«Әкімдердің айтқанына бас шұлғи беретін заман өтіп кетті»
«Біздің сұхбат» айдарының бүгінгі кейіпкері – Төреайым СҰЛТАНОВА. №11 сайлау округіне қарасты шағынаудандар тұрғындарының аманатын арқалаған Шымкент қалалық мәслихатының депутаты. Фармацевтика факультетінің түлегі бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр. Әрі ғалым, әрі кәсіпкер, әрі саясаткер. Айналасын өзіне баурай тартып тұратын һәм адам баласын жатырқамайтын ашық-жарқын мінезге ие жанмен арадағы сұхбатымызды былайша өрбіттік.
– Төреайым Жолдыбайқызы, сансыз баптар мекені Сайрам ауданының тумасы екеніңізді білуші едік. Анаңыз бидің қызы болған деседі. Қыз баласына сиректеу қойылатын есіміңізді де анаңыз ырымдап қойған екен…
– Мен зиялылар шаңырағында дүниеге келдім: әкем – соғыстан оралған соң Сайрам аудандық партия комитетінде еңбек еткен кісі, анам – Түлкібастың тумасы, өзіңіз айтқандай, Байтілеу деген бидің қызы-тын. Қолаң шашын қос бұрым етіп өріп жүретін өте сұлу жан еді. Сексен төрт жасқа келіп дүниеден қайтты, аяғына бірде-бір рет кебіс-мәсі кигенін көрген емеспіз, туфлимен жүретін. Кішкене айнасы болатын, «Нивеа» деген кремді сонау Мәскеуден тапсырыспен алдыртып, өз-өзіне керемет күтім жасайтын. Анам араб тілін жап-жақсы меңгерген кісі еді. Том-том «Манас» жырын жатқа айтатындай есте сақтау қабілеті бар-тын. Әлі есімде, бірде анам мені жанына ертіп, Түлкібас ауданының Машат ауылына барғанда, сол елдің ақсақалдары орындарынан тұрып «Бидің қызы келе жатыр…» алдынан шығып сәлем берген. «Бидің қызы деген атқа лайық болсын» деген шығар, анамыз көрген-түйгені мол жан еді. Талай жұрттың ақыл сұрап келгенін көргенбіз. Дауысы керемет, құйқылжытып ән салатын. Ұрпақ тәрбиесі хақында сөз қозғаған бірқатар кітаптарын бізге мұра етіп қалдырды.
Бір әке-шешеден жеті перзентпіз: 6 қыз, 1 ұл. Мен – ең кенжесімін. Менің алдымдағы әпкем екеуіміздің арамыз – он жас. «Ұл туылар ма екен» деген үмітпен анам он жыл үзіліс жасап, мені дүниеге әкеліпті. Сонда ағам есіктің алдында күтіп тұрып «Кім келді дүниеге?» деп тағатсыздана сұрағанда, «Қыз» деген жауапты естіп, көңілі жабырқап, қолын бір-ақ сілтеп, сыртқа шығып кетіпті. Ағам ара-тұра осы сәтті еске алып «Ұл туылады деп сені сонша күткенімде, қыз болдың. Бірақ мінез-құлқың ұлға лайықты. Ойыңдағыны жүзеге асырмай, тынбайсың. Бірбеткейсің. Уәде берсең, соны орындайсың…» дегенді ылғи айтады. Үйдің кішісі болғандықтан, келін түсіріп, қыз ұзатып, немере сүйіп отырғаныммен, сол аға-әпкелеріме арқа сүйеймін. Қамқорлығын аяған емес. Араға біраз уақыт салып дүние есігін ашқандықтан ба, ата-анамнан бастап үлкендердің барлығы мені айналып-толғанып, маңайымнан ұзамайды екен. Шешем секілді мен де бір ұл, бір қыздан кейін он жыл үзіліс жасап, кенже ұлымды босандым. Сонда байқағаным, ол сәби шаңырақтың бірлігін бұрынғыдан да бетер нығайта түседі екен. Әншейінде жұмысы қауырт боп жүретін жолдасым да өбектеп, бөбектің қасынан шықпайды. Міне, мен де осы тәріздес әлпештеумен, махаббатпен өстім.
