КӘСІПОДАҚТАР – ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ҚОРҒАНЫ

Шымкент қаласындағы «Камея» медициналық орталығында ерекше әрі тағылымды сәт болды. «Ынтымақ» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалы медицина саласының майталманы, өз ісіне адал қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман Жолдасбекова Ақмарал Амангельдиевқызын 60 жылдық мерейтойымен салтанатты түрде құттықтады.

Бұл кездесудің басты ерекшелігі – тек мерейтой иесін ұлықтау ғана емес, жалпы денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің еңбегін жоғары бағалау. Өйткені медицина – адам өмірімен тікелей байланысты, үлкен жауапкершілік пен жанкештілікті талап ететін сала. Ал Ақмарал Амангельдиевқызы осы саланың дамуына бірнеше онжылдық бойы адал қызмет етіп, кәсіби шеберлігін, адамгершілік қасиетін және науқастарға деген шынайы қамқорлығын көрсете білген тұлға ретінде құрметке ие. «Ынтымақ» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Алтеев мерейтой иесіне жылы лебізін білдіріп, оның еңбек жолын көпшілікке үлгі етті. Ол өз сөзінде «Ақмарал Амангельдиевқызы – нағыз кәсіби маман. Оның өмірін медицинамен байланыстырып, адамдардың денсаулығын жақсартуға бағытталған еңбегі – құрмет пен алғысқа лайық. Мұндай жанқиярлық қызмет ел дамуының іргетасы болып табылады», – деп атап өтті. Мерекелік жиында Бауыржан Алтеев Ақмарал Амангельдиевқызын «Денсаулық сақтау саласындағы елеулі еңбегі үшін» төсбелгісімен және «Денсаулық сақтау қызметкерінің үздігі» медалімен марапаттады. Бұл марапат – медицина саласында үздік нәтижеге жеткен, кәсібіне адал жандарға берілетін ерекше құрмет белгісі. Ұжым әріптесін жылы құттықтап, оның еңбекқорлығы мен адамгершілігіне ризашылықтарын білдірді. Әріптестері Ақмарал ханымды ұжымның рухани тірегі, тәжірибесі мен даналығы арқылы жастарға үлгі болып жүрген тұлға ретінде сипаттады. Кездесу барысында кәсіподақ төрағасы Бауыржан Алтеев ұжым мүшелеріне кәсіподақ қозғалысындағы маңызды оқиғалар туралы да кеңінен айтып берді. Ол жуырда Шымкент қаласында өткен Кәсіподақтар күніне тоқталып, «Камея» медициналық орталығы қызметкерлерінің белсенді қатысқаны үшін ризашылығын білдірді. Бұл мереке еңбек адамын дәріптеу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда кәсіподақтардың атқарып отырған рөлін көрсету мақсатында ұйымдастырылған болатын.

Сонымен қатар, Бауыржан Алтеев 10 қазанда Астана қаласында өткен Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығына арналған тарихи жиын туралы да айтты. Бұл шара ел тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде бағаланды. Онда кәсіподақ қозғалысының дамуы, еңбек қатынастарын жетілдіру, әлеуметтік әділеттілікті нығайту және жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселелері кеңінен талқыланды. Ол өз сөзінде: «Кәсіподақтар – еңбек адамының қорғаны, қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды институт. Біз тек әлеуметтік мәселелерді шешумен шектелмейміз, ең бастысы – адамдардың еңбегін әділ бағалау мен құрмет көрсетуге күш саламыз», – деп атап өтті. Кездесу соңында ұжым мүшелері кәсіподақтың бастамаларына қолдау білдіріп, мұндай кездесулердің рухани және тәрбиелік маңызы зор екенін айтты. Өйткені еңбек адамына құрмет көрсету – ұжымның бірлігін арттырып, қоғамдағы өзара сыйластықты қалыптастыратын құндылықтардың бірі.