МАҚТААРАЛДАҒЫ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

Оңтүстік Қазақстан облысында 16-19 ақпан күндері жауған нөсерлі жауынның салдарынан Мақтаарал ауданы тұрғындарының үй аулаларын су баса бастауы жөнінде ОҚО Төтенше жағдайлар департаментіне бірнеше хабарлама келіп түскен, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Толассыз жауған жауынның және Атакент кентіне жақын орналасқан мақталық алқаптарда жаппай сор шаю жұмыстарының жүргізілуі мен жер асты суларының көтерілуі салдарынан Атакент кентінің Қажымұқан, С.Мұқанов, Сейфуллин көшелері бойында орналасқан 58 үйдің ауласын су алу фактісі орын алды.

Осыған байланысты аудан әкімдігі тарапынын төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша арнайы штаб құрылып, тәулік бойына үздіксіз жұмыстар жүргізілуде.

Аталған жағдайды тікелей бақылауда ұстау мақсатында Мақтаарал ауданына ОҚО әкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаев арнайы барып, штаб жұмысын үйлестірді.

Шұғыл атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, су басқан елді мекендерде авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіліп, мотопомпалармен көлемі 12 926 текше метр болатын су шығарылды. Бүгінгі таңда су басқан үйлердің аулаларындағы сулар төмендетіліп, тазартылуда. Аталған үйлердің ешбірі шығынға ұшыраған жоқ.

Облыс әкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаевтың айтуынша, Мақтаарал ауданындағы су шығару жұмыстарына жалпы 52 адам, 5 техника, 9 мотопомпа жұмылдырылған. Сонымен қатар, аудан әкімшілігі мен жергілікті полиция қызметкерлерінен құралған 26 адам жұмылдырылды. Осы жұмыстарды ұйымдастыруда жергілікті тұрғындар да өз үлестерін қосуда.

Бүгінгі таңда аталған ауданда су тасқыны қаупі жоқ, жағдай тұрақты. Жұмыстар жалғасуда. Бұл мәселе облыс әкімінің тікелей бақылауына алынған. Осы күндері жауған қатты жаңбырдың салдарынан облыстағы Шымкент, Түркістан, Арыс, Кентау қалаларымен Мақтарал, Сарыағаш, Сайрам, Бәйдібек, Ордабасы, Шардара, Қазығұрт аудандарындағы елді мекендерді су басу қаупі байқалған. Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су басқан орындарда авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, мотопомпамен суларды шығарған. Жергілікті атқарушы органдармен жүйелі түрде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жалпы жағдай оңтайланды.

ПІКІР ЖАЗУ