«ҚАЗАҚҚА ШЫНДЫҚ ТҮЗЕЛГЕННЕН ГӨРІ, ӨТІРІК АЙТЫП ҚҰТЫЛҒАН ЖАҚСЫ»

423
0

Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ,
математика ғылымдарының докторы, академик:

– Шыққан тегін біліп, шежіре тарқата алу әрбір қазақ үшін қасиетті ұғым. Осы жеті атаны білудің маңыздылығына аз-кем тоқталып өтсеңіз?

– Қазақта руға бөлінуге болмайды дейді. Мұның бәрі бос сөз. Қазақтың тарихы рудың, жүздің тарихынан құралады. Қазақтың тарихын білемін десең, ата-баба тарихын, жеті атаны білу керек. Қазақтың тарихын білу жекелеген рудың тарихын білуден басталады. Бұл – әрбір қазақ үшін аксиома.
Орыстарда ру жоқ. Олар облысқа бөлінеді. Адам баласы қай кезде болмасын қызығушылығына, әлеуметтік жағдайына, тарихына әр түрлі себептермен топтарға жіктелініп отырған. Кеңес Одағы кезінде әртүрлі ұлт өкілдері коммунист болып, жұмысшы табы болып бөлінді.
Руға бөлінуді қазір трайбализм деп шығарып жүр. Негізінде трайбализмның екі түрі бар. Бірі – африкалық трайбализм. Екіншісі – біздегі трайбализм. Екеуін салыстыра қарастырып көрейік. Қазақта жеті атаға толмаған руластардың өзарасында қыз алысуына болмайды, олар бірі-біріне бауыр және туыс. Атыраудан Алтайға дейінгі аралықтағы қазақтың арасында сөйлеу мәнерінде акцент те, диалекті де жоқ.
Мысалы үшін Кавказда әр төбеде бір ұлт. Кезінде олардың барлығының түбі бір туысқан қауым болғанымен, қазір бір төбедегі ұлт екінші төбедегі ұлттың тілін түсінбейді. Олардың жеке ұлт, жеке мемлекет болып кету себебі, басқа аксиомаға негізделген. Бір-бірін жау деп есептейді.
Африкалық трайбализмде, өз руың сенің – туысқаның, өзге ру – сенің жауың деп саналады. Сондықтан да олар әрдайым қырылысып жатады. Көршілес қонған рулармен ылғи да соғысып өмір сүреді.
Ал екінші аксиома бойынша қазақ трайбализмінде сен басқа рудың қызына үйленуің керек. Яғни, сенің болашақ ұрпағыңның анасын басқа рудан іздеуің керек. Балаң, ұрпағың сенің болашағың болғандықтан сен өзіңе жақсы жар іздей отырып, бөтен, жат бұрын мүлдем туыс болмаған румен жақындасуға, мүмкіндігінше бейбіт өмір сүруге тырысасың. Үйленгеннен кейін сенің туысқандарың бұрын бөтен болған румен жақсы қарым-қатынас орнатып, алыс-беріс жасайды. Бес Франция, алты Германия сыйып кететін қазақ жерінің осыншалықты үлкен болып, барлық рулардың салт-дәстүрінде айырмашылық болмауы және бір-біріне жақын болуы бөтен румен орнаған құда-жекжаттық қарым қатынастан туындайды.
Өзге рудың қызы түскен шаңырағындағы өзгешеліктерді қабылдап, туып-өскен ортасындағы салтты келін болып өзін түскен ортасына сіңіреді. Оның тәрбиелеген ұрпағы екі рудың арасындағы айырмашылық пен алшақтықты сезбей өседі. Мұның әсерінен ұлан-ғайыр даланы жайлаған қалың елдің таным-түсінігі, салт-санасы бір арнада тоғысып дамыған.

– Кейінгі кезде ру-руға бөліну барысында өз ата-бабасын басқалардан биік қою үрдіске айналып кеткендей. Мұндай теріс түсініктің де зардабы болары анық. Осы жайлы ойыңызды білсек?

