Оңтүстіктен «Медиа-Форумға» баратындарды Дулат Әбіш «жекешелендіріп» алған ба?

336
0

Дулат-Абиш-2223Әр жылы елімізде алыс-жақын шетелдік  және отандық журналистердің бас қосатын алқалы жиыны өтіп тұрады. Дариға Назарбаеваның бастамасымен өмірге келген «Медиа-Форум» шын мәнінде Қазақстан журналисткасы үшін пайдалы ма? Әр жылы сол жиынға Оңтүстік Қазақстаннан баратын делегаттар мол тәжірибе  алып қайта ма? Жиынның мақсаты не, оның бізге берер қандай тағылымдық ерекшеліктері бар?

Бір түсінбейтінім, ол жиынға баратындарды неге Дулат Әбіш іріктеуі керек? Неге жылда өзі басқарып отырған «Айғақ» телеарнасы мен газетінің қызметкерлері және Дулаттың төңірегіндегі ат төбеліндей топ бара береді? Әлде Оңтүстіктен «Медиа-Форумға баратындарды» осы азамат «жекешелендіріп» алған ба? Оңтүстікте жылда форумнан қалмайтын журналистерді он орап алатындар арамызда жетерлік. Әсіресе, болашағынан үміт күттіретін жас журналистердің көбейіп келе жатқандығы қуантады. Форумға сол жастар барса жараспай ма, жылда жиыннан қалмайтындар да бір сәт ұялып, орындарына ізбасар іні-қарындастарын жіберсе, абыройларынан ажырап қалмас еді ғой. Бірақ соған қарамастан, Дулат мырзаның жылда алаулатып – жалаулатып, өзінің тобымен кетіп бара жатқанын көреміз. Мүмкін жиынға баратындардың бар шығынын өзі көтеруі де, әйтсе де қалтасынан емесі түсінікті. Мейлі, Дулат бар шығынды өз қалтасынан көтерсе де, журналистерді дәл бұлайша алалау дұрыс емес деп ойлаймын. ҚР Журналистер одағы ОҚО филиалы, ішкі саясат, облыс әкімінің баспасөз жетекшісі араласа алмайтындай, бұл қандай «Медиа- Форум» өзі? Жоқ әлде, «Медиа- Форумның» Оңтүстіктегі арнайы өкілі тікелей Дулат Әбіш пе? Ондай болса, неге түсіндірмейді?
Дулат Әбіштің газеті де, телеарнасы да жекеменшік. «Медиа-Форум» мемлекеттік. Ол жиынды өткізуге мемлекеттен қыруар қаржы бөлінеді.Ол қаржы форумға бармайтын жүздеген журналистердің салыққа төлеген қаржысы есебінен де құралатындықтан өзім де, өзгелер де түсінбей жүрген түйткілді  Дулаттан сұрауым заңды деп есептеймін. Бәрібір, сауалыма ешкімнен жауап ала алмасым тағы анық. Мінеки, жылдағы дәстүр бойынша  Дулат және оның «командасы» тағы да сұңғыла саясаткерлер  мен әр елден жиылатын жорналшылар бас қосатын жиынға қатысуға қамдануда. Не дейміз, сәтті сапар тілеп, қызыға да,қызғана  қараудан басқа шарамыз жоғын түсінеміз. Ал біздің базынамызға Дулат Әбіштен бөлек, ОҚО ішкі саясат басқармасының бастығы Г.Тағаева ханым қандай уәж айтар екен?

Ағабек ДАТҚАЕВ.