– Әкеңіз партия қатарында болғандықтан, Сізді де өз ізімен жүргізуді қалаған ұқсайды. «Тарихшы бола жаздаған фармацевт» дейді Сізді білетіндер.
– Мен мектеп бітірген жылдары Шымкент педагогикалық институтындағы тарих факультеті ең элиталы факультет саналатын. «Тарих» мамандығында білім алғандар саясатқа, ел басқару ісіне араласатын. Үйдегілер де ақылдаса келе, менің құжаттарымды соған тапсыруға бекінді. Алайда мектеп қабырғасында-ақ жұбымыз жазылмайтын екі құрбым үшеуіміз «Мединститутқа оқуға түсеміз» деп армандайтынбыз. Оның үстіне үлкен әпкем дәріхана саласында еңбек етті. Ол кісінің өмірлік жолдасы да Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген, фармацевтика ғылымдарының кандидаты. Көп жылдар дәріханалар қызметін бақылайтын басқармада жұмыс істеді. Мамандық таңдауыма, сірә, сол кісілер де себепші болса керек. Үлкендерге қарап бой түзейміз ғой. Райымнан қайтпадым. Ол кезде Алматы мемлекеттік медицина институтының Шымкенттегі филиалының ашылғанына екінші жылға аяқ басқан. Жалпы, әкеміздің «Қыз болсын, ұл болсын, жоғары білім алуы керек» деген ұстанамы болатын. Таңдауыма түсіністікпен қараған соң, нартәуекелге бел байлап, фармацевтика факультетіне құжат тапсырып, өз күшіммен оқуға қабылдандым. Әрине, 5 жылға созылған оқу оңай болған жоқ. Институттың 3 оқу корпусы болушы еді, қаланың үш жерінде орналасқан осы ғимараттардың арасында жүріп күннің қалай батқанын да аңғармай қалатынбыз. Оның үстіне фармацевтикада қазақ бөлімі жоқ. Орысша оқимыз. Оқу материалдарын жаттауға тура келеді. Қысқасы, бейімделіп кетудің өзі ауыр соқты. Сондай кездерде «Қап, медицина институтына бекер түсіппін-ау…» деген ойлар қылаң береді. Пединституттың студенттеріндей емін-еркін жүруге, серуен құруға уақыт тапшы. Әйткенмен қанша қиналсам да, оқу орнын абыройлы тәмамдап шықтым. Бұдан соң тұрмыс құрдым. Аудандық орталық дәріханаға жұмысқа орналастым. Кейбір дәрі-дәрмектерге аллергиям пайда болғандықтан, №1 Шымкент қалалық емханасында дәрігер-информатор болып еңбек еттім. Мұны қазіргі таңда дәрігер-клиницист деп атайды. Міндетім – дәрі-дәрмектердің адам ағзасына қалай әсер ететінін, жанама әсерлері бар ма, жоқ па, қай дәрілер бірін-бірі толықтырады немесе қарама-қайшы, міне, осы мәселелерді дәрігерлерге түсіндіріп, қадағалап отыру. Дегенмен мединституттан түбегейлі қол үзіп кетпедім, ғылым саласында бағымды сынап көру үшін қайта айналып соғып, күндізгі бөлімдегі аспирантураға түстім. Үш жылда диссертациямды жазып бітіріп, фармацевтика ғылымдарының кандидаты атандым. Доцент атағын алдым. Бәлкім, өмірдің ағымы болар, докторлық диссертация жазуға кіріскелі жүргенімде, коммерцияға бет бұрдым. Бұл инфляция белең алып, дәрі-дәрмектердің бағасы өсіп, жаппай жекешелендіру процесі жүріп жатқан кез-тін. Бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды, емханадан шыққан адам дәрі іздеп қаланың бір шетіне сабылып, әуре-сарсаңға түседі. Сондықтан емхананың қасынан дәріхана ашу мәселесін алғашқылардың бірі болып көтеріп, қоғамдық ұйым құрдық. Осы орайда халыққа қолайлы жағдай