– Өмірдің ағы мен қарасын әрдайым қатар салыстырып қарау керек. Бұл ақымақтық үрдісті жолы болмаған журналистер мен кітабын ешкім оқымайтын жазушылардың амалсыз жасап отырған әрекеті деп айтуға болады. Өмір бойы галстук тақпаған, шаш қоймаған атасына галстук таққызып, шаш қойдырып қояды. Еш уақытта галстук тақпағанына мақтаныңыз, қайта сіз атаңыздың атқа мініп жүргеніне таза экологиялық тамақ жегеніне соның арқасында генінің мықты болғанына мақтаныңыз.
Қазақта «бір кісі таққа отырса, қырық кісі атқа қонады» деген мақал бар. Рулық қатынастың негізінде туындаған мақалдың мағынасына сай, соңғы кезде айналасына тек рулас, аталас жандарды жинайтындар көптен кездесіп отыр.
Капитализм заманының қағидасы өз дегенін істейді. Біздің қоғамда да бұрынғыдай өз руластарын жұмысқа ала беру азаяды. Себебі, бәсекелестік заманда іскер, білім-біліктілігі қалыптасқан адамның бағасы жоғары. Қолынан іс келмейтін руластарын жинап алғанда басшы не ұтады? Компаниясы банкрот болады, ал мемлекеттік мекеме болса, тексеру келген кезде басшының өзін жұмыстан алып тастайды.

Басқа рудың жігері мықты, айналасына пайда келтіретін, алғыр адамдарымен компания құру өте дұрыс екенін уақыт дәлелдеді. Бұл – мәселенің бір жағы. Екінші жағы – қазақтың руға бөліну принципін пайдаланып қазіргі нарықтық заманда керемет дүниелер жасауға болады. Мәселен, арғындар жиылып, машина шығарсын, қыпшақтар бәтеңке шығаратын зауыт салсын, басқа рулар да солай өз руының атын шығаратын дүниелерді өндіріспен ұштастырып, нарыққа бейімдеп, қарттарына жақсы зейнетақы төлеуді қарастыруы керек. Осылайша, рушылдыққа жаңа сипат беруіміз керек, себебі қазақтың тарихы – рулардың тарихы.

– Қазақилық деген түсінікке қалай қарайсыз? Сондай-ақ «шалдың баласы» деген ұғымға қатысты өз өміріңізде естеліктер бар ма?

–Арғы атам Шоң деген кісі өз заманыда Сырдарияның бойында аты шыққан болыс болыпты. Болыстығымен қатар заманауи тілмен айтсақ өзі мықты бизнесмен де болған. Сырдарияның бойында Көтентоғай деген жер бар. Кейбіреулер «сол жердің атын өзгертпейсіңдер ме?» дейді. Қазақы атауды өзгертудің еш қажеттілігі жоқ. (Құдайберген деген қазақтың жақсы есімін Коля деп қор қылуға апаратын әрекеттерді қоюымыз керек).

Сол Көтентоғайда Шоң атамның отырған жерінде керуенсарайы, тағы да қазіргі тілмен айтқанда қонақүй болған дейді ауылдағы қарт кісілер. Саудамен айналысатын өзбектер, татарлар, орыстар қонып кетеді екен. Жеті түйе арбасымен сыйып кететіндей үлкендікте болған екен. Байлығы сол кездегі үкіметтің шолақ белсенділерінің көзіне түсіп қудаланып, шетел асқан. Сол Шоңның баласы Жұмаділдә менің атам елдегі жағдай ретке келген соң, қайтып бұрынғы ата-бабасының жеріне, қазіргі Шиелі ауданына қайтып оралады. Мен туғанымнан бастап Жұмаділдә атам қайтыс болғанға дейін қойнында жатып, дүниені соның айтуы бойынша таныдым. Мен шалдың баласы болдым. Атамның қазасында он жаста болсам да, бұған дейін сезбеген, ұғынбаған күйге түстім, ойпыр-ай бір нәрсе жоғалғанын сездім.

