Оңтүстікте «кадр бораны» бет қаратпай тұр

Қазақ оншама діншіл болмаса да, жүдә ырымшыл халық. Болатын нәрсені ырымға сеніп болдырмай қоя салады. Мүмкін бір жағынан бұл дұрыс та шығар.
Сейсенбіні біздің қазакең аптаның сәтсіз күні санайды. Осы аптаның сол сәтсіз сейсенбісі Шымкент қаласының әкімі Арман Шәріпбайұлы Жетпісбай үшін де сәтті бола қоймады. Өзінің «болашақ үшін, басқа жұмысқа көтерілуі» жайында жазған арызына байланысты облыс әкімінің өкімімен қала әкімі қызметін тапсырды.

Жиналған қауымның алдында Қазақстанның болашақ үшінші қаласын 2008 жылдан бері, яғни төрт жылдан астам уақыт ең ұзақ басқарған А.Жетпісбай алғысын айтып қоштасты.
Айтатын нәрсені айту керек, өйткені «Айтпаса сөздің атасы өледі». Біз айналып келіп, өзіміз түкті де түсінбегеннен кейін, тағы да Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кадрларды «алып-салудағы» тосын әдістеріне, «тың методтарына» таңырқадық. Өткен аптада аймақтағы Ордабасы ауданының экс-әкімін өзі жұмыстан кететін соңғы жиналысқа қатыстырмай-ақ, өтінішін оқымай, оның бәрі-бәрін ауызша айта салып, жаңа әкімді халық қалаулыларының алдында тағайындап жіберген еді. Бұл жолы 2009 жылдан бері иісі мұсылман кие тұтар Түркістан өңірін басқарып келген Қайрат Молдасейітовті жиналыс залының арғы жағында тұрғызып, өзінің өкімімен әкім етіп тағайындап жіберді. Мұндай «шеберлік» екінің бірінің қолынан келе қоймас. Мақұл, халық үшін басшылықтың бишігін кім алса, ол алсын тек бұқараға жайлы, халқының қамын қара басынан гөрі көбірек ойлайтын, ары таза азамат болса болғаны ғой. Түркістандағы үш жылда Қайрат Молдасейітов «момақан» күй кешті. Көштің соңында қалмады, бәрін жапырып алға шықпады, аты мен затына оншама оғаштау әңгіме айтылмады. Бизнестің «сүйегін мүжіп, сорпасын сарқа ішкен» бұл азамат Шымкент үшін шамасы келетін қандай тірлік істейтініне күндердің күнінде уақыт шіркін бағасын қояды.
Көптің аузына қақпақ болу қиын. Қыр асқан қыруар тірлігі, жайына қалған жұмысы жоқ мынау жалпақ жұрттың аузында жаһанға жайылған «жазықты, жазықсыз» талай әңгіме жүр. Ол әрине елмен етене араласып қалған бұған дейінгі Арман Жетпісбай жөніндегі «жөлөкпе» әңгімелер. Ішкі істер департаментінің кеңсесінен кеңістікке «олай болды рас, олай болмады өтірік» деген нақтылы толыққанды жауап берілмей, құлыптаулы күйде құпия сақталып берілмей жатқан, көптің аузындағы сөзге және үлкен бір телеарнаның ресми берген мәліметіне сенсек Арман Жетпісбай арызын жазардың алдында Шымкент қаласында түн ортасында ол кісінің қызметтік көлігіне белгісіз біреулер оқ атыпты. Ең қиыны осы оқиғаның шындығы қайсы, жалғаны қайсы екендігін полиция ашып айтпай отыр. Бұл сауалға Арман Жетпісбайдың өзі де ашық жауап бермей, айтатынының арнасын басқа жаққа аударып жіберді. Дегенмен, «Жел тұрмаса, шөптің басы өзінен-өзі қимылдап», оған жан бітіп кетті деймісіз? Тағы бір айта кететін жәйт жаңа әкімді тағайындау сәтінде журналистерді қатыстырылмағанның өзі біраз нәрсені аңғартса керек.
Соңғы кездері «Уақыт» газетінде Асқар Мырзахметовтың кадр саясаты жөніндегі сыни мақалалар аз жазылып жүрген жоқ. Осының салдары ма, әлде басқа себебі болды ма, Асқар Мырзахметов арасын айға жеткізбей өңірдегі екі басқарманың бастығын, үш қала мен үш ауданның әкімдерін ауыстырды. «Сапырылыстыр» дегенде дәл осылайша «опыр-топыр» еткеніне қарағанда әкімнің шамына соңғы кезде айтылған сындар қаттырақ тиген болуы, немесе «Асқар Мырзахметов бүгін-ертең ауысып кетеді» деген дуалы ауыздардың «бытпылдық болжамының» қарсаңындағы қатты бір серпіліс жасағаны болу керек. Десек те, Мырзахметов облыс аумағында кадр мәселесіне қатаң қарап, «тыңнан түрен салды». Лайым, ұзағынан болып, кеткендер ренжімей, келгендер «қамытты тарылта киіп», тарландардың тірлігін жасағай.

«Уақыттың» шолушысы.

ПІКІР ЖАЗУ