ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫ БҰЗЫЛСА ҚАЙДА ХАБАРЛАСУ ҚАЖЕТ?

ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫ БҰЗЫЛСА ҚАЙДА ХАБАРЛАСУ ҚАЖЕТ?

Шымкент қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 2021 жылдан бастап тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң аясында толық жұмыс істеуге көшті. Бұл туралы аталған департаменттің басшысы Әлібек Тілегенов ақпараттық-коммуникаиялық орталықта өткен брифингте айтты.

Жиында Әлібек Тілегенов тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында «e-tutynushy.kz» бірыңғай жүйесі мен арнайы мобильді қосымша іске қосылғанын айта келе, «Біртұтас жүйе QR-код түрінде нысанға орналастырылады. Егер сіз құқығым бұзылды деп санасаңыз, кодты сканерлеп, телефондағы арнайы қосымша арқылы жүйеге шағым жібересіз»,-деді.
Департамент басшысының сөзіне сенсек, өз кезегінде бірыңғай жүйе келіп түскен өтініштің нақты қай мемлекеттік ұйымға бағытталғанын автоматты түрде анықтайтын болады.
Соған сәйкес, сауда қызметін және қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын жеке кәсіпкер мен ұйымның есеп айырысу кезінде сатып алушыдан артық ақша алуы, тауардың сапасы мен қасиетіне қатысты мәліметтерді бұрмаласа айыппұл арқалайтын болады. Айыппұл көлемі жеке тұлғаларға 10, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 30, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК мөлшерін құрайды.
Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын саудалағанда үстемесінің мөлшерін арттырғандар да ескерту алады. Егер бір жыл ішінде бұл әрекет қайталанса, шағын кәсіпкерлік субъектілері 10, орта кәсіпкерлік субъектілері 75, ірі кәсіпкерлік субъектілері 300 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.
Брифинг барысында Әлібек Балықбайұлы жаңа Заңда тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі жан-жақты қаралғанын атап өтті.
Өз кезегінде Әлібек Балықбайұлы егер сауда орындарында азаматтардың құқықтары бұзылса, аталған департаменттің мамандарына да жүгінуге болатынын, ол үшін a.kozhamuratova@mti.gov.kz электронды мекенжайға хат жолдауға немесе 8 707 936 41 84 телефон нөміріне қоңырау шалу қажеттігін ескертті.