Ербол Садырдың «аузына» Болатбек Нәжметдинұлы «түкіріп» кеткен бе?

329
0

214Біздің газет менмін деген біраз кәсіпкерлердің арасында әжептеуір алаңдаушылық пен наразылық тудырған бір мәселеге байланысты екі бірдей мақаланы жарыққа шығарды. («Ет сасыса тұз себеді, ал әкім заңды белінен басса не істейді? немесе Президент не үшін шырылдай береді?», «Елбасы сөзін елемегендік пе, әлде менсінбегендік пе?»). Онда ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында таяуда өткен бір тендерде Отырар ауданындағы «Шәуілдір-Ақдала» автокөлік жолын күрделі жөндеуден өткізуге байланысты ешкім танымайтын, ел білмейтін, бұған дейін атағы да, шатағы да елдің құлағына ілінбеген, көзіне түспеген қайдағы бір «СМК и Ж-7» атты ЖШС-ның бәйгені шаппай алғаны жайында жазылған болатын.

Ешкім тегістен тау тұрғызып, жоқтан бар жасамайды. Кәсіпкерлердің наразы болып, қол жинап, Президенттің атына арнайы хат дайындап жатқандығы жайлы жайсыз хабар мен бізге шалынған қоңыраулар қолымызға қарашаның басында қалам алдырған еді. Конкурсқа барлығы жеті компания қатысқан. Ішінде атағынан ат үркетіндері, талай күре жолдарды қиналмай салған алпауыт компаниялар бар. Бірақ, «СМК и Ж-7» ЖШС солардың өзін жер соқтырған, сөйтіп «бір көзден сатып алу» тәсілі бойынша жеңістің тұғырына қарғып шығып, лотты қиналыссыз иемденген. Аталмыш ЖШС-нің, байқап отырсақ, ауыз толтырып айтарлық жұмыс өтілі, жол саласында тәлім болар тәжірибесі жоқтығы тендердің тізгінін ұстаған комиссияның қаперіне кіріп шықпаған. Оның үстіне жол салатындарды бірінші және екінші деңгейдегілер ретінде бағалайтын болса, біздің қаламымыздың ұшына ілінген «СМК иЖ-7» ЖШС екіншілердің қатарында екен.
Оңтүстік өңірінде кейінгі үш-төрт жылда бүкіл тендердің бишігін қолында ұстаған Болатбек Нәжметдинұлының заңыңыз бен «законыңызды» белінен басып, көрер көзге қайыстырып тұрып бүйрегі бұрғанға, көңілі ауғанға бергенінің ақыры өзін ғана емес, бүкіл облысты, облыс басшыларын өте ыңғайсыз жағдайда қалдырғаны елдің есінен әлі кете қойған жоқ. Сол азаматтың креслосына «қонжиған» Ербол Садыр мырза Болатбек Нәжметдинұлы салған сол баяғы соқпалы сүрлеуге түсіп кеткеніне дәл осы тендер нақтылы дәлел бола алады. Өйткені бүкіл автокөлік пен жол құрылысына тікелей жауап беретін, бақылайтын, бағыт беретін бір ғана адам бар, ол – облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр. Осыдан кейін сәл ыңғайсыздау болса да елдің аузында жүрген, қақпағы жоқ «Болатбек Ерболдың аузына» «түкіріп» кеткен» деген сөзге қандай қарсы уәж айтуға болады?! Құдайым-ау, күні кеше ғана Болатбектей іскер азаматты бүк түсіріп, етпетінен сүріндірген сол тендердің төңірегіндегі былық пен шылық неге Ербол Садырға ес жиғызбайды, екі шоқып бір қарауға дағдыландырмайды? Әлде «тісің барда ысқыр, мұрның барда пысқыр» деген қағидатты ұстауды қаперіне қатты алған ба Ербол мырза? Тендер өткелі бері арада бір ай ғана уақыт өтті. Егер он ойланып, жүз толғанып, мәселенің мән-жайын қайта бір ар мен адалдықтың әділ таразысына салып қарар болса, ертеңгі жол құрылысының жанға жайлы тимейтін зары мен зардабынан азап шеккеннен, оның қаһарына ұшырағаннан гөрі, ертерек ес жиып, қателікті бүгін түзеген әлдеқайда сауапты іс боларын Ербол Садыр мырза түсінбей ме, түсінгісі келмей ме? Егер кәнігі кәсіпкерлер орынсыз даудың алауын жалаулатып жүрген болса, өзінің орынды уәжін айтып, оларды дәлелді жауабымен сабырға шақырмай ма? Біле білсе, осылай етудің өзі адамгершілік қасиет, әрі көрегенділіктің үлгісі болар еді Біз өзімізді келешекті болжайтын кемеңгер немесе көріпкел санамаймыз. Елдің ішінде көппен етене араласып жүргеннен кейін көп жайға қанықпыз. Өткен жылдың соңында дәл осы құрылыс саласына байланысты сол кездегі облыс әкімінің орынбасары, «тендерлердің қожайыны» Б.Нәжметдинұлына «Биліктің арғы беті, бергі беті…» деген кезекті мақаламызда адами тұрғыдан білген ақылымызды айтып, өзімбілермендігіне тоқтам жасауды өтінген едік. Біздің «ысқырығымызға» пысқырған жан болмады. Ақыры, әне… анандай болды. Біз дәл сондай пікірді тұғырға қонғанына көп болмаған Ерболдайын ел билеген азаматқа сол елдің атынан ескерткіміз келеді. Өйткені, газет – халықтың үні, көзі, құлағы һәм тілі. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» дегенді қазақ деген халық босқа айтпаған. Осы қазақ қарап жүрмей, кейінгілерге «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деп те ескерткен. Шіркін осыларды ойының терең сарабына салатын сарамжал азаматтар көп болса ғой деп армандайсың кейде. Ертеңінің биігін бүгін қарлығаштай болып қалап жатқан Е.Садырға Болатбектің жолын тілеуден аулақпыз.
Қарап жүрмей, осы әңгімеге азық болған, ғайыптан тайып, талайларға шаң қаптырып, шыңға шыққан «СМК и Ж-7» ЖШС-ның иесін енді іздемекке ниеттеніп жүрген кезімізде, мақала шыққаннан кейін редакцияға бір домалақ арыз келіп түсті. Онда әлгі жол салатын серіктестіктің иесі Шымкенттің экс-әкімі Қайрат Молдасейітов екенін хабарлапты. Дереу газеттің директоры Талғат Балтабаев айтылған жайдың анығы мен қанығын білу мақсатында Қайрат Молдасейітовке тікелей байланысқа шығып, мән-жайды түсіндірді. Обалы не керек, ол кісі ондай компанияны білмейтінін, керек болса атын естімегендігін айтып, ат-тонын ала қашты. Сонымен мұның кімнің компаниясы екендігі жұмбақ болып қала берді. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, біз енді Әділет басқармасына арнайы сұрау-хат салып, кімнің кім екенін білгелі отырмыз. Білгенімізді жақын арада хабарлап қалатынымызға кәміл сеніңіздер. Әрі сол серіктестіктің қашан туғанын, не істегенін, қысқасы бүкіл өмірдерегін де зерттеу үстіндеміз. Бұл өзгенің соңына шам алып түсу, түртпектеу, бәле іздеу емес. Біздің ниет болашақ жолдың обалы мен сауабына деген жанашырлықтан туып отыр.
Елбасымыз еліміз үшін шырылдайды, облыстың басшысы сол облыстың бүкіл тынысы мен тіршілігінің қалыпты болуы үшін барын да, жанын да салады. Ал ол кісінің сенген орынбасарлары мен салалық басқарма басшылары көзді ала бере өздерінің білгендерін істеп жатады. Әкімнің төрт көзі, он екі құлағы жоқ. Ол командасына сенім артады, солардың баяндағандарына бас шұлғиды. Ол әр басшының атқарған ісіне күн сайын тексеру жіберіп, «ревизия» жасамайды. Көрсетілген сенімді ақтамау, басшысына болған істі басқаша хабарлау әр басшының ары мен ұятына, адамгершілік қасиетіне байланысты. Өзіне артылған сенімге селкеу түсіру түбінде опық жегізіп, орға жығатынын сол кісілер жан-жүрегімен сезінсе, бірінші басшыға сөз ермес еді.
Біздің де, елдің де назары бүгінде – «СМК и Ж-7»-де. Білгенімізді, тапқанымызды талқыға салып, қалың қауымға хабарлауды парызымыз санаймыз.  Бүгін түймедей ғана болып тілдің тиегіне айналған осы мәселе ертең түйедей болып кетпегені бәрімізге де тиімді.

