ШЫМКЕНТТЕ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР ЭЛЕКТРОНДЫҚ ТӨЛЕМ ЖҮЙЕСІНЕ КӨШЕДІ

306
0

Шымкентте қоғамдық көліктер электрондық төлем жүйесіне көшеді.

Бұл туралы бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен онлайн-брифингте қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді.

– Қаламыздағы қоғамдық көліктерге электрондық төлем жүйесін енгізу жоспарлануда. Жоба «QazSmartTrans» ЖШС жеке инвесторлар есебінен іске асырылады. Ол жүйе биыл демалыс уақытында (жолаушылар ағыны ең төмен кезінде) іске қосылмақ. Бүгінгі таңда, жүйені енгізу үшін 24 көлік компаниясымен шарт жасалды. Қазір автобустарға кабель мен сымдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жеке көлік карталарын шығару үшін, қоғамдық көлікте тегін жүретін әлеуметтік санаттарға жататын азаматтар, жоғары оқу орындарында оқитын студенттер, мектеп және орта арнаулы оқу орындарындағы оқушылар туралы деректер жинақталуда, — деді Мақсұт Пернебайұлы.

Мақсұт Пернебайұлының мәлімдеуінше, электрондық төлем жүйесінің артықшылығы көп, яғни жолаушылар көлік картасымен, SMS, QR-код, смартфонды (NFC) қолдана отырып, жол жүру ақысын төлей алады. Ал тарифті белгілеу мәселесіне келсек, бұл ретте көлік карталары арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде қазіргі қолданатын тарифпен төлейді, ал қолма-қол ақшамен төлеу кезінде тариф жоғары болмақ.

— Бұдан бөлек, аталған жүйені медицина, білім беру жүйелерімен біріктіру арқылы, яғни оқушыларға мектеп асханаларында көлік картасымен төлеу мүмкіндігі берілмек. Ол мектептерге кассалық аппараттар тегін беріледі. Қаламызда карантин енгізілуіне байланысты, тиісті жабдықтарды жеткізу жұмыстары кешіктірілуде. Дегенмен, бұл мәселе таяу уақытта толық шешімін табады, — деді М. Исахов.

Қазіргі таңда жеткізушіге төлемақының 50% төленген. Жабдықтарды жеткізу ағымдағы жылдың 1-мамырынан басталады. Ал 1- маусымнан бастап жоба толық іске қосылмақ.

Шымкент қаласының төтенше жағдай жөніндегі штабы.