туғызу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне түрлі ұсыныстар жасадық. Міне, осындай мақсаттарды көздеп біршама жұмыс атқардық. Былай қарасақ, шаруамыз да әжептәуір дөңгеленіп жатыр. Тынымсыз еңбектің нәтижесі шығар, Шымкентте бөлшек саудамен айналысатын 6-7 дәріхана аштық, 4-5 фирма құрдық. Мен бұрын 4-шағынауданда ұзақ жылдар бойына тұрғанмын. Мұнда ешқандай емхана не дәріхана жоқ. Халық орталық емханаға қарай ағылады. Онда кезегіңізді 4-5 ай күтесіз. Өйткені емхана өзіне тиесілі аумақтағы тұрғындарды толық қамтуға қауқарсыз, халық саны тиісті нормадан 3 есеге дейін көбейіп кеткен, дәрігерлер жетіспейді. Осындағы қариялардың талап-тілегінен ылғи құлағдар боп жүретіндіктен, бір жылға жуықтап қалды, «Ай нұры» деп аталатын медициналық орталық салып, қала тұрғындарына қызмет көрсетудеміз. Жұртшылық дән риза: зәулім ғимарат, білікті дәрігерлер, құрал-жабдықтарымыздың барлығы соңғы үлгіде.
– Демек, Сіздің бизнесіңіз негізінен медицинамен тығыз байланысты ғой?
– Қазақ «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демеуші ме еді?! Ұзақ жылдан бері осы салада тер төгіп жүргендіктен, ұңғыл-шұңғылы алақандағыдай айқын. Әркім өзінің білетін ісімен шұғылдану керек қой.
Әлбетте, оңай жерде нан жоқ. Бастапқыда қиыншылықтар өте көп болды. Мойымадық бірақ. Алға жылжи бердік. Орындалмайтын арман жоқ. Армандадық, енді соларға біртіндеп қол жеткізіп жатырмыз. Одан кейін тек жақсы сөйлеу керек. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Ең бастысы, адамның ойы, пиғылы таза болса, алмайтын қамалы, шықпайтын биігі қалмайды.
– Бизнесіңіздің өркендеу барысы қалай?
– Бізде бір орында тұру деген жоқ. Бизнестің өрісін кеңейтіп жатырмыз. Дәке, стерильді және стерильденбеген бинттер, мақта және «Паннувладин» атты фитопрепарат шығарып жатырмыз. Одан бөлек, медициналық құрал-жабдықтар өндірісіне кіріспек ниеттеміз. Қазіргі таңда бұл істің қаншалықты рентабельді екенін есептеудеміз. Сондай-ақ 5 қабаттан тұратын емхана құрылысын жүргізудеміз. Инсульт, инфаркт алғаннан кейін науқасты оңалту орталығын аштық. Отандық өндірісті ұлғайтып, жұмыс орнын көбейтсек, елімізді тек жақсы қырынан танытсақ деген талпыныстарымыз бар. Алыс-жақын шетелдік компаниялармен қоян-қолтық жұмыс істейміз, қазір «Қазақстаннанбыз» дегенді ауыз толтырып айтып жүрміз.
– Кандидаттық диссертация қорғап, ғылымда да едәуір жетістікке жетіпсіз. Одан біржолата қол үздіңіз бе?
– Ат құйрығын шорт кестім деп айта алмаймын. Бос уақыт табылып жатса, ара-арасында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясына барып, лекциялар оқып тұрамын. Бірқатар мамандар бірлесе отырып, жоғарыда айтқанымдай, «Паннувладин» деп аталатын препаратты ойлап таптық. Бүгінде оның өндірісін жолға қойып, халықтың алғысын иеленіп жатырмыз. Дәрілік шөп гепатопротектор ретінде адамның ағзасын қалпына келтіреді, зат алмасуды реттейді, бауырдың функциясын жақсартады. Сондықтан осыны негізге алып, докторлық диссертация қорғау оншалықты қиын да емес. Әйткенмен «сабақты ине сәтімен» демекші, ыңғайлы уақыты келер деген ойда жүрмін.
