БАҚ өкілдері қоғамның «өгей» баласындай
Бұлай деуімізге себеп, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері не мемлекеттік қызметкердің, болмаса мәдениет саласының қызметкері деген статусқа ие емес. Тап бір, қоғамның «өгей» баласының күйін кешіп жүрген аянышты халдері біздің Үкіметтің құлағына еш жетпей-ақ қойды. Жетсе де, «жегендері жантақ, арқалағандары алтын» журналистерді жарылқай қоярлық пиғыл байқалмайды.
Біздің әріптестерге баспаналы болу, өзге саланың қызметкерлері көріп жатқан түрлі әлеуметтік жеңілдіктерді пайдалану бақыты бұйырмаған. Халық пен билік арасындағы дәнекерлік жібін жалғаушы, мемлекеттік идеологияны насихаттаушы, қоғамда болып жатқан соңғы жаңалықтарды алдымен елге жеткізуші БАҚ өкілдері шын мәнінде шенеуніктер көтеретін жауапкершілікті олардан анағұрлым көбірек көтеріп жүргендері анық. Олардың иықтарына түсетін жүк те жыл өткен сайын ауырлап, атан түйеге жүк боларлықтай. Арнайы статусы жоқ БАҚ өкілдеріне жібі түзу, өнерге жақын әкімдер ғана шамалы мойын бұрып, азын-аулақ сый-сияпат жасағандары болмаса, көпшілігі көңіл аудармақ түгілі, өлместің күйін кешіп, күндерін әрең көріп жүргендерді жүгендеп мінбек болады. Баспана тұрмақ, байтал түгілі бас қайғы болып кететіндері бар. Оларда мәртебе жоғынан, мәртебесі төмендігі сондықтан.
Әйтеуір жылына бір келетін кәсіби мерекелерінде ғана бір жырғап қалатын журналистерге сый-сияпаттарын жасап, арқадан қағып қоятыны бар. Оның өзінде алалап, билікке жақындары ғана алдарына бес ешкі салып, ысқырықтары жер жарып қайтады. Онсыз да қоғамның «өгей» баласындай болған журналистердің өздері жікке бөлінген соң оңсын ба, билікке жақын еместері мүлдем өгейдің күйін кешері анық. Тәуелдісі мен тәуелсіздері бар, барша БАҚ-тың илегендері бір терінің пұшпағы болған соң жікке бөлудің не қажеті бар еді, одан гөрі бәрін бір арнаға тоғыстырып, бір мақсатқа жұмылдырғандары жөн емес пе?
М.Әбдірайымов.