«АДАЛ АЗАМАТ»: ЖАСТАРДЫ ТЕРІС ДІНИ ЫҚПАЛДАН САҚТАНДЫРУ ШАРАСЫ ӨТТІ

Шымкент қаласында жастардың діни сауаттылығын арттыру мен радикалды идеологиялардың алдын алу бағытында маңызды іс-шара өтті. Қалалық Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Жастар ресурстық орталығында «Адал азамат: шет елдегі білім, күмәнді теологиялық оқу орындары және жат діни ағымдардың қаупі» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.

Бұл жиынның басты мақсаты – жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, теріс ағымдардың қоғам мен отбасы өміріне әкелетін зардаптарын түсіндіру, діни сананы нығайтып, рухани тұрақтылықты арттыру болды. Қазіргі ақпарат ағыны жылдам заманда жастардың діни сауатын арттыру – тек мемлекеттік деңгейдегі емес, жалпы қоғам алдындағы жауапкершілігі зор міндет. Кездесуге республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, теологтар, дінтанушылар және қоғамдық пікір көшбасшылары қатысып, студенттермен ашық сұхбат форматында пікір алмасты. Мамандар өз баяндамаларында шетелде діни білім алудың ерекшеліктеріне тоқталып, күмәнді теологиялық оқу орындарының ықтимал қауіптері туралы нақты мысалдар келтірді. Олар әсіресе жастардың діни білім алу кезінде сенімді әрі заңды жолдарды таңдауының маңыздылығын ерекше атап өтті. Кездесу барысында теологтар деструктивті діни ағымдардың қоғамда таралу тәсілдері мен олардың идеологиялық ықпал ету құралдарына талдау жасады. Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде немесе бейресми онлайн-платформаларда таралатын жалған діни мазмұндар мен радикалды идеялар жастардың санасына теріс әсер ететінін ескертіп, ақпараттық иммунитет қалыптастырудың жолдарын түсіндірді. Іс-шарада қатысушылар назарына арнайы дайындалған бейнематериалдар ұсынылды. «Әмірдің ақыры» және «Адастырған «Ақиқат» атты деректі фильмдер жастарға шынайы өмірден алынған мысалдар арқылы деструктивті ағымдарға еріп кеткен азаматтардың тағдыры туралы ой салады. Ал «Жат ағымның қаупі қандай?» және «Онлайн медресе – кімнің ордасы?» атты бейнероликтер әлеуметтік желілерде жиі кездесетін күмәнді діни контенттің қауіптілігін нақты фактілермен көрсетті. Жастар аудиториясы тарапынан қызығушылық жоғары болды. Кездесу барысында студенттер теологтарға көкейдегі сұрақтарын қойып, өз ойларын ашық білдірді. Көптеген сұрақтар діни білім алу, исламдағы дұрыс бағыт пен адастырушы ағымдарды ажырату, әлеуметтік желілердегі діни ақпараттарға сын көзбен қарау туралы болды.

Дін істері басқармасының мәліметінше, бұл бағдарлама үш күнге жоспарланған. 5–7 қараша аралығында қаладағы 9 жоғары оқу орны мен 16 колледждің студенттері мен оқушылары қамтылады. Барлығы 1400-ге жуық жас тыңдарманға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, 18 жекеменшік мектепте де арнайы кездесулер өтіп, «Адал азамат: жат діни ағымдардың қаупі және мектеп ережелерін сақтау» тақырыбы талқыланатын болады. Мамандардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың діни танымын кеңейтіп қана қоймай, олардың бойында елдік сана мен отансүйгіштік сезімді қалыптастырады. Өйткені радикалды ағымдарға қарсы күрестің ең тиімді жолы – білім мен саналы көзқарас. Діни сауатты, ақпаратқа сын көзбен қарайтын жас – қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Шымкент қаласында дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеу және жастарды жат идеологиядан қорғау бағытындағы шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Дін істері басқармасы мен білім ұйымдарының өзара ынтымақтастығы арқасында жастар арасында діни сауаттылық деңгейі артып, қоғамдағы рухани қауіпсіздік мәдениеті нығая түсуде. «Адал азамат» жобасы – тек ақпараттық іс-шара ғана емес, ол жас ұрпақтың дүниетанымын дұрыс қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Осындай бастамалар арқылы жастар өз еліне адал, рухани бай, парасатты азамат болып қалыптасуға мүмкіндік алады.