Жүргізушілерге жаңа міндеттер жүктелмек

160
0

IMG_8907Қымбат болсын, арзан болсын, әйтеуір бір көліктің кілтіне қол жеткізіп, тізгіндеуді екінің бірі армандайтыны анық. Әсіресе, жастар. 18 жасқа тола салысымен, бір жапырақ жүргізуші деген куәлікті қалтаға салып, темір тұлпардың «жалына» жармасқысы келеді.  Жүргізуші куәлігін иеленудің айтарлықтай қиындығы жоқ. 2 айлық көлік жүргізуді үйрететін мектепте білім алып, сосын емтиханда қойылатын 40 сұрақтың 32-сіне дұрыс жауап берсеңіз болды, көлік жүргізу құқығына ие боласыз.

Жақында облыстық  Ішкі істер департаменті  Жол полиция басқармасының тіркеу-емтихан қабылдау бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қайрат Байырбековке арнайы жолығып, басқарманың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. Бұл бөлімде автокөліктерді тіркеу, қайта тіркеу, есептен шығару және жүргізуші куәліктерін беру тәртібі, сонымен қатар жүргізуші кадрларын тағайындау, ауданаралық  тіркеу-емтихан бөлімдері мен Шымкент қалалық тіркеу емтихан пунктері бойынша жұмыстар атқарылады. Біздің облыста бес ауданаралық тіркеу-емтихан бөлімдері (Мақтарал, Бәйдібек, Сайрам, Сарыағаш және Түркістан АТЕБ) мен Шымкент қалалық тіркеу пунктерінде азаматтарды қабылдап, талап-тілегін орындау үшін барлық жағдайлар жасалынған. Бөлім бастығының айтуынша, облыс бойынша жүргізуші кадрларын дайындайтын  71 оқу ұйымдары бар екен .  Ал осы жылдың 4 айының өзінде  41 865 көлік құралы тіркелген көрінеді, оның ішінде 5024-і қайта тіркелген. 40 776 мемлекеттік және 1819 комплект транзиттік, барлығы 42 595 мемлекеттік нөмір белгілері берілген. Сондай-ақ көлік құралын басқаруға 22 120 әртүрлі санаттағы жүргізуші куәліктері табысталған. ҚР ІІД Ақпараттық қызмет Департаменті Интерпол ұлттық орталық бюросының базасы бойынша 39 158 автокөлік тексеріліп, іздеуде жүрген 23 көлік құралы анықталды , — дейді Ішкі істер департаменті  Жол полиция басқармасының тіркеу-емтихан қабылдау бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қайрат Байырбеков.
Сонымен қатар, енді алдағы уақытта автокөліктерді тіркеу және жүргізуші куәлігін беру Халыққа қызмет көрсету орталықтарына  жүктелуде. Былтырғы жылы Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев еліміздің Астана, Алматы, Ақтау және Қарағанды қалаларында мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу туралы арнайы тапсырма берген болатын. 2012 жылдың соңында тапсырма жүзеге асып, осы орталықтарда автокөліктерді тіркеуге алып, жүргізуші куәліктерін ресімдейтін операциялық залдар ұйымдастырылды. Сондай-ақ емтихан тапсыратын арнаулы кабинет, тіркелген автокөліктердің жеке құжаттары мен жүргізуші куәліктерін әзірлеуге арналған электронды техникамен жабдықталған бөлме мен дайын құжаттарды беру секторы орналасқан. Бұған дейін автокөлікті тіркеу немесе қайта тіркеуге шамамен 6-7 сағат уақыт жұмсап жүрсеңіз, енді бар болғаны 2 сағатта құжаттарды жедел рәсімдейсіз, уақытты үнемдейсіз. Бұл туралы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Қызмет көрсету үдерістерін автоматтандыру барлық құжатты бір жерден алумен қатар, азаматтардың жол полициясы қызметкерлерімен байланысын барынша азайтып, жағымсыз фактілерді жоюға мүмкіндік береді», – деп атап өткен болатын. Және де осындай мамандандырылған орталықтарды алдағы уақытта еліміздің барлық облыс орталықтарында ашу жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырған еді. Осы мәселеге қатысты Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігіне хат жолданған. Арнайы жер бөлінсе, жылдың соңына дейін жүргізуші куәлігін ХҚКО-нан алып қалуыңыз әбден мүмкін.
Жүргізуші куәлігіне қатысты тағы бір жақсы жаңалық. Алдағы уақытта жаңа үлгідегі жүргізуші куәліктері қолданысқа енуі мүмкін. Жол  полициясы комитетіндегілер куәлік үлгісін Парламент қарауына жіберген болатын. Жаңа үлгідегі куәлікте 7 негізгі санат пен 6 кіріс санаты тізіліпті.Үлкен машиналармен  бірге мопед, скутер сияқты кішігірім көліктерге де санат бұйырған. Жаңа куәлік халықаралық талап бойынша жасалғандықтан  кез-келген мемлекетте жарамды болмақ. Қолданысқа еніп жатса, бұл куәліктер көлігіне құжат алмаған жүргізушілерге табысталады. Ал, ескі куәліктер жарамдылық мерзімі аяқталғанша қолданыста болады.

Әйгерім БЕГІМБЕТ.