Қыдыр ҚАЛИЕВ,
 «Уақыттың» арнаулы тілшісі

P.S. Біздің Ербол Садырда алты аласы, бес бересіміз, ала алмай жүрген өшіміз, болмаса жеке бас араздығымыз жоқ. Тек кейде адамның қателесетінін, жаза басатынын, сөйтіп жазықты болатынын, оның зардабының елге салмақ екендігін ескерткіміз келеді.  Күні кеше ғана болған облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясындағы бір ыңғайсыз жағдайды тағы да бір еске салғымыз келеді. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр осы күні халық қалаулыларының алдында әжептеуір қомақты қаржының облыстағы білім беретін нысандардың құрылысының дер кезінде аяқталмауына байланысты кері қайтарлатынын мәлімдегені сол, мәслихаттағылардың мазасы кетті. Қаржы тағы игерілмей қалды. Себебі көп, тіптен кейбіреуі Күлмес ханның өзін күлдіреді. Сарыағаштағы аты шатасып кеткен, біреулер Шеңгелді, енді біреулер Дербісек деп жүрген әйтеуір бір ауылдағы салынып жатқан мектептің астынан су шығып кетіпті-міс. Ол неге зерттелмеген, шөлді алқаптан шыққан қандай су? Сұрау көп, жауап жоқ. Тіптен облыстағы орамал тартқан жалғыз депутат Е.Садырға осы бюджеттің қаржысының игерілмеуіне байланысты жауапты басшылардың тиісті тәртіптік жазаға тартылатынына уәде берген Ербол Садырдың өзіне тікелей қойған сұрағына қайтарылған жауап та қызық болды. Бейне бір мемлекеттік құпияны ашып қоятындай болған ОҚО әкімінің орынбасары «…апай, өзім сізге «оңашалап» жазбаша жауап берейінші» деген уәжін қалай түсінуге болады? Апайы да қанша қадалғанмен, ақыры жауап ала алмады. Орынбасар кімдерден-кімдерді жасырды, әйтпесе кімдерден қорықты? Бұл жұмбақ. Осыдан кейін ой келді, мынандай сауалға аз топтың алдында айтары жоқ Е.Садыр мырза қалың қауымның көкейіндегі серіктестікке байланысты не айта қояды деген. Көрейік, ақырын тосайық. Біз жаһанға жар салып сауал бердік, енді оның жазбаша жауабы Е.Садырдың мойнында…