БІР ҮЙЛІ ЖАНДЫ ҚЫРЫП САЛҒАНДАРДЫҢ ЖАЗАСЫ – ӨЛІМ!

3-2Алматы қаласының тұрғыны, Қытайдан келген қандасымыз Ержанның отбасы орыны толмас қазаға ұшырады. Ержанның үйінде жоқтығын пайдаланып, оның жақын ағайыны, 19 жастағы Елмұрат Шешенқұлұлы мен жары Нұргүл Менесбаеваны өлтірген қанішерлер далада ойнап жүрген 7 жастағы Сыламнұр мен 3 жастағы Сырмұхамметті үйге шақырып, тұншықтырып өлтірген. Олар кәсіпкерлікпен айналысатын Ержанның үйінде мол ақша бар деп ойласа керек, үйдегі шағын сейфті алып, із суытқан.

Қазіргі қолда бар мәліметтерге сүйенсек, күдіктілер бір өзбек азаматы мен екі талдықорғандық жігіт. Ержанның үйінде еурожөндеу жасап жүрген олар сейфті Көктөбе маңында бір үйге апарып, ашпақ болып жатқан жерінен тұтқындалған.
Бұл сұмдық оқиғаны естіген Алматыдағы ағайындар мен Қытайдағы қандастарымыз қазақ қоғамындағы мұндай қатігез қылмыстардың күн санап көбейіп келе жатқанына алаңдаулы. Қазалы отбасына көңіл айтқалы барған қарапайым жұрт Қазақстанда өлім жазасына мораторий жариялануына байланысты дәл осындай адам төзгісіз қылмыстардың жиілеп кеткендігін айтады.
Жұрт қанішерлердің қатаң жазалануын сұрап, егер тиісті жазасын алмаса, ел болып қылмыстылардан қанды кегін алатындықтарын айтып отыр. Қаршадай сәбилердің жазықсыз өлімі кім-кімнің де жүрегін қан жылатады.
Етектері жасқа толған марқұмдардың туыстары Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың бұл оқиғаға тікелей назар аударуын және болашақта осындай қанды қылмыстардың болуын азайту үшін Қазақстанда өлім жазасының қалпына келтірілуін  сұрайды. Мұндай пікірді сонда жиналған қара орман халық құптап отыр.
Айдың күннің аманында ертең ел тізгінін ұстайтын Сыламнұр, Сырмұхаммет сияқты сәбилерімізді өмірдің есігін ашпай жатып, қаныпезелердің құрбанына айналдырсақ елдің ертеңі не болмақ?!
Егер, осы бетімізбен кете берсек, кез келген қазақтың отбасында осындай құлақ естімес оқиғаның орын алмасына кім кепіл? Қасиетті Құранның өзінде біреудің мұрынын кескен адамның мұрынын кесу керектігін, еш жазықсыз біреуді өлтірген адамды өлтіру керектігі айтылған. Сондықтан адам өліміне қатысты жұрттың жағасын ұстатқан осындай қылмыстарға, ар-ұяттан жұрдай болған қылмыскерлерге ешқандай аяусыз жаза беру керек. Ол жаза – өлім!

Редакциядан: Келімсектерден келер қауіп көп екенін, олардың араларында ұрысы да, қарысы да, ниеті бұзықтары мен қандықол қарақшылары да бар екендігін, сондықтан  Өзбекстаннан арзан жұмыс қолын тартуға мемлекет тарапынан шектеу қою керектігі жөнінде біз де шырылдап, бірнеше мақала бастық. Алматыда ғана емес, ондай жантүршіктірерлік оқиғалар еліміздің барлық аймағымен қатар, өзіміздің Шымкентте де жиі-жиі орын алып жататыны жасырын емес. Қазақстанда мың-мыңдаған жұмыссыздар өріп жүргенде шеттен арзан жұмыс қолын тартудың ешқандай зәрулігі де, қажеті жоғын да айтып келеміз. Бірақ тыңдар құлақ жоқ. Есесіне көрші елден келген келімсектердің еркінсігендері соншалықты, төбемізде тайраңдауға көшті. Қажет болса, құқық қорғаушылар келімсектердің кім екендіктерін анықтаудың орнына, өздері үшін пайдаланып та жататын жәйттер кездеседі. Біздің ойымызша, келімсектерді шекарадан өткізбек түгілі, шенейіне жолатудың қажеті жоқ. Оларда бір ғана мақсат бар, Қазақстанның байлығын берсе – қолынан, бермесе – жолынан алып кету.