– «Төреайым Сұлтанова» деген есім бұрын ғылыми ортаға, кейінірек бизнес әлеміне ғана белгілі еді. Биылғы қаңтар айындағы мәслихат сайлауына түсіп, депутаттық мандатты иемденгелі, саясаткерлік қырыңыз ашылып, халыққа одан сайын жақындай түстіңіз десек, артық айтқандық болмас.
– Шымкент қалалық мәслихаты сайлауында мен өзін-өзі ұсынған үміткер ретінде тіркелдім. Бір сайлау округінен 7 адам саяси додаға түстік. Арасында әйелдер де, «менмін» деген ер азаматтар да болды. Құдайдың берген абыройы шығар, электорат маған сенім білдірді. Депутаттық мандат – үлкен жауапкершілік. Сайлауалды бағдарламамды таныстыру үшін халықтың алдына шыққанда, өзгелер секілді ұн, ақша, актив бірліктерін таратып, алдарқатқан жоқпын. «Әйелдер отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның дамуына да хал-қадерінше өз үлесін қосса екен» деген ой мені сайлауға түсуге жетеледі. Алла нәсіп етсе, халыққа берген уәдемді орындаймын. Рас, кәсіпкер болғандықтан, жұмыс ауқымы өте кең. Сол себепті әлеуметпен тығыз байланыс жасау үшін ресми түрде екі сенімді өкілімді бекіттім. Әр аптаның сәрсенбісінде сағат 15:00-ден 18:00-ге дейін сайлаушыларымды қабылдаймын. №11 сайлау округіне «Нұрсәт», «Төменгі Отырар», «Жоғарғы Отырар», «Айқап» шағынаудандары, Көмекбаев пен Ахметбаев көшелері кіреді. Сондағы тұрғындардың қандай проблемасы барын, неге зәру екенін хаттамаға түсіріп алғанбыз. Соларды сараптап, қала әкімдігінің алдына ұсындық. Құдайға шүкір, жол салынып жатыр, қоғамдық көліктердің мәселесі де шешілуге таяу. Кейбір электр трансформаторларына жекелеген адамдар қожайындық етуі салдарынан жарық бағасының екі еселеніп, қарапайым жұрттың қалтасы қағылуына да тоқтам салмақпыз. «Айқап» шағынауданының кей көшелері жарықтандырылмаған. Сол мәселеге күш салудамыз. «Әйел адамның қолынан не келеді?! Бекер сайлаппыз ғой…» деп айтпайтындай тірлік істесем деп, аз-маз уақыттың ішінде біраз шаруаны еңсердік. Сайлау кампаниясында халыққа берген уәдемнің 70 пайызын орындадым десем, қателеспеймін. Халыққа, елге қызмет ететіндей жағдайға келдім ғой деп есептеймін.
– Биылғы сайлау науқанының өте қызу әрі тартысты өткенін байқадық. «Нұр Отан» партиясына мүше еместігіңіз аяққа тұсау салған жоқ па?
– Сайлау болған жерде қара пиар да, лас технология да орын алатыны сөзсіз. Қай партиядан екенін айтпай-ақ қояйын, «№11 сайлау округінен депутат болып сайлануы тиіс» деп алдын ала бір үміткер дайындалған да екен… Мен Құдратулла Ерметовпен сотқа дейін бардым. «Бұл да өтер. Алайда сен ер азаматсың ғой… Егер мен осындай (!) тірліктерге барсам, жұртшылық «Әй, әйелдігін жасады ғой…» дер еді. Азаматтық келбетіңді сақтауың керек еді, бұл әрекетің дұрыс болмады» деп бетіне тіке айттым. Әйтсе де «Аққа Құдай жақ» демей ме, түбінде жеңіп шықтым. Мүмкін «Осы әйелдің қолынан не келуші еді?!» деп мұрын шүйірген шығар… Жә, қайтып артқа бұрылып, әңгімені ұзатпай-ақ қояйын. Мұның бәрі пендешілік деп ойлаймын…
– Депутаттықтың дәмі қандай екен?
