ЖАРЫҚ КӨЗІН ДҰРЫС ПАЙДАЛАНБАУ ОПЫҚ ЖЕГІЗЕДІ

 

Жарық – жайлылық сыйлайды. Бірақ қуат көзін пайдалануды дұрыс іске асырмаса күтпеген техногенді апат әкеледі. Оған жол бермес үшін Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы электр энергиясын пайдалану бойынша төмендегі ережелерге назар салуды ескертеді,-деп хабарлайды uakit.kz.

– Электр желісіне қосылуды тек арнайы мамандарды шақырту арқылы іске асыру керек. Өз бетінше қуат көзіне жалғану өкінішті жағдайға душар етуі әбден мүмкін;

– Салбырап тұрған, үзілген, жерде жатқан электр таратушы желілерге жақындамаңыз. Арасы  8 метр дейінгі қашықта болыңыз;

– Үзілген электр сымдары қатты жауын-шашыннан кейін ылғалды жерде ағаштың жанында жатуы мүмкін. Мұндай ағаштың жанына жақындау өте қауіпті екенін естен шығармаңыз;

– Балаларыңызға электр таратушы әуе желілерінің астында ойнауға, трансформаторлар мен электр таратушы құрылғылардың есіктерін ашуға, тіректерге шығуға, үйлер мен құрылыс орындарының төбесіне шығуға рұқсат етпеңіз. Себебі  олардың жанынан электр сымдары өтеді.

– Электр таратушы әуе желілердің астынан монша, сарай салмаңыз. Ағаш пен шөп сақтауға болмайды;

– Электр сымын өзіңіз жөндемеңіз. Бұл үшін маманды шақырыңыз.

– Электр приборларын (сөндіргіштерді, розеткаларды, патрондарды) ұстап тұрып жерге енгізілген металл заттарды (жылыту батареяларын, су және газ құбырларын) бір уақытта ұстауға болмайды;

– Электр торабына қосылған шәйнекті, кофе қайнатқыштарды су құбырынан сумен толтыруға болмайды;

– Электр приборларды жөндеуге кіріспес бұрын токтан ажыратыңыз;

– Лампаны ауыстырмақ болсаңыз – сөндіргішті сөндіріңіз;

– Жуынатын бөлмелерде электр приборларын пайдаланбаңыз;

– Балалардың қауіпсіздігі үшін розеткаларды арнайы тығындармен жабыңыз;

– Розеткада электр приборы қосылмаған болса да оның шнурын қалдырмаңыздар.