300 АЗАМАТҚА 1 МЛН. ТЕҢГЕЛІК ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТТАРЫН ТАПСЫРУ ЖОСПАРЛАНҒАН
Шымкентте тұрғын үй сертификаты үшін 2019 жылы 21 азаматқа жалпы сомасы 20,4 млн теңге, 2020 жылы 101 адамға жалпы сомасы 100 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген болатын. Биыл бұл көрсеткіш 300 млн. теңгені құрап отыр. Бюджет есебінен бөлінген бұл қаржы 300 азаматқа 1 млн. теңгеден берілетін болады. Бұл Шымкент қаласы әкімінің қолдауымен, әкімдік тарапынан берілетін қайтарымсыз көмек болып табылады.
Сертификат Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама немесе мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алу кезінде және ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу мақсатында әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде беріледі.
Тұрғын үй сертификаты үміткер тұлға, яғни өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасының әрбір мүшесінде (жұбайы, зайыбы, кәмелетке толмаған балаларына) заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткіштен аспайтын (106 336 теңге) cоңғы алты ай ішінде еңбек және кәсіпкерлік қызметтен орташа табысы болған жағдайда беріледі. Бұл қатарға зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы, және де өзге де міндетті аударымдар кірмейді.
Тұрғын үй сертификатын алуға Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер, мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар қатыса алады.
Тұрғын үй сертификатына қажетті құжаттар тізіміне нысан бойынша өтініш, өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат, соңғы 6 ай ішіндегі еңбек және кәсіпкерлік қызметтен түскен табысы туралы анықтама, жұмыс орнынан анықтама, қарыз сомасы, бастапқы жарнаның мөлшері және ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша ай сайынғы төлемнің соммасы туралы мәліметтерді қамтитын анықтама, өтініш берушіге тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы ЕДБ-нің хаты кіреді.
Тұрғын үй сертификатын алуға өтінім қабылдау мамыр айына жоспарлануда. Қосымша ақпараттар алдын-ала бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде хабарланатын болады. Айта кетерлігі, биылдан бастап «Тұрғын үй сертификатын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі толығымен автоматтандырылған. Бұл қызмет бойынша азаматтардың құжаттарын қабылдау ақпараттық жүйенің www.kezekte.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. Бұл үшін әр бір азаматтың ЭЦҚ (электронды цифрлы қолтаңбасы) болуы тиіс.
Сертифат бойынша барлық сұрақтар: 8 (7252) 56 62 89