Рухы мықты Раушан апай

233
0

сканирование0006Ана ғой бұл өмірдің бар асылы,
Онсыз болмас тіршіліктің жарасымы.
Ақ сүт берген ананы аялайық,
Біз сияқты жастардың жанашыры,- деп ақындар жырлап жүрген аналар туралы қаншама мадақ сөздер айтсақ та аздық ететіні етенеден белгілі. Өйткені, ана бір қолымен бесікті, ал екінші қолымен әлемді тербеткен асыл жандар. Менің де қолыма қалам алып, ой тербеткелі отырғаным-осы асыл ана әрі ұлағатты ұстаз Ерназарова Раушан Пердебекқызы жайлы болмақ.

Раушан апай негізінде Шымкент қаласының тумасы. Бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнап келе жатқан жандардың бірі. Қырық жылдан астам уақыт ертеңіміз есептелген әрі ел тізгінін сеніп тапсыратын жастарға тәлім-тәрбие берген мейірімді жан. 1981 жылдан Н.Шойынбаев атындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып, оқушыларды білім нәрімен сусындатқан. 2000 жылы аталмыш оқу орнында зейнеткерлікке шықты. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегенді ұстанып өткен ғұмырының дерлік көбісін балалар арасында өткізген, оларсыз бір сәтте тұра алмайтын ұстаз анамыз еңбектен қол үзіп қалған соң қатты науқастыққа шалынды. Екі аяғы сыздап ауырып, таяққа сүйеніп қалды. Балтыры сыздап, сүйек- сүйегі қақсайтын Раушан апайдың құлағында тек балалардың «апай, апай» деген дауыстары ызылдап тұратын. Дәрігерлерге де көрінді, бірақ мардымды шипа қона қоймады.
Бірде дастархан басында отырғанда өзінің кенже ұлы сөз бастап қалды: «Апа сіздің алып бара жатқан ауруыңыз жоқ, дәрігерлер де көрді ғой. Сіз балалармен бірге жұмыс істесеңіз аурудан айығасыз» деді. Ұлының бұл сөзін құптамасқа шарасы жоқ. Өйткені, отағасы да Раушан апай сияқты көп жылдар етене еңбек етіп, партия және кеңес қызметкері болған азамат аға еді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сияқты металлург мамандығын иемденіп, елге еңбегі сіңген қайраткер болған екен.
Барлық ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған Раушан Пердебекқызы зейнет жасында болса да отбасы-ошақ қасында отыруды жөн көрмей, Президентіміздің «Балапан» бағдарламасы негізінде жұмыс жүргізуді қолға алды. Облысымыздағы Сайрам ауданындағы Ақбастау ауылынан 75 балаға арналған «Димаш» балабақшасын ашып, іске қосты. Таяққа сүйеніп жүрсе де балабақша жұмысын алға сүйреді. Балалардың бал күлкісі мен шаттыққа толы күндер Раушан апайдың көңілін көкке өрлетті, сырқатынан айықтырды, қолтығындағы балдағынан ажыратты. Сол ауылдағы жұмыссыз жүрген 25 азаматшаны жұмыспен  қамтамасыз етті. Арада көп уақыт өтпей аудандағы «Қарасу» ауылынан «Ай-сезім», «Мәртөбе» ауылынан «Ақсу Транзит Фарман» және «Қарабұлақ» ауылынан «Раушан ана» балабақшаларын ашып, Елбасымыздың «Балапан»  бағдарламасын сөз жүзінде ғана емес, нақты іске асыруға сүбелі үлес қосты. Бүгінгі күнде Раушан Ерназарованың бастамасымен ашылған балабақшаларда 325  бүлдіршін тәрбиеленсе, 110-нан астам маман жұмыспен қамтылған.
Өзінің 68-ші көктемін қарсы алған Раушан апай қазіргі таңда балғын балапандармен бірге болған соң ба, ауруынан айығып кеткендігіне таң қалмасқа лажың жоқ. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, олардан 12 немере, 3 шөбере сүйген аяулы ана, ұлағатты ұстаз Раушан Пернебекқызының өткен өмірі, істеген еңбегі өзгелерге үлгі болсын, деп осы мақаланы жазып отырмыз. Бұл кісіге аудан, облыс басшылары да, ауыл-аймақ тұрғындары да дән риза. Еткен еңбегі ескеріліп, марапат, атақтан да кенде емес.
Біз де алғаны алғыс, арқалағаны бейнет болған анамызға «жүз жасаңыз» дегіміз келеді.

Талғат БЕКТӨРЕЕВ.