Жүйелі жұмыс нәтижесін беруде

293
0

Облыс әкімі А.Мырзахметов ағымдағы жылдың басында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының 2012 жылы атқарған жұмысын тыңдау барысында жасөспірімдер тарапынан қылмыстардың күн санап артып бара жатқандығын, оның алдын-алуда тиісті мекемелердің әлі де болса жүйелі жұмыс атқармай келе жатқандығын сынға алды. Сынға алып ғана қоймай, су жаңа басқармаға аталған мәселе төңірегінде облыстық ішкі істер департаментімен, білім басқармасымен, аудан, қала әкімдерімен бірлесіп, тығыз байланыста жұмыс жасауды тапсырды.

Өңір басшысынан тапсырма алғалы бері жаңа басқарма аталған мәселе бойынша бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Атап айтар болсақ, облыстық ішкі істер департаментімен бірлесіп, түнгі мезгілде жастардың көп шоғырланатын орындарына 2 рет рейдтік шара өткізілді. Түркістан – Кентау қалаларында «Қылмыссыз болашақ» тақырыбында жастармен кездесулер ұйымдастырылып, оларға ішкі істер бөлімдерінің, прокуратураның өкілдері қатыстырылды. Қатысып ғана қоймай, жастарға қылмыс жасағанның жазасы жеңіл болмайтындығы, оқыған баланың өмір жолы қашанда жарқын екендігі жан-жақты түсіндірілді. Одан бөлек, ағымдағы жылдың 11-наурызы күні «Жастар орталығы» ғимаратында Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындары мен мектеп басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының қатысуымен «Жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын-алу тақырыбында» кездесу болып өтті. Сонымен қатар, облыс әкімінің бекіткен жоспарына сәйкес, әр басқарманың басшысы, аудан, қала әкімдері жастармен кездесіп жатыр. Осы кездесулерде де басшылар өскелең ұрпақты қылмыс атаулыдан аулақ жүруге шақыруда. Жоспарға сәйкес, жастарды, әсіресе, «қиын» балаларды облыстық ішкі істер департаментінің басшысымен де кездестіру жоспарланып отыр.
Мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасындағы қылмыстың толастамауы – отбасындағы тәрбиенің нашарлығынан. Ата-ана тарапынан балаға деген бақылаудың жоқтығынан. Тәрбие дұрыс берілсе, балаға тұрақты бақылау болса, онда қылмыс саны бір жылда 43% пайызға өсіп, 269 ата-ана әкімшілік жазаға тартылмайтын еді. Дегенмен, ата-анаға жазаның жеңіл түрін қолдану арқылы немесе мектеп пен колледж басшысына, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына, тіпті, сынып жетекшісіне қатаң сөгіс, жұмыстан босату шараларын көру арқылы жеткіншектер арасындағы қылмыс санын азайта аламыз ба? Мәселе осында. Жасыратыны жоқ, баланың қылмысы үшін ұстаздар қауымы көп жазаланады. Егер, мұғалімдер жазаға тартыла беретін болса, олар өз кезегінде шынайы жағдайды жасыруға мәжбүр болады.
Біз мектеп тәлімгерлерінің тәрбиесіне мектеп инспекторларының да жауапты екенін ұмытпауымыз керек. Өйткені, кәмелетке толмағандармен жұмыс жасау ішкі істер органдарына жүктелген. Қазірге олар осы міндетті атқаруда қауқарсыз болып отыр. Мүмкін, облыстағы 1019 мектепті бар-жоғы 213 полиция инспекторы игере алмай жатқан шығар. Оның үстіне инспекторлардың көбісі қызметке жаңадан келген жас мамандар. Осы тұста айта кету керек, облыстық ішкі істер департаменті аталған қызметке ішкі істер органдарындағы қызмет өтілі 3 жылдан кем емес, педагог мамандығы бар қызметкерлерді орналастыруды жоспарлап отыр. Бұл бастама іске асатын болса, жас өрендеріміздің тәртібі біршама түзелер еді.
Жалпы, облыста 2012 жылы кәмелет жасына толмағандар тарапынан жасалған 597 қылмыс тіркелген. 2011 жылы барлығы 425 қылмыс болған. Бір жылдың ішінде 208 қылмысқа артқан. Жасөспірімдер көбіне бұзақылық, бөтеннің мүлкін ұрлау, тонау сияқты қылмыстарға бой алдырған. Мәселен, өткен жылы тонау фактісі бойынша 141 қылмыс анықталса, 53 факті бұзақылық бойынша есепке алынған.  Қылмысқа көбіне 14-15 және 16-17 жастағы жасөспірімдердің баратындығы анықталып отыр. Яғни, олар мектеп оқушылары мен колледж студенттері. 2013 жылдың қаңтар-ақпан айларында кәмелет жасына толмағандардың жасаған 70 қылмысы тіркеліп отыр. 2012 жылдың осы айларында қылмыстың саны 102 болған. Яғни, қылмыс 30 % пайызға кеміп отыр. Бұл екі ай бойы жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі болса керек.

Дәурен ДҮЙСЕБАЕВ,
ОҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім бастығы.