық форумына қатысуға шақырамыз.

Форум аясында «ОҚО-ның инвестициялық әлеуеті» тақырыбында конференция, Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық жобаларының, тауар өндірушілерінің, даму институттарының және туристік жобаларының көрмесі, сонымен қатар, ОҚО-ның негізгі туристік бағыттары бойынша ақпараттық турлар өткізу жоспарланған.
Форумның мақсаты — Түркиялық инвесторларға өңір экономикасын, инвестициялық ахуалын, инвестицияларға қатысты ҚР-ның мемлекеттік бағдарламаларын таныстыру және екі-жақты іскерлік топтар арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды жандандырып, нығайту болып табылады. Форумның басты іскерлік бағдарламасы ретінде ұйымдастырылатын инвест-форум барысында В2В кездесулерге басымдық берілетін болады.
Форумға екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері, ірі кәсіпкерлері, сауда-өнеркәсіп палаталары, ассоциациялары, инвестициялық компаниялары, даму институттары, сарапшылары, отандық және халықаралық БАҚ өкілдері қатысады. Аталған іс-шара 300 түркиялық және 200 қазақстандық қонақтар үшін іскерлік алаң болады деп күтілуде.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі