ШЫМКЕНТ: ОРМАНДЫ АЛҚАПТА ӨРТ БОЛМАДЫ

Шымкент қаласы аумағында жыл басынан бері орман және дала өрттері тіркелмеген. Бірақ сақтық шараларын қатаң сақтау қажет. Осы мақсатта орман-дала өрттерін дер кезінде сөндіру мақсатында аудан әкімдіктері тиісті елді мекендерде жалпы 527 адамнан тұратын 52 ерікті өрт сөндіру құрылымдары құрылған. Олар 94 бейімделген қосалқы техникалармен, 22 өрт сөндіру мотопомпалармен және қолда бар өрт сөндіру құралдарымен (527 хлопушка) жабдықталған.

Бұл  туралы  ақпараттық-коммуникация орталығында қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрболат Дербісов мәлімдеді.

Қала аумағындағы орман-дала өрттерінің алдын алу және дер кезінде өрт сөндіру іс-қимылдарын жасау бойынша өткен баспасөз брифингінде департамент басшысы  Шымкент аумағында қала әкімдігіне қарасты «Жасыл Белдеу» және Түркістан облысы әкімдігіне қарасты «Бадам» орман шаруашылығы орналасқанын, ондағы орман қоры жерінің жалпы ауданы 5 мың 702 га құрайтынын  айттты. Оның ішінде орманды алқабы 2924 га, ормансыз алқабы 2778 га.

Жиында Н. Дербісов ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында  Шымкентте мың шақырымнан астам өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді. Оның 65 шақырымы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында, 315,2 шақырымы жергілікті автомобиль жолдарының бойларында, 406 шақырымы орман қоры жерлерінде, 400 шақырымы егістік алқаптарында жүргізілген. Минералды жолақ жырту жұмыстарының ІІ-кезеңі шілде айында жүргізілетін болады.

Осы деректерді алға тартқан Н. Дербісов ырыздығын жерден терген диқан қауымының егістік алқаптарында өрт қауіпсіздігі ережесіне баса мән беруін ескертті. Сонымен қатар ол, қаланың барлық тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды.

uakit.kz

ПІКІР ЖАЗУ