ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ДАЙЫНДАУДА ҚАНДАЙ ТЫҢ ТӘСІЛДЕР ҰСЫНЫЛБАҚ

Бүгін Құрылтай сайлауынан кейін жаңадан жасақталған Үкіметтің алғашқы отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері еліміздің экономикасы үшін маңызды тақырыптардың бірін талқыға салмақ.

Сонымен Үкімет отырысының күн тәртібіне жұмысшы мамандықтары бойында кадрлар дайындаудағы жаңа тәсілдер тақырыбы шығарылып отыр. Күн тәртібіне шығарылған мәселе қаралып болғаннан кейін БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады.

Оның барысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов тілшілер тарапынан туындаған сауалдарға жауап береді.

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тасырмасына орай өткен жыл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтті. Жұмысшы мамандықтар жылын іске асыру аясында мемлекеттік органдар жұмысшы мамандықтардың қоғамдық мәртебесін арттыруға, олардың елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі рөлін айшықтауға және қоғамда еңбек құндылықтарын нығайтуға бағытталған кешенді жүйелік шаралар ұйымдастырылды.

2025 жылы жұмысшы мамандықтарға арналған жаңа мемлекеттік наградалардың пайда болуы ерекше маңызға ие болды. Бұл — еңбекті мемлекеттік ынталандыру жүйесіндегі бұрын-соңды болмаған қадам. «Еңбек сіңірген геолог», «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы», «Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі», «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» құрметті атақтары алғаш рет енгізілді. Ол жұмысшы мамандықтар өкілдерінің елдің өнеркәсіптік дамуы мен бағалайтынын көрсетті.

2025 жылы жалпы 26 кәсіби мереке атап өтілді, оның аясында мемлекеттік және ведомстволық наградалармен 7,5 мыңнан астам адам марапатталды. Бұдан бөлек, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру және оқушылар мен студенттер тарапынан оларға деген тұрақты қызығушылықты қалыптастыру мақсатында кәсіпорындарда ашық есік күндерін және жұмыс берушілердің қатысумен бос орындар жәрмеңкесін өткізуді қамтитын кәсіптік бағдарлаудың кешенді іс-шаралары ұйымдастырылды. Ашық есік күндері аясында жалпы білім беретін мектептердің оқушылары металлургия, машина жасау, құрылыс және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының, сондай-ақ құрылыс материалдарын шығару, шыны, полиграфия мен ағаш өңдеу салаларындағы ұйымдардың өндірістік процестерімен және еңбек жағдайларымен тікелей танысуға мүмкіндік алды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша 27 мың жұмыс берушінің қатысуымен 1,9 мың бос жұмыс орны жәрмеңкесі өткізілді, сондай-ақ 4 347 кәсіпорын «ашық есік күндерін» ұйымдастырды. Бос орындар жәрмеңкелері мен ашық есік күндеріне барлығы 250 мыңға жуық оқушы мен студент қатысты. Қосымша «Сенің мансаптық бастамаң: «Электрондық еңбек биржасын қалай пайдалануға болады» онлайн курсымен 527,7 мың оқушы мен студент қамтылды, тағы 100,7 мың оқушы кәсіптік диагностикадан өтті. Сонымен бірге, салалық мемлекеттік органдар жұмысшы мамандықтар бойынша білім беру жүйесін еңбек нарығымен синхрондауды қамтамасыз ететін 100 кәсіптік стандартты әзірледі.

Кадрлық әлеуетті тұрақты дамыту және еңбек етуге лайықты жағдай жасау мемлекет үшін негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту қарқынды түрде жалғасады. Жасанды интеллект енгізіліп жатқан жоғары технологиялық өндірістерге мамандар даярлау басты назарда болады. Колледждерге қабылдауды одан әрі ұлғайту, кәсіпорындар өндірісі бойынша кадрларды мақсатты даярлау тұрақты және үздіксіз түрде мемлекет тарапынан қолдау табады.

Жастардың жұмысшы мамандықтарға қызығушылығын арттыру үшін мектептен бастап ауқымды кәсіптік бағдарлау жұмысы жалғасады. Дуалды оқыту деңгейін дамыту және арттыру, бизнеспен әріптестікті нығайту да жүргізіле береді. Кадрлар даярлаудың халықаралық стандартын енгізу, студенттер мен педагогтердің академиялық мобильдігін арттыру, қазақстандық колледждер базасында халықаралық кәсіптік білім беру ұйымдарының жаңа филиалдарын ашу жалғасады.