Шымкенттен тағы «шу» шықты

339
0

Шымкентте ана мен бала өліміне қатысты түсініксіз тірліктер жиі орын алып жатады. Көбінесе оқиғаны ың-шыңсыз басып тастауға мүдделілер кей-кейде кінәні мойындаудан гөрі, өзгелерге аудара салуға құштар. Кім өзіне-өзі пәле тілеп алғысы келеді дейсіз?
Міне, тағы да екі айлық нәресте шетінеді. Ата-анасы нәрестенің өліміне тікелей дәрігерлер кінәлі дейді. Анасының айтысына қарағанда, сәбиінің бойында туа бітті потологиялық сырқат болған. Демек, оған екпе (вакцина) егуге болмайды. Соған қарамастан нәрестеге жоспар бойынша екпе егіледі. Қыз бала арада тоғыз күн өткенде шетінеген. Ата-ана осы әрекеттері үшін учаскелік дәрігерлерді, яғни невролог пен педиатрды селқостық танытты деп айыптап отыр. Қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасының арнаулы комиссиясы осы мәселенің анық-қанығына жету үшін іске кірісті. Егер дәрігерлердің кінәлі екендіктері дәлелденсе, олар заң бойынша жауапкершілікке тартылады.

Бетті дайындаған Қыдыр ҚАЛИЕВ.