Содан екі жыл уақыт өтті. 1969 жыл болуы керек 12 жасымда 6 не 7 сыныпта оқитынмын. Сол жылы 8 сыныптан бастап қана қатысуға болатын облыстық математика олимпиадасына мектеп мұғалімдері маған 8 сыныпта оқиды деп құжат жасап қатыстырды.
Өмірімде бірінші рет Қызылордаға келдім. Көп қабатты үйлермен ретімен орналасқан көшелерді бірінші рет көруім еді. Пәндік олимпиада өтетін күні бәрімізді Қызылорда облысының білімге қатысты бір мекемесіне апарды. Қатысушылардың бәрі дәлізде жиылып тұрған. Кенет бәрі бағанадан көз сүзіп қарап тұрған есік ашылып, ішінен бір келбетті, Алматыдан келген жас кісі шықты. Ақ көйлек, қара костюм-шалбар, жылтыраған туфли киген көз сүйсінетін көрікті тұлға. Дабырлап тұрған дәліздегі шу сап тиылды да бәрі әлгі Алматыдан келген «комиссия кісіге» сүйсіне қарап қалды. Шаш үлгісі де ерекше болатын. Жүзінен нұр төгіліп тұрғандай әсер қалдырды. Ол кісі – Иман Байсақалов ағам еді.
Сол бір көрініс әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Біз үшін Алматы үлкен арман болатын. Менің сол кездегі қатарластарымның арманы –Алматыны көру еді. Осы арманға Алматыдан келген кісіні көру, оған қызығуды қосыңыз. Ол кезде оқушыларға арналған «Қазақстан пионері» деген газет шығатын. Сол газетті оқып «Алматы жақсы қала екен ғой, Алматыда ылғи бақыттылар тұрады екен ғой» деп тамсанатынбыз. Біздің киетін киіміз күпәйке, аяғымызда үлкен етік. Ауылдан батпақ кешіп келгенбіз.
Иман Байсақалов ағаны алғаш көргендегі сәт бала армандарыммен бірге елес беріп, есімде қатты сақталып қалды. Екінші жағдай біз тоқтаған жердің жанында кітап дүкені бар екен. Соған кіріп өзімше кітап алмақшы болдым. Кітап дүкенінің төрінде әлем әдебиетінің классиктерінің әйгілі еңбектерінен бастап неше түрлі кітаптар тұрды. Аралап жүріп математикалық кітаптарға көзім түсті. Таң қалдым. «Математикаға да арнап кітап шығара ма?» деп тұрып қалдым.
Бала күнімізде өлең, әңгіме әдеби жанрдың түр-түрін оқып жүргеннен кейін, математика деген кітап мені ерекше таң қалдырды, содан бәрін сатып алдым. Сатып алған кітаптарымды Иман Байсақалов ағам көріп қалып, «Қандай кітаптар алдың?» деп қарап көрді де, «түсінесің бе?» – деп қайта өзіме беріп, кете барды.
«Алматыға барсақ, Алматыда тұрсақ, осы кісі сияқты болсақ» деген ойлар санама жазылып қалды. Содан уақыты келіп, қорытындыны айтты. Үш адам жеңімпаз. Арасында мен де бармын. Ол кезде республикалық олимпиада деген болмайтын. Облыстық олимпиаданы жеңгендер бірден бүкілодақтық олимпиадаға қатысуға жолдама алатын. Ол жолдама менің жарқын болашағыма берілген жолдама еді. Сол арқылы мен өмірімде бірінші рет ұшаққа отырдым. Киевке бардым. Мен әрқашан «Иман Байсақалов – менің өміріме үлкен жолдама берген адам» деп айтып жүремін. Қазақылық деген осы. Әр ұлттық өзіне тән қасиетін айқындап тұратын қасиеті осындай дүниелермен өлшенеді.

– Сол сатып алған кітаптармен танысқаннан кейін математикаға қызығушылығыңыз артты ма? Әлде математик болуды одан бұрын да армандап қойған ба едіңіз?

– Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезімде «Қазақстан пионері» газетіне «Қазақ деген қайдан шықты»? деген мақала жазғанмын. Тарихқа қызығушылығым өте жоғары болғандықтан ескі Сығанақтың орнына жиі-жиі барып, ашық аспан астында жатқан сынықтарды үйге әкеліп, өзімше зерттеп жүрдім. Шиелі мен Сығанақтың арасы 22 шақырым болғаны маған өте жақсы болды. Әдеби кітаптарды да өте көп оқыдым ақын-жазушыларға еліктеп те жүрдік. Өлең де жазғаным бар. Бірде Қадыр Мырзалиевтің кітабын оқып отырып, ішінде жақсы адам мен жаман адамды салыстырған өлең бар екен. Сондағы жаман адамның есімі – Асқар. Ашуым келеді. Өлеңдегі Асқар деген жердің бәрін өшіріп орнына «Қадыр» деп өзгертіп қойдым да өлеңнің астына «Қадыр деген жаман, Тоғайдағы қабан» деп екі қатар қосып, балалық ашуды тарқатқаным бар.
Мен ең бірінші дипломды «Балдырғаннан» алдым. Суретті де жақсы салатынмын. Бала болғаннан кейін әр нәрсеге қызыға береді емес пе? 7 сыныптағы олимпиададағы жеңісім маған үлкен бір рух берді, үлкен серпіліс әкелді. Баланың бәрі жақсы, тек талабын танып, жол көрсетіп жіберу керек. Демеп жібергенде алып кететін баладан үлкейгенде жақсы адам шығады. Және арқасынан қағып, жол көрсетушінің де жақсы адам болуы да үлкен маңызға ие.

– Атаңыз 10 жасыңызда қайтыс болса, «шалдың баласы» деген дәрежені толық пайдалана алмаған болдыңыз ғой…

– Неге? 10 жастың өзі аз емес. Баланың қалыптасуына 5-6 жас жетеді. 12 жасымда елден кеттім. Алматыға келгеннен кейін қазіргі №159 мектепте тұрдық. Сабағымыз Қ.Сәтпаев атындағы №56 мектеп өтетін. Математика институты осы екі жерге жақын болды. Сабаққа барғанда қайтқанда Иман ағамызға барып, араласып тұрдым. Тоқтар Нұрекенов, Ұғыбай деген жақсы ағаларымыз болды. Сол кісілерге барып, білмегенімізді сұрап, түрлі есептер шығарып тұратын едік. Иман ағамыз шахматты өте жақсы ойнайтын. Ойнаса түбін түсіретін. Институтқа барғанда бір-екі рет шахмат ойнағанымыз есімде қалыпты.

– Математиктер шахматты жақсы ойнайды дегенді көп естиміз. Шахматты қандай дәрежеде ойнайсыз?

– Ара-тұра ойнап тұрамын. Соншалықты жақсы ойнаймын деп те айта алмаймын. Көп уақытымды ғылымға арнадым да, шахмат ойынына қатты қызықпадым.

– Дарын менен таланттың айырмашылығы неде?

– Дарын жұрттың бәріне беріледі. Талант та адамның бойында табылады. Адамды адам ететін 99 пайыз еңбек. 1 пайыз сәттілік – дұрыс жерде, дұрыс уақытта болған. Мысалы, менің Иман ағамен кездесуім өмірімдегі дұрыс жер, дұрыс уақыт болып тұр ғой. Егер Иман ағамыздың орнында басқа адам болса, кім біледі? Өте сұлу, келбетті кісі болатын. Оның орнына мәужіреген шал келсе, біз одан үлгі боларлық қасиет көрмесек математикаға мүлдем қызықпай кетер ме едік?..
– Оқушылардың мамандық таңдауында бұлақтың көзін ашу қалай болып жатыр? Ата-ананың ықпалынан шыға алмай, бала көңілі қаламайтын мамандық иесі болып жатқан жоқ па?
– Адамның өзіне байланысты. Біз кейде отырып алып, Кеңес Одағын сынағанға құмармыз. Әрине тарих, әдебиет және жалпы гуманитарлық саланы оқытуда идеологиялық жағынан кемшіліктер болды. Алайда, Кеңес Одағы кезінде білім беруге ерекше көңіл бөлді. Оның ішінде осы нақты ғылымдарды оқыту саласында көптеген жақсы жетістіктер болды.
Математиканы өте жақсы оқытты. Елімізде жақсы мектептер қалыптасып, атақты математиктер шықты. Иман ағамыз да өте мықты математик болатын, сонымен қатар, өте қарапайым адам болды. Егер қызмет қуған болса талай жерге баратын еді. Қарапайым қалпында жүре берді.

