БЕС БАСТАМА-АЙРЫҚША ЖОЛ

179
0

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламасы аясында, кәсіп көзін ашып, табыс көзін табамын деген жанға әрдайым екі қолына жұмыс табылатыны сөзсіз. Бүгінгі тоқтаған нысандағы шаруашылық иесінің өз жұмысымен тиянақты таныстыруы, жылыжайдағы жайлы жағдай осының дәлелі. Жас болса да, өз шаруашылығына бас болған жеке кәсіпкер Бабаханов Элнұр жалға 3 г жылыжай орнын алып, оған 120 мың көшет болгар егіп жайқалтып отыр. Түркістан қаласы Ынтымақ ауылында салынған жылыжайға жылу жүйелері тартылып, көмірмен жылуды қамтамасыз ететін пештер, суару бактары орнатылған, құнарлы топырақ төгіліп, қажетті түрлі техникалар жеткізіліп, жылу сүйетін нәзік өсімдіктердің жағдайына ерекше мән берілген. «Байқап отырғандарыңыздай, аумағы 3 г жерге Фламинго сортты болгар егуді қолға алдым. Дәрі-дәрмегін, тыңайтқыштарын ретімен беріп, уақытылы тиімді тамшылатып суару әдісінің арқасында желтоқсанда дәні себілген көкөністер көгеріп, 120 күнде пісуі қажет деп жоспарлағанымдай жемісін беруге дайын тұр. Алла қаласа, өнімімізбен қала халқын қамтамасыз етіп, одан артылса Ресейге шығару ниетіміз бар. Қазіргі таңда 10 адам жұмыспен қамтылған» дейді шаруашылық иесі. Жалпы құнарлы тыңайтқыштармен өндірілген жерге дән себуден бастап, оны күтіп-баптау, далада аяз тұрғанда, жылыжай орнын бірқалыпты жайлы температурада ұстау, сонымен қатар көкөністің өз деңгейінде өсіп, өнім беруі үшін қаншалықты энергия қажет екенін ескерсек, бұл оңай шаруа емес екені белгілі. Дегенмен, оңай жерде нан жоқ екенін, тек қажырлы еңбектің арқасында елеусіз қалмайтынын мықтап түсінген еңбекқор Элнұрдың бастамасы жақсы. Алдағы уақытта өздерінің көшетінен мол өнім алатын жағдайға жетеді дейді ол. Мұнан өзге алыс жолға тасымалдауға жарамды «Ласточка» сортты болгар көшеті де жайқалып тұр. Оны жақын уақытта далаға отырғызып, мұнда да тамшылап суару әдісін пайдаланбақ. Шаруашылықтың жүргізілуіне кеткен жалпы қаражат шамамен 13-14 млн теңгені құрайды. Жылыжайдың тілін тауып жүргізсе, жылына 3 рет егін егіп, өнім жинап алуға болады, — дейді жас диханшы. Н.Иманкулова.5