АУРУДЫ АНЫҚТАУ ТЫҢ ӘДІСПЕН ЖҮРГІЗІЛЕДІ

727
0

Шымкент қаласындағы онкологиялық орталықта қатерлі ісік ауруын ерте анықтау мақсатында скрининг тексерулері сапалы әрі тың әдіспен жүргізілуде.

Мәселен, жатырдағы ісікті ерте анықтау үшін орталықтағы цито-гистологиялық зертханада науқастан алынған сынама жан-жақты тексеріліп, толық талдаудан өтеді.
Цито-гистологиялық зертханадағы сынамаларды дайындау жұмыстары бірнеше кезеңнен тұрады. Ең алдымен скринингке келген әйелдер емханадағы тексеру кабинетінен өтіп, жатыр мойнынан жағынды алынады. Оны медицина мамандары арнайы контейнерге салып, онкологиялық орталықтағы цито-гистологиялық зертханаға жеткізеді.
Цито-гистологиялық зертханадағы автоматтандырылған аппараттың көмегімен медицина мамандары жағындыны 1,5 сағат ішінде өңдеп, қажет анализді дайындап шығарады.
Цито-гистологиялық зертхананың меңгерушісі Татьяна Тихонова:
– Цитологияны зерттеудің бірінші кезеңінде біз емхана мамандарынан сынамаларды қабылдап, түтіктегі сынамаларды арнайы сериялық нөмірмен рет-ретімен белгілеп шығамыз. Содан кейін түтіктегі материалдарды аппаратқа орналастырып, шайқап шығарамыз. Келесі кезеңде түтікшедегі сұйық затты тағы аппаратқа орналастырып, түтіктің түбіне түскенге дейін дайындалады. Түтіктің түбіне түскен бұл тромб сұйық күйге түсіп, түтік негізгі аппаратқа орналастырылады. Онда компьютердің көмегімен автоматтандырылған бағдарлама арқылы жасушалық материалдарға әйнекке бояу жағу процесі басталады. Белгілі бір уақыттан кейін құрылғы әйнекті өзі бояп шығады. Содан кейін әйнекте боялып шыққан сынаманы микроскоп арқылы көріп, ісіктің бар-жоғын анықтаймыз, -дейді.
Зертхана меңгерушісінің сөзінше, цитологиялық тексеру қатерлі ісік ауруын ғана емес, гинекологиялық патологиядағы барлық ауру түрін ерте сатысында анықтап бере алады.
Айта кетсек, бүгінде Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдар цифрландыру жүйесіне көшті. Зертханалық жұмыстар, дәрігерлердің қызметін бағалау, емдеу әдістері және тағы басқалар, ақпараттық технологиялар негізінде жұмыс істеуде.