– Адам өз-өзін жетілдіріп, мақсатына жетіп, қиындықтарды жеңу қандай принціптерді негізге алған дұрыс?

– Өз ісіңе, еңбегіңе адал бол! Өз кәсібіңе адал бол! Өзі кәсібіңе адал болсаң, барлығы шетінен өз-өзімен келе береді. Өзің қалаған сала бойынша еңбек етсең, өз-өзіңді әрдайым жетілдіріп отырсаң, бәрін де үйреніп алуға болады. Ешкім аспаннан түспейді және ешкім бәрін біліп тумайды.
Алматыда 3 жыл кейін Мәскеуде 8 жыл оқыдым. Оқуда, кейіннен жұмыс істеп жүргенде де еврейлермен көп араластым. Олардан көп нәрсе үйрендім. Білмеген нәрсені білетін адамнан сұрап алудан ешуақытта ұялмауды үйрендім. Білмейтін беймәлім дүниені білуге талпынудан арлануға болмайды. Ешкім бәрін білмейді. Бүкіл кітапты оқып, біліп алу мүмкін емес. Білетін кісі көрсеңіз барып сұрап алудан шектеліп қалмау керек. Сұрап алғанның еш айыбы жоқ.
Абай білімге құштарлық турасында:
«Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз…
…Ақсақал айтты, бай айтты,
Ақылменен жеңсеңіз» демеді ме?

– Өмірде жақсы жетістікке жеткендер аз, ұйықтауға қалыптасқандар дейді. Осыған деген пікіріңіз қандай?

– «Аз ұйықтап, көп жетістікке жетті» деген бос сөз. 50 жастан асқаннан кейін адамның ұйқысы қаша бастайтыны рас. Өз басым күніне 5-6 сағат ұйықтаймын. Және шомылғанды жақсы көремін, бассейнге барып келгеннен кейін ұйықтап аламын. Ғылыммен айналысқанда немесе жалпы өмірде адам әруақытта сергек болғаны дұрыс.

– Қазіргі кезде біздің қоғамда суицид індетке айналды. Адамдарымыздың рухани күйзеліске ұшыруына не себеп болып жатыр? Рухани мықты болу үшін қандай ақыл айтар едіңіз?

«Абайды оқу керек! Абайды оқу керек!» деп бір-ақ сөзбен жауап беремін.
Абай айтады:
«Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме…»
Бір қайғыны ойласаң, екінші дүниең де жақсы нәтижеге жеткізбейді. Сондықтан қандай нәрсе болмасын жақсы нәтиже күту керек. Мәселен, АҚШ-та: «Қалың қалай?» – деп жымиып тұрады. Қоғам солай қалыптасқан. Егер сіз «басым ауырып, көңіл-күйім болмай тұр» десеңіз, ешкім амандаспайды. Ішіңде ит өліп жатса да, жасыра білу керек. Бүгінгі қиындықты сынақ деп ертеңгі болатын жақсылықты толығымен жинап алуға дайын болыңыз. Қандай жаманшылықтан да, жақсылық көріңіз. Осылай еткен адамның ісі сөзсіз оңға басады. Қиындыққа тап болсаңыз, соңы жеңіл болатынын, адамзат баласы жаратылғаннан қалыптасқан «қайғы – қайғы тудырады, жақсылық – жақсылыққа жол ашады» теория негізінде түсініңіз.

– Ақша ақша тудырады дегендей ғой иә…

«Ақша ақшаны тудырады» деген де сөз бар. Бірақ бұл шартты ұғым ғана. Дүниенің бәрін ақшамен есептеуге болмайды. Бәрін ақшамен шешемін деу бос әңгіме.

– Өмірден өз орныңды табу деген бар. Сіздіңше бұл қандай ұғым? Ол қандай қағидаға негізделуі шарт?

