ОҚО ӘКІМІ:МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІНІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ ТУҒАН ОТАНЫ МЕН ХАЛҚЫНА АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТУ

Құрметті мемлекеттік қызметшілер!

Қадірменді қауым!

 

Сіздерді 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер болып табылады.

Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.

Баршаға белгілі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2003 жылы әр жылдың 23 маусымын мемлекеттік қызметшілер күні деп атап өту жөнінде ұйғарым жасаған болатын.

Бұл шараның халықаралық аренада мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшінің статусын көтеруге оң ықпал еткені ақиқат.

Осыған орай, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 23 маусымды Мемлекеттік қызметші күні деп жариялап, арнайы Жарлыққа қол қойды.

Дана халқымызда «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты болады» деген сөз бар. Сондықтан қашан да жүгі ауыр билік міндетінің ауқымды және мақсатының биік болары барлық мемлекеттік қызметшілердің әрқашан жадында болуы керек.

Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті туған Отаны мен халқына адал қызмет етумен бағаланады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер жоғары әдеп нормаларын қатаң сақтауы маңызды екенін айтқым келеді.

Бүгінгі мерекені пайдалана отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, халыққа қызмет ету жолындағы адал еңбектеріңізге сәттілік тілеймін!

 

Ізгі ниетпен,

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев

ПІКІР ЖАЗУ