– Жеңістің дәмі қашанда тәтті болады ғой, бастапқыда сайлауда асығымның алшы тұрғанына қуанып жүрдім. Бірақ қалалық мәслихат депутаты болудың жауапкершілігі орасан екенін білдім. Өйткені дүйім жұрт маған аманатын арқалатты, енді соны орындау, нәтиже шығару оңай емес. Сезіне білген адамға депутаттық мандаттың жүгі өте ауыр. Он бес мың сайлаушым бар. Әншейін өз отбасыңа жауап беріп, соның жүгін арқалап жүрудің өзі қандай?! Басыңды көтеріп жүру үшін, халықтың арасына барасың, көкейінде жүрген түйткілдерін естисің. Оның бәріне жаның ашып, көмектескің келеді. Жоспар түзесің. Сондықтан мен депутат болып, қарық болып қалдым деп ойламаймын. Сол жауапкершілікті өзім қалап алдым, енді соның үдесінен шығуым керек. Бұрын кәсіпкер ретінде емін-еркін жүруші едім. Бұдан былай көптің қамын күйттеуім қажет. Әркімнің мұрат-мақсаты әрқилы ғой, мен «Осы мандатымды тендер алу үшін, бизнесімді өркендету үшін пайдаланайын» деген ойдан адамын. Себебі, менің бизнесімнің қала әкімдігіне ешбір байланысы жоқ. Салам басқа. Карьера қуып жүрген де жайым жоқ. Шенқұмар адам болсам, кандидаттық диссертациямды қорғағаннан кейін Қарағандыға «кафедраны басқарасыз, пәтер, қызметтік көлік береміз» деп қызметке шақырғанда, әлдеқашан кетіп қалар едім. Жолдасымның «Бала-шағамыз жас, олардың тәрбиесімен айналысу керек. Оның үстіне туған-туысқандарымыз осында» деген соң, отағасының көңілі мен отбасының жағдайына қарайлап, біраз қызметтен бас тартып, шегіншектеп жүрдім. Ал, бүгінгі таңда перзенттерімнің бәрі өсті, аяқтанды. Енді ел үшін неге қызмет жасамасқа?!
– Қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруды естен шығармайтын боларсыз?
– Бизнеспен айналысып жүргендіктен, депутат болып сайланғанға дейін де жыл сайын 2-3 рет қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып тұратынмын. Интернаттарға, психоневрологиялық ауруларға шалдыққандарды емдейтін мекемелерге, қарттар үйіне өз тарапымыздан тұрақты түрде демеушілік жасауды ұмыт қалдырған емеспіз. Ал, депутаттық мандатты иеленгеннен кейін бұл реттегі жұмыстарымыз екі есеге артты. Жеңіс мерекесі қарсаңында соғыс және тыл ардагерлерінің басын қосып, дастарқан жайдық. Оларды барлық мейрамдарда назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Ауған соғысының ардагерлеріне дәрі-дәрмек жағынан көмектесіп жатырмыз. Олардың рахметі ретінде орденін алдық. Сондай-ақ мүгедек балаларды жарыстарға жіберу мен квота ашып беруді, еңбек ардагерлеріне демалыс орындарына жолдама әперуді жоспарлы түрде жүзеге асырудамыз. Түрлі мұң-мұқтажын айтып, алдыма қаншама адам келеді. Шама-шарқымша қол ұшын созуға тырысамын. Меселін қайтарғым келмейді. Менің алдымнан ешкім ренжіп шықпаса деймін.
Сөз орайы келгенде айта өтейін, елдің алдында жүрген кісілер болғандықтан, әке-шешемнің зиратына сәулетті кесене орнаттым. Енді сол кіндік қаным тамған Сайрам ауданындағы Құрманбек Жандарбеков ауылында ізгі ниетпен мешіт соққалы жатырмын. Әзірге іргетасын құйып біттік. Халық имандылыққа бет бұрып, осында келіп Аллаға сыйынса, қариялар бас қосып, жас ұрпаққа насихат айтса, ой-өрісі тазарар деп ойлаймын.
Бұдан бөлек қазіргі таңда балабақшалар жетіспейді. Соған да мойын бұрсақ деген мақсат бар. Шалғай елдімекендегі тұрғындардан «Дәріхана салып берсеңіздер» деген өтініштер түседі.
