«ОРДАБАСЫНЫҢ» ОЙЫНЫН НЕГЕ КӨРСЕТПЕЙДI?

235
1

Футбол дегенде iшкен асын жерге қорймайтын қазақ кем. Биылғы Еуропа чемпионаты да артта қалды. Дүниенi дүбiрге толтырған бәсекеде кiмнiң кiмге жанкүйер болғанында шаруамыз шамалы. Бiр бiлетiнiм, бұқалармен белдесетiн испандықтардың шешушi сәтте Италия құрамасын ит талағандай тамтығын қалдырмай, iрi есеппен ұтқаны.

 

Айтпағым бұл да емес, бiз неге осы өзiмiздiң «Ордабасы» командасының ойындарын жергiлiктi телеарналардан көре алмаймыз? Әлде оған мүмкiншiлiгiмiз жоқ па?

Қажымұқан атындағы орталық стадионда өтетiн «Ордабасының» ойынын тамашалауға екiнiң бiрiнiң мүмкiндiгi жоқ. Сол олқылықтың орнын неге «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы толтырмайды? Оларға қыруар қаржы бөлiнедi, жарнамасында есеп жоқ. Қайдағы бiр көзi қысық ағайындардың ащы iшекше созылған сериалдарын бергенше, бойға рух беретiн, салауатты өмiрге бейiмдейтiн спорт түрлерiн, соның iшiнде «Ордабасы» футбол клубының ойындарын көрсетiп тұрса, сол тиiмдi емес пе? Ертеректе берушi едi, соңғы кездерi телеарна қаржы үнемдеуге көшкен сыңайлы.

Ақыры осы телеарнаға базына айтып отырған соң, соңына дейiн айтайын. Жұмыс күндерiн қайдам, демалыс, мереке күндерi «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы күндiзгi сағат 14-тен 18-ге дейiн үзiлiс жасайды. Басқа бiрде-бiр телеарна үзiлiссiз жұмыс iстеп жатқанда, бұл телеарнаның шiренулерi қай шiрену? Мемлекет оларға мол қаржы бөледi, жүлдеден жүлде қоймайды. Бiрақ көрермендер талғамынан, олардың көкейiнен шығар дүниелерi жоқтың қасы. Демалыста, мереке күндерi жергiлiктi телеарна ғой деп құлағын бұрап қалсаң, құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Қалғып, мүлгiп тұрған телеарнадан түңiлiп кеткендейсiң.

Е.СӘРСЕНБИН.