– «Өмірден өз орныңды табу» деген сөз шетелден келген. Бұл сұраққа бір досымды мысалға кетіріп жауап берейін. Жасы алпыста. Әлі үйленбеген. Кітапты көп оқиды. «Өмірден өз орнымды іздеп жүрмін» дейді. Мен оған: «Жасың болса алпысқа келді, тым болмаса үйленіп бір тірлік бітір» деймін. Сондықтан бұл сөздің, ұғымның негізінде белгілі уақытқа дейін қиялдауға болады. Жиырма бес жастан асқаннан кейін нақты іспен айналысып пайда табуды, айналаңа пайда әкелуге тырысу керек.
Тағы да Абайға жүгінер болсақ, «Есектің артын жусаң да мал тап» Ойлап қарасаң, қазіргі капиталистік заманда осыдан асқан керемет сөз жоқ. Бұған алып-қосар ештеңе жоқ.

– Кітапты көп оқитын адамдардың арасында кез келген бір мәселе жайлы анау кітапта бұл туралы былай деген, мына кітапта басқаша жазылған деп айтыса жөнеледі. Ал бірақ, жеке өмірде жеткен жетістігі аз, тіпті жоқ та болып жатады. Мұны қалай түсінуге болады?

– Кітапты көп оқудың қажеті жоқ. Мүлдем оқыма да демеймін. Нені оқу керектігін білу керек. Жұмыс істеген кезде көзін тауып істесең, ісің тындырымды және нәтижелі болады. Дәл солай кітапты оқығанда да өміріңе, кәсібіңді дамытуға қажетті кітапты тауып оқу керек. Өзіңе пайда әкелетін нәрселерді оқу керек. Оқитын болсаң, не көп кітап көп. Оның бәрін оқып ақылды болып кетуің де екі талай. Қазір сіз бен біз өмір сүріп отырған кезең кітапқа қарағанда әлдеқайда қызықты. Адамдармен сөйлессең, пікір алмассаң, неше түрлі қызықты әңгімелердің шетін шығарып тастайды. Мен өзім үш университетте сабақ беремін, студенттермен араласамын. Олармен аралассаң, өзіңді ылғи жас сезініп жүресің. Студенттердің арасында неше түрлі жақсы, ақылды, қу сұрақтар қоятындар болады.
Кітап мәселесінде өзіңе керекті нәрсені бірінші оқу керек. Біреулер «Достоевскийді оқимын» дейді. Достоевскийді оқитын кезең болады. 5-6 сынып оқушысына оны оқудың керегі жоқ. Өйткені миы айналып, психологиясы бұзылып кетуі мүмкін. Бірақ Достоевскийді әрбір адам міндетті түрде оқуы керек. Себебі – ұлы жазушы. Мен мойындайтын екінің бірі. Бірінші – Абай!

– Мысалы бір тарихи оқиға төңірегінде жазылған бес-алты кітап болса, соның қайсысын таңдаған дұрыс? Жұрт мақтағанын ба?

– Тарихи оқиға деп қалдыңыз ба? Біріншіден, сондай оқиға болған ба, жоқ па? Қазақта не көп аңыз көп. Бір аңызды естіген адам оны екінші ауылда өзінше айта береді. Оны математикада геометриялық прогресс дейді. Осылай аңыздан-аңыз, өтіріктен-өтірік туып кете береді. Қазақ соған үйреніп қалған. Қазаққа шындық айтып түзелгеннен өтірік айтып, құтылған жақсы. Ата-бабасын мақтап, өзін мақтап қойсаң, марқайып мәз болып, соған сеніп жүре береді. Бұл жанр.
Қазіргі біздің тойлар да осы жанрға негізделіп алған. Мәселен, мен шақырған он тойдың біреуіне, не екеуіне ғана барамын. Өйткені жанры маған мүлдем келмейді. Халықтың алдына шығарып сөз берген соң, той иесін мақтауың керек. Мақтап сөйлеу, қолпаштап сөйлеу маған қол болатын жанр емес. Екінші тойға барғаннан кейін көңіл көтеріп қайту керек, өлең айтуың керек, би билеу тағы бар. Осылардың біреуін істемесең: тойға не үшін барасың? Барлық жағдайда өзіңнің бағдаршамың болуы керек. Қызыл түсінде тоқтап, жасыл түсінде жүру дегендей. Егер сен қызыл түсінде жүріп кетсең, далақпайсың, дарақысың. Ал, қазіргі қазақ халқының соңғы кездегі тірлігінің 90 пайызы далақпайлық.

– Жастарға айтар ақыл-кеңесіңізді әлгінде айтқан бағдаршам арқылы жеткізсеңіз.

– Бағдаршамның үш-ақ түсі бар. Қызыл, сары, жасыл. Өмірде осы түстерді тым көп ауыстыра берудің қажеті жоқ. Себебі, хамелеон боласың. Өмірдің бәрін осы түске келтіру де мүмкін емес. Бірақ, өмірде мына нәрсе болады, мынау болмайды дегенді білу – әр адамның міндеті. Мұсылмандықты ұмытпауың керек. Қазақ екеніңді мақтан тұтуың керек. Бала-шағаңды асырау үшін нан тап, бірақ әдептен озып, ата-бабаларымыз қалыптастырған салт-дәстүрден аттап өтпе! Моралдық-этикалық нормаларды білу шарт. Ал, қай жаста қай түске ауыстыру адамның қалыптасуына және өзіне байланысты. Білімді адам көп қателік жібермейді, ал тәжірбие жинау үшін ғана ондап-жиырмалап қате жасаудың қажеті неге керек?

Ақылдылық әр істің көзін таба білу деген сөз. Байыбына барсақ, барлық істі жолға қою, көзін табу – нағыз ғылым. Өзіңе сеніп тірлік жасауың керек. Қазақта не көп мақал көп. Абайдың өзі қазақтың мақал-мәтелдерінің жартысынан астамын сынап, мардымсыз мағына мен өтірікке үндегендерін тіпті іске алғысыз деп таныған. Дегенмен олардың ішінде білімді, ақылды болуға шақыратын мақалдар жетеді, ал оның қаншалықты сізге бағдаршам болатыны тек өзіңізге байланысты.

– Көп жағдайда Абайға жүгінетініңізді байқап отырмыз. Абай мұрасы туралы ойыңыз?

– Абай – менің ең басты үлгі тұтарым. Ол арнайы оқу бітірмеген, профессор, академик атағын алмаған, кітабым бәленбай мың тиражда болсын демеген.
Қаншама уақыт өткен сайын ұлы ақын, дана да, дара тұлғамыздың өлеңдері, ойлары өміршең, мәңгілік екеніне көзіміз жетіп отыр. Оның әрбір сөзі өткенімізбен, бүгінгі күнімізбен үндесіп жатыр, ертеңімізде де тура солай болары анық. Абай – ұшан-теңіз ақыл-ойымен бүкіл адамзаттың санасына әсер еткен әлемдік тұлға. Сондықтан бүгінгі жастарға «Абайды оқыңдар! Ақын мұрасын жүрекпен түсініңдер!» деп айтар едім.

– Жастар болашақ мамандығын таңдауда ата-анасының ықпалында ғана қалып қойып жатқан жоқ па? Бала журналистиканы яки, математиканы қалауы мүмкін. Ал, ата-анасы оны заңгерлікке оқуға түсіреді.

– Заңгерлік деген де қасиетті мамандық. Сен маман ретінде сол салаға қаншалықты адалдық танытасың – соншалықты бағаланасың. Ылғи ата-ананы тыңдап отыра бер демеймін. Қарап отырсақ, дүниеде өз саласында революция жасағандардың барлығы – ата-анасының ықпалынсыз жұмыс істегендер. Мысалы Стиб Джобс әкесі жоқ адам. Бірінші әкесі, одан кейін шешесі тастап кетіп, кейін біреудің қолында өскен бала. Билл Гейтсті алып қарасаң, ол университет бітірмеген адам. Бірақ бұлар ғылымға, дүниеге үлкен өзгеріс әкелген адамдар. Менің ұстанымым – жалпы бала бір нәрсе жасаймын деп тұрса бетінен қақпау. Алғышарты дұрыс болса, кейінгі жолы да дұрыс болады. Қайсы пәнді қалай оқуды оны баланың өз еркіне қалдыру керек. Оған тек алғашқы капитал беріп, жақсы мен жаманның не екенін жақсылап түсіндіріп отыру ата-ананың міндеті.
– Рахмет!

Сұқбаттасқан
Еркінбек СЕРІКБАЙ.
(«Уақыт» газеті №2 (221).