Құдайға мың да бір шүкір, қарамағымызда 150-200-дей адам жұмыс істеп жүр. Мақтанғаным емес, әр уақытта да халықтың, қарамағымдағылардың жағдайын жасауға тырысамын. Тек баюды, қарақан басымның қамын ойлаған адам емеспін. Айналамдағылардың әл-ауқаты жақсы болса, тым болмағанда, оның үйіне барғанда, ұялмай шай ішесің. Фармацевтика саласында еңбек ететіндіктен, қалың бұқараның жағдайы жақсы болса, біздің де жұмысымыз ілгерілейді. Кейде біраз тірліктерді жеңілдіктермен, тіпті тегін-ақ атқарған кездеріміз болды.
– Шымкент қалалық мәслихатындағы депутаттар қаншалықты тегеурінді? Мақсат-мүдделеріңіз бір арнада жиі тоғыса ма?
– Біздің ауызбіршілігіміз өте мықты. Бұл ретте дұрыс саясат жүргізіп отырған мәслихат хатшысы Нұрлан Бекназаровтың да өз үлесі жоқ емес. Әріптестер арасында бір-бірімізге деген пейіліміз де, көңіліміз де, сәлеміміз де түзу. Сөзімізді жергілікті атқарушы органға өткізе аламыз. Билікпен бірлесіп, көп іс тындырып жатырмыз. Әкімдердің айтқанына бас шұлғып, үндемей, күмілжіп, «Жарайды» деп шығып кететін заман өтіп кетті. Өйткені бұл сайлауда қолынан іс келетін, еңбегі адал, ең таңдаулы үміткерлер ғана халықтың қолдауына ие болып, қалалық мәслихат депутаты атанды. Бір сайлау округінің өзінен ең кемі 6-7 үміткер бақ сынап жатты. Сондықтан елдің ойында жүрген мәселелерді ашық айта аламыз және өз ұстанымымызды қорғай да білеміз.
– Мәслихат депутаттарымен сұхбаттасқанда, айналып өтпейтін дәстүрлі сұрақтарымыз бар. Соның бірі жуырда ғана тағайындалған Шымкент қаласының жаңа әкімі хақында. Көкжиекке әркім өз биігінен көз тігеді ғой. Сіздің көзқарасыңызша, Қайрат Молдасейітов қандай азамат?
– Қайрат Құсейінұлын бұрыннан білетінмін. Өте іскер, кәсіпкер жігіттердің бірі. Ел сыйлайтындай азаматтық қасиеттерге ие. Түркістанды басқарды. Ондағы депутаттар мен ақсақалдардың да бұл кісі жайлы пікірі оң екен. Көптеген игі істерге ұйытқы болыпты. Маған бір ұнайтыны, Қ.Молдасейітов тірлікті кәсіпкерліктен бастаған, кейін мемлекеттік қызметке ауысты. Қалталы, аяғында нық тұрған жігіт. Сол себепті қолын да, арын таза ұстап, халыққа адал қызмет жасайды деп сенемін.
– Қоғамда болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарға байыппен баға беретін жастасыз. Бүгінгі күні Сізді қандай мәселелер толғандырады?
– Қазақ елінің азаматы ретінде мені дін мәселесі көбірек алаңдатады. Көз көріп, құлақ естімеген небір діни ағымдар пайда болып, көп қандастарымыз солардың жетегінде кетуде. Исламның өзі тарамдалып барады. Жұрттың көзі тая бере, етекті қысқартып, шылым шегіп, ішімдік ішіп, ал, былай шыға бере, хиджап киіп, діндар кейіпке түсіп, көзбояушылықпен өмір сүріп жүрген қыздарымыздың және соларды «мұсылмандығына» тәнті жігіттердің болашағы қатты ойландырады. Өткенде қызық жағдай болды: бір ауылда өскен, ішкі істер саласында пәленбай жыл еңбек еткен ағамызды тойда жолықтырып қалдым. Көптен бері көрмегендіктен, амандық-саулық сұрастық. Ол маған визиткасын берді. Екі-үш күннен кейін әлгі визитка қолыма түсіп қалды. Шымкентте кәрістердің «Сун бок ым» атты ғибадатханасы бар ғой, соның Қызылорда филиалының бастығы Пәленше деп жазылған. Тепсе, темір үзетін, Тәуелсіз еліне еңбек сіңіретін жастағы ағамыздың бізге қайшы келетін діни ағымның басы-қасында жүргеніне қатты қынжылдым.
– Соңғы уақытта «Гендерлік саясат» деген ұғым ең сәнді тақырыпқа айналып отыр. Сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Әрине, мен – гендерлік саясатты қолдаушылардың қатарындамын. Әйелдер еркектерден кем деп айта алмаймын. Неге тепе-тең жүрмеске?! Атам қазақтың «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөзі бар. Сондай-ақ «Әйелдің қырық жаны бар» деген де тектен-тек айтылмаса керек. Рас, ер азаматтарға деген сый-құрметім ерекше. Бірақ «Сен қанша ақылды болсаң да, қолыңнан тірлік келсе де, үйде отырасың. Орның – оттың басы, ошақтың қасы» дейтін ұстанымға қарсымын. Себебі, бүгінгінің әйелдері өздерінің мына қоғамға қажет екенін мойындатып үлгерді. Әйел ешқашан асығыс шешім қабылдамайды, қайсыбір мәселені «өгіз де өлмейтіндей, арба да сынбайтындай» тігісін жатқызып шешуге тырысады.
– Гендерлік саясат туралы емен-жарқын әңгіме айтып жүргеніңізде жұбайыңыздың да үлесі болса керек.
– Жолдасым – өнер адамы. Продюссер, өзінің дыбыс жазу студиясы мен киностудиясы бар. Жорабек Төребайұлына риза болатыным, халқы үшін ештеңесін аямайды. Өнер саласының жұлдызын жарқыратсам деп еңбек етіп жүр. Соңғы жылдары он шақты фильм түсірді, он шақты фильмде актерлік шеберлігін көрсетті. Сергей Бодров пен Гүлшат Омарованың «Шиза» фильмінде өз рөлін сәтті сомдады. «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің лауреаты атанды. Әншілік, сазгерлік қыры да бар. Құдайдың берген таланты шығар, опера айтатын дауысына тәнтімін. Әскери борышын өтеп келген соң, Қазақ химия-технология институтының құрылыс факультетін бітірді. Архитектура саласында, жобалау институтында жұмыс істеді. Спортпен көп айналысты. Егер бір нәрсені үйрену үшін маған бір апта керек болса, ол кісіге бір-ақ күн жеткілікті. Өте зерек. Мың жерден кәсіпкер болып, дүние тапсам да, автокөлік жүргізсем де, жолдасымда ер азамат деп төбеге көтеретін қазақтың келіншегімін.
– Сөз соңында өсіріп отырған перзенттеріңіз жайлы да айта өтсеңіз.
– Ел басқарып жүрген, лауазымды талай азаматтардың ұрпақ тәрбиесіне жете мән бермегендігінен сан соғып қалып жататын жағдайлар ара-тұра кездесетіні ақиқат. Бизнесте жүргеніме 20 жылдан асты, балаларымның тәрбиесімен айналысуды қандай қысылтаяң уақыт болса да, ешқашан бір шетке ысырған адам емеспін. Құдайға шүкір, үлкен ұлым алдымен техникум, соңыра университет бітірді. Содан Бас прокуратурада еңбек етіп, өзінің қабылетін дәлелдеп жүр. Жаман атын есіттірген емес. Отбасылы: екі немерем бар. Қызымды жақында ғана ұзаттым. Өзі үйден ерте кетті. Мектеп жасында-ақ білімін Англияда жалғастырды. Одан «Болашақ» бағдарламасымен де сол жақта оқыды. Бес тілді жетік меңгерген. Шетелдік әріптестерімізбен арадағы келісімшарттардың барлығын қызым дайындайды. Ал, кенже ұлым 13-ке енді келді. Осындағы «Бәйтерек» интеллектуалдық мектебінде оқиды. Жуырда Мәскеуге жарысқа барып, 5 медальді еншілеп қайтты. Тіл-көзден аман болсын, ұл-қыздарымның жетістігіне кәдімгідей марқайып отырамын. «Бала әке-шешеден бір батпан ілгері туады» дейді, сондықтан жақсы тәрбие беріп, соның жемісін көруден артық бақыт жоқ бізге. Біздің бала-шағамыз – бүгінгінің жастары. Еліміздің ертеңі, біздің болашағымыз – солардың қолында. Оларды сана-сезімі жоғары, отансүйгіш, ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеу – бізге парыз. Үлкенге – құрмет, кішігі ізет көрсете алатындай үлгі-өнеге көрсетіп отыруымыз керек. Өзі халқымыздың саны да анау айтқандай көп емес. Бірақ Алланың назарының ауғаны болар, асты мен үсті байлыққа толы ұлан-ғайыр жеріміз бар, қанымыз таза, мінезіміз дархан. Кейде бір-біріміздің қадірімізге жете алмай жатамыз. Қазаққа басқа ұлттарды үлгі еткіміз келеді. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» дейді халық даналығы. Кез келген ұлттың өзіне тән кемшіліктері болады. Сондықтан «Өзіңді-өзің жамандап, жатқа қор боласың» дегенді жадымыздан шығармағанымыз абзал. Бұдан біз ешуақытта ұтылмаймыз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.
-
Сіз не дейсіз?
– Төреайым Сұлтанова Шымкент қалалық мәслихатына жаңадан депутат болып сайланғандықтан, оның бұл ретте қазіргі таңда қандай жұмыстар атқарып жүргендігінен бейхабармын. Жемісін алдағы уақытта көреміз деп сенемін. Ал, кәсіпкер ретінде ол кісіні бұрыннан танимын. Өз ісіне мығым. Бірнеше жылдан бері фармацевтика саласында тер төгіп жүр. Және бейнеті нәтижесіз емес: Бірнеше дәріханалар ашып, қалыптастырып үлгерді. Қонақүйі бар. Қолынан іс келетін азамат. Тіпті, кейбір ер азаматтардан артық жұмыс істеп жүр десем, қателеспеймін. Өзінің еңбегімен ел сыйлайтындай бүгінгі дәрежесіне жетті. Адамгершілігі зор. Дос бола біледі. Жанұясын да білемін. Жолдасы екеуі өте тәрбиелі ұрпақ өсіріп отыр.
-
Сіз не дейсіз?
– Төреайымды студент кезінен өзім тәрбиеледім. Кейін аспирантураға алдым. Менің жетекшілігіммен кандидаттық диссертациясын қорғады. Өзім мақтан тұтатын он шақты шәкіртім болса, соның біреуі – Төреайым Сұлтанова. Іскер келіншек. Адамгершілігі мол. Шын досы үшін, егер керек болса, жүрегін суырып беруге дайын. Ер мінезді. Ғылымның, бизнестің небір қиыншылықтарына кейбір кеуде қаққан жігіттердің өзі төтеп бере алмайды ғой. Ал, ол бәріне шыдап, төзіп, тірліктің көзін тауып, ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге жетіп жүр. Мен соған шын жүрегіммен қуанамын.
-
Сіз не дейсіз?
– Төреайым Жолдыбайқызы – өзгелерге ұқсай бермейтін, ерекше жан. Еті тірі, ширақ. Барлық нәрсеге сергек қарайды. Өмірдің ағасымен емес, соған қарсы жүзгенді ұнатады. Нарықтық экономика талаптарын да көпшілігімізден бұрын түсінген және заман талабына қарай әрекет етіп жүрген қызымыз. Жаңаша ойлай алады. Идеяларға бай. Іскерлік қабілетіне сүйсінемін ылғи. Екінің бірі депутат болып сайлана алмайды. Ол халық қалаулысы деңгейіне көтерілді бүгінде. Сонысына қоса Төреайым – аяулы жар, ардақты ана. Ғылымға да, бизнеске де, саясатқа да, отбасының жағдайына да уақыт табады. Бұл – әркімнің шамасы жете